Дертке дауа дала өсімдігі
Қазақ даласында өсетін емдік қасиеті бар өсімдіктердің бірі – жусан. Жусанның жұпар иісі жанымызды жадыратып қана қоймай, өзінің киесімен талай дертке дауа болып келеді.
Ежелгі заманнан бері халқымыз үшін орны бөлек жусан еліміздің барлық аймағында өседі. Ғалымдардың есебінше, шөлді жерде де, таулы өңірлерде де өсетін өсімдіктің 81 түрі бар екен. Жусан небәрі 60 сантиметрге дейін көтеріледі. Биіктігі 2 метрге дейін жететін түрін де кездестіруге болады. Жусан өзге өсімдіктер тәрізді тік болып немесе жерге жайылып та өсе береді. Суы аз жерде өсе беретін өсімдік, жер таңдамайды. Оның ерекшелігі – жапырақтарының кезектесіп орналасқандығында және жапырақтарының жиегі тілімделініп келетіндігінде. Гүлдері ұсақ, сары түсті болатындықтан оны шатастыру немесе танымау мүмкін емес. Әдетте, жусан шілде айынан бастап қыркүйекке дейін гүлдей береді.
Елімізде өсетін жусанның түрін дәрілік шөп ретінде пайдаланады. Мәселен, қан кеткен кезде жусан жапырағын таңу арқылы қанды тоқтатуға болады. Жусанда жайылған мал тез семіреді. Оның мал азығы, дәрілік қасиетінен бөлек дәрумен, тағам, құрамында эфир майы мол өсімдік ретінде бағаланады. Атақты Калифорния университетінің ғалымдары жусаннан жасалған дәрілік зат рак ауруына қарсы тұратын қасиетін анықтаған. Киелі өсімдіктен жасалған дәрі өкпе рагын қоздырушы жасушаларының 98 пайызын небәрі 16 сағаттың ішінде жойып жіберген.
Жусанның жұпар иісінің өзі сайын даланы мекендеген халқымызды түрлі аурудан сақтаған деседі ел ауызындағы аңыздар. «Жусансыз жерді от деме, көжесіз елді тоқ деме» деген сөздің өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Ата-бабаларымыз ертеректе құяң ауруымен ауырғандарды жусаннан жасалған тұнбамен емдеген.
– Бұрынғы заманнан бері жусанның қасиетін біліп келген қазақ халқымыз оның қадірін түсінген. Жусанның аңқыған жұпар иісінің өзі көп ауруға ем болатынын біліп оның таза ауасымен тыныстаған. Жусан гүлдеген кезде дәрілік шөп жасау үшін оны жинап, кептіріп алған. Жалпы, біз білетін жусанның бірнеше түрі бар. Мысалы, ақ жусан, ащы жусан, бозжусан, кермек жусан, құм жусан, қызыл жусан т.б. Жусанның улы түрі де кездеседі. Дәрмене деп аталатын жусан сирек кездесетіндіктен ол мемлекеттің қорғауына алынып, «Қызыл кітапқа» енді. Жусанның тұнбасынан жасалған сусын асқазан, ішек ауруларына бірден-бір ем. Адамның тәбетін аштыратын да қасиеті бар. Мысалы, бір нәрсені уайымдаған адам жусанды иіскесе, көңілі сергіп шыға келеді. Жалпы, ауаны тазалайтын, жүйкені тынықтыратын өсімдікті пайдаланудың аясы кең, – дейді биология пәнінің мұғалімі Ақмарал Жақанова.
Иә, расында бойыңызға күш-қуат беретін, иісінен жұпар аңқитын киелі өсімдік қазақтың даласында өседі. Жусанды үйіңізге әкеліп жоғары іліп қойсаңыз, үйдегі тұтынатын заттарды құрт-құмырсқадан қорғайды. Оның ащы иісінен қашатын жәндіктерден құтылудың амалы десеңіз де болады.
Дала өсімдігіне тән құдыреті сонда оның саф ауасымен тыныстауға әркім-ақ құштар. Бұл бойымыздағы қанымызбен бірге сіңген қасиет болса керек. Ұлан байтақ даланың сәнін кіргізіп тұратын, иісі аңқып, тынысыңды ашатын жусан талай ақынның жырына арқау болды. Ақын Сырбай Мәуленов:
Өне бойы иіп тұрған сүт ағын,
Жиып алған бүкіл дүние жұпарын.
Етпетімнен жата қалып таңертең
Мен жусанның ащы иісін жұтамын, – деп жырға қосса, ақын Қалижан Бекхожин «Жусан» атты өлеңінде:
Кімдер сүйсе гүлдерін,
Өзі сүйген өлкенің —
Соларға айтқан бұл менің
Өсиетім, ертегім, – деп қасиетті өсімдікті жырлаған.
Орны мен жөні бөлек жусан ең бастысы адамзатты дерттен сақтайтын дәрілік өсімдік ретінде бағаланып, киелі саналады.
Бибісара ЖАНӘЛІ