Мерейлі мейірбике
Шолпан Серікбайқызының маңызы мен жауапкершілігі мол медицина саласында аянбай еңбек етіп жүргеніне биыл 38 жыл. Осынша уақыт ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ол адам денсаулығының баға жетпес байлық екенін айтады.
1965 жылы Аманкелді ауылында дүниеге келген Ш.Ахметова бала күнінен ақ халат киіп, адам жанының жанашыры болуды армандаған. 1980 жылы орта мектепті тәмамдаған соң Қызылорда қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, балалық арманның орындалуы жолында іздене бастаған. Оқу орнын медбике мамандығы бойынша аяқтаған ол туған жерге ат басын бұрып, өз ауылында қызметке орналасқан. Аманкелді ауылдық ауруханасында медбике қызметін абыроймен атқарып жүрген Шолпан Серікбайқызы он саусағынан ем тамып, ауыл тұрындарының алғысына бөленіп келеді.
Мерейі артқан мейірбикенің еңбегі еленіп, әр жылдары арнайы марапаттарға ие болған. Атап айтар болсақ, Сырдария аудандық денсаулық сақтау бөлімінің «Құрмет грамотасымен», 2009 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Алғыс хатымен», 2014 жылы Сырдария аудандық денсаулық сақтау бөлімінің «Құрмет грамотасымен», 2018 жылы Сырдария ауданының 90 жылдығына орай мерекелік медальмен, 2019 жылы Сырдария ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталуы – ақ халатты абзал жанның адал қызметінің нәтижесі.
Шолпан Серікбайқызы қазіргі таңда Аманкелді ауылдық емханасында жалпы тәжірибелі мейірбике болып жұмыс істейді. Өзіне қарасты аймақ тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, әрқайсысының денсаулығына алаңдап жүретін мейірімді мейірбекеге ауыл тұрғындары да ұдайы алғысын жаудырып жатады.
Елдегі соңғы жағдайларға орай, медицина қызметкерлерінің қоғамдағы маңыздылығы арта түскені белгілі. Індет келіп, карантин жарияланып, тұрғындар үйге «тығылғанда», вируспен алдыңғы шепте жүріп күрескен де осы ақ халаттылар болды. Олардың ішінде аманкелділік Шолпан Серікбайқызы да бар. «Ем – екпеде», «Саулық – сақтықта» деп халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізген мейірбикелердің қызметі ақпан айындағы екпе жұмыстарының басталуымен қарқын ала түсті.
– Қазір бірыңғай егу бекетінде жұмыс жүргізудеміз. Бүгінгі таңда аты жаман дерттен біржола құтылу – баршамыздың міндетіміз. Ауыл тұрғындары өздері мен жақындарының денсаулығы үшін ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңыздылығын түсініп, өз еріктерімен екпе салдыруда. Өз кезегінде антқа адал болып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсету біздің адами және қызметтік парызымыз, – дейді Шолпан Серікбайқызы.
Инесімен талай жанның дертіне дауа, еміне шипа сыйлаған мейірбике – қызметінде абыройлы маман болса, отбасында ардақты ана. Жанұясының ұйытқысы Ш.Ахметова отағасымен бірге 4 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде шаңырақтың шаттығына айналған бес немересінің күлкісі асыл әжеге күш-қуат сыйлайды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ