Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Раушан өсірген

Раушан өсірген

Гүл өсіру кәсібі әл­ем­­­дегі ең табысты 5 биз­­нестің қатарына кі­реді. Бүгінде оның 250 мың­нан астам түрі бар. Ал гүл өсіруші үшін оны күтіп-баптау ең алдымен кө­ңіл күйге байланысты екен. Бұл туралы кент ор­талығының таза­лығы мен жасыл желе­гіне жауапты Роза Рахым­баева айтып берді.
Қызғалдақтың отаны саналатын Қазақстанда бұл гүлдің тұқымы жойылып кетуі мүмкін. Себебі жер бетіндегі қызғалдақтың сорттары тозып бітті. Енді 30-40 жылы қалған шығар?! Сосын... Сосын қызғалдақ арамшөпке айналады. Дәл осы гүлдің түрін кент орталығының гүлзарына еккен Роза Мәлікқызы 15 жылдан бері гүлдерді баптайды. Алғашында тек бірнеше жылдан кейін жайқалып шығатын қызғалдақтың тұқымын оңтүстіктен әкелген. Дегенмен біздің ауа-райы бұл гүлге қолайсыз болған көрінеді. Гүл бүршік жара алмай өле беріпті. Ал биыл орталық алаңға жаңа раушан гүлінің 5 сорты егіліпті.
– Тереңөзек кентіндегі гүл­дің 10-ға жуық түрі өседі. Оларды күтіп-баптауда біздің үлесіміз зор. Оларда көп жылдық өсімдік және бір жылдық өсімдіктер болып бөлінеді. Біз көбінесе бір жылдық өсімдіктерді отырғызамыз. Олардың түрлерін айта кетер болсам, петуния, каан, георгина секілді гүлдер. Ал қазір маюри, синека, қалыңдық мен шапыранның тұқымдарын сеуіп, баптап жатырмыз. Орталық алаңдағы сахнаның жан-жағын, «Парасат» және «Тағзым» алаңын гүлмен әсем­десек, «Сыр сұлуы» демалыс алаңына 100 түп терек ағашын отырғыздық. Биыл ауы-райы да ерекше болып тұр. Әлі де күн қатты ысымай жатыр. Сондықтан гүл егу маусымын мамыр айында бастадық. Шілде айында біз жайқалған ақ раушандарды көре аламыз. Кез келген гүлдерді 20 градустан жоғары температурада егу қажет. Отырғызылатын гүлдер бізге арнайы касетада дайын болып келеді. Олар жылыжайларда дайындалады. Оның өз технологиясы бар. 10-15 см ара қашықтықта, шахмат ретімен отырғызамыз. Егер аралары жақын болса, гүлдердің демалуына кедергі келеді. Тығыз болған сайын оның тыныс алуы төмендейді. Ал ол болашақта жайқалып шығуы керек. Сол үшін арнайы технологияға сүйенеміз, – дейді Роза Рахымбаева.
Иә, расында да жаз мезгілінің шырайын келтіріп, қоршаған ортаны, табиғатты әсемдейтін гүлдер екені рас. Оларды күтіп-баптау мен қорғап қалу адамзаттың міндеті. Роза Мәлікқызымен бірге кент келбетін көріктендіру үшін 10-ға жуық жұмысшы жұмыс істейді. Олар күн-түн демей еңбек етуде.
–Дала гүлін өсіру дегеніміз жәй ғана дайын дүниені отырғызу емес. Бұл жерде ең басты нәрсе гүл егушінің көңіл күйі маңызды. Көтеріңкі көңіл күймен егілген гүл болашақта жайқалып шығады. Қыздарыма да үнемі өздеріңіз еккен, отырғызған өсімдікке жауапты екендерін айтып отырамын. Уақытылы суарып, тыңайтқыштар беру керектігін ескертемін. Күзде күн суытқан уақытта гүлдеріміз қурай бастағанда жинап аламыз. Ал көпжылдық өсімдіктеріміздің жапырақтарын қиямыз, тамырлары жер астында қалады. Қыста үсіп кетпеу үшін топырақтармен жабуға тура келеді. Олар келесі көктем келгенде өздері шығады. Жерді екі-үш жылда жаңартып отыру керек. Топырақ гүл егілген сайын өзінің құнарын жоғалтуы мүмкін. Сондықтан күзде жерді бір аударып, жаңбырмен суарып, ылғалдандырып қойған дұрыс. Кейін көктемде бұл жер дайын болады, – дейді маман.
Көктем келді дегенше жердің тоңы жібіп, көк көктеп, гүлдер құлпырады. Гүлдердің бір кереметі – адамға ұқсайды. Иә, адам секілді өмір сүреді. Сіз білесіз бе? Әңгіме басында сөз еткен даладағы таза, табиғи жауқазын тек 13 жылдан кейін ғана бүршік жарып, гүлдейді екен. 13-те отау иесі дегенге келіңкірей ме? Сол 13 жасынан тұп-тура 50 жылға дейін гүлдеп, құлпырып тұрады. Сосын, қарт кісі сияқты, семіп, сола бас­тайды. Осындай адам сияқты гүлді адам сияқты қастерлеу керек...

Майя ҚОЖАБАЙ

23 мамыр 2020 ж. 952 0