Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс арқалаған абзал жан

Алғыс арқалаған абзал жан

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ха­лық даналығы. Айналамызда жақ­сы адамдардың болғаны қандай жақсы. Әсі­ресе ауыр­ған, жанына шипа іздеген жан­ның қасынан та­былатын ақ халатты абзал жандардың адал еңбегі ер­лікпен тең.

Аудандық ауруханада 27 жылдан бері медбике болып қызмет етіп келе жатқан Гүлжан Ысмайлова туралы әріптестері мен жақын жуықтары, көрші көлем бәрі-бәрі жылы лебізде. Медбикенің ұзақ жылғы адал еңбегінің арқасында талай науқастың сауығып кетуіне, ем-дом алуына себепкер болып келеді. Осы мақаланың жазылуына ақ халатты абзал жан туралы редакцияға хабарласып, пікір білдірген, ұсыныс айтқан көршілері себепкер болды. Оның ішінде медбикенің бағыт-бағдарымен саламатты өмір салтын ұстанған еңбек ардагерлері де бар.

Қызылорда қаласындағы №171 орта мектепті бітірген жас талапкер жүрек қалауымен медициналық колледжге оқу­ға түсіп, медбике мамандығын алды. Ол алғашқы еңбек жолын 1995 жылы аудан­дық емхананың хирургия кабинетінде медбике болып бастады. 2004 жылдан бері аурухананың хирургия бөлімшесінде үздіксіз өз ісін жалғастырып келеді. Медицина саласындағы ең жүгі ауыр, әрі жа­уап­ты хирургия бөлімшесіндегі тәжірибесі мол медбике осы күні дәрігердің сенімді серігіне айналды.

Медицина күні мерекесі қарсаңында Гүлжан Махмутқызымен жолығып, маман­дығы туралы, сүйікті ісі туралы сұрадық.

– Ақ халатты абзал жан болу үшін адамның жан дүниесі жақсылықтан жаралу керек. Бұл кез келгеннің қолынан келетін іс емес деп ойлаймын. Бала кезімнен жаны жабырқаған адамдарды жұбатып, қолымнан келгенше демеу болып, денсаулықтың қадірін білу туралы көп айтатынмын. Жастайымнан спортқа жақын болып өстім. Гимнастика, каратэ секілді спорттың түрімен айналыс­тым. Салауатты өмір салтын насихаттап, жаны саудың – тәні сау деген қағиданы ұстандым. Қазір сүйікті мамандығымның иесі болғаныма қуанамын. Дертіне шипа іздегендердің алғысын алу, жанына демеу болу – басты мақсатым. Кейде тәулік бойы көз ілмей кезекшілікті атқаруға тура келеді. Осындайда қиыншылықтың бәрін жеңіп, антымызға адалдық танытамыз. Қиын да жауапкершілігі мол мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Қайта адамдардан алған алғыстың арқасында келер күнімізге тың серпінмен, жаңа жігермен кірісуге күш аламыз. Бір адамның қолынан ештеңе келмейді. Ұжым болып атқарған істің нәтижесі оңынан болады. Сондықтан барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Адам жанының арашасы болу жолында тек қана алғыс ала беріңіздер демекпін, – дейді жоғары санатты медбике Гүлжан Ысмайлова.

Гүлжанның кенттегі Т.Қозыбаев тұйы­­­ғын­дағы Ілиясовтар әулетіне келін бол­ғанына да ширек ғасырдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында туған-туысқандармен, көрші-көлемнен тек қана алғыс алған ибалы келін жақсы істің қасынан табылды. Жастайынан спортты жанына серік еткен Гүлжан көшенің қыз-келіншектерінің басын қосып, кешкі уақытта 1-2 сағатты денсаулыққа арнайды. №131 Т.Қозыбаев орта мектебі ауласындағы спорт алаңына қойылған жат­ты­ғу жабдықтарында жаттығу жасап, жаяу жүру, жүгіру секілді спортпен айналысады. Бұл бастаманы көршілес жатқан басқа көше тұрғындары мен еңбек ардагерлері қолдап, күн сайын қатарлары толығуда.

– Адамның денсаулығын жақсарту өз қолында. Күнделікті күйбең тірліктен бір уақыт қолды босатып, кешкі астан соң бір топ қыз-келіншектер осы маңайға жиналамыз. Барлығымыз дене шынықтырып, жаттығу алаңында жаттығу жасаймыз. Салауатты өмір салтын насихаттап, дұрыс тамақтану секілді ақыл-кеңеспен бөлісеміз. Қазір арамызда жасы 75 жастағы Кеңескүл әже бар. Орта жастағы аналар мен жас қыздар да бізді қолдап, қатарымызға қосылды. Бірақ мектеп ауласы күн батса қараңғы болады. Жергілікті әкімшілік осы маңайға жарық орнатса, жаттығуға бөлетін уақытымыз да ұзағырақ болар еді. Әзірге осындай ізгі бастаманы қолға алғанымызға көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ жыл бойы, күн сайын үзбей жалғастырсақ, денсаулықты нығайтып, өмір жасты ұзартуға, ауырмауға мүмкіндік болады деген ойдамын, – дейді айналасын белсенді өмір салтына үйретіп жүрген Гүлжан.

Гүлжанның жақсы ісі мұнымен бітпейді. Ол көше тұрғындарының балтыры сыздап, бір жері ауырса, дәрігердің нұсқаулығымен ем-дом жасауға әзір тұрады және бұл үшін еш уақытта ақы алған емес. «Көрші ақысы, – Тәңір ақысы» дегендей, қолынан келетін істі пұлдамайтын мейірімді медбике уақыт тауып, инесін салып, ем-домын жасау парызым деп біледі. Осындай елгезек, аузын ашса, жүрегі көрініп тұратын медбике туралы көше тұрғындары, ардагер апалар К.Әбілсейітова, А.Байтілеу, М.Абдуайтова, А.Әбілдаева, Л.Палымбетова шынайы риза­шылық білдіреді. Білікті маманның жұмы­сына же­міс тілейді.

Қайбір жылдары әлемді пандемия шар­лаған кезінде тұрғындардың денсау­лығы күрт нашарлағанда барлық күш медицина мамандарына түскені анық. Осындай қиын кезде қолы шипалы ардақты жан күн-түн демей кезекшілікке тұрып, халық денсаулығын жақсартуға белсене атсалыс­ты. Жігерлі медбикенің қажырлы еңбегі әр жылдарда өзінің лайықты бағасын алып, талай мәрте марапат төрінен көрінді. Адал еңбек, маңдай тердің қайтарымы ретінде алғысқа кенеліп, бағалы сыйлықпен марапатталды. Ол «Amanat» партиясының бел­сенді мүшесі болып, қоғамдық жұмыс­тарға да араласып келеді. Түрлі спартакиадаларда алдыңғы шептен көрініп, жүлдегер атанды.

Бүгінде абзал жан – өмірлік серігі Бақты­ғалимен 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған ба­қытты ата-ана. Жұбайы шаруашылықта күріш егеді. Балаларының алды бүгінде азамат болып, ата-анасына Медет есімді немере сүйгізді. Бақытты отбасының отанасы атанған Гүлжан Ысмайлованың алдағы уақытта әлі талай алғысқа кенелетіні сөзсіз. Мақаламызды «Мерекеңіз құтты болсын, ме­йірімді медбике» деп аяқтағымыз келеді.



Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ

18 маусым 2022 ж. 623 0