Мейірімділіктің символы
12 мамыр – мейірбикелер күні. Тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп ретте мейірбикелердің жұмысына байланысты екені анық. Медицина қызметкерлерінің басым бөлігі мейірбикелер. Денсаулық сақтау саласының бір бөлшегіне айналған мейірбике қай кезеңде де ең қажетті мамандық болып саналады.
Мейірбикелердің кәсіби мерекесінің тарихы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан басталады. Нақтырақ айтқанда, 1971 жылы әлемнің 141 елінің мейірбикелері өздерінің кәсіби қоғамдық ұйымы саналатын – Мейірбикелердің халықаралық кеңесін құрды. Сол кеңесте аталған мерекені мамырдың 12-де атап өтуге шешім қабылдады. Себебі бұл күн осы қызметтің негізін қалаушы – Флоренс Найтингелдің туған күні. Оның медицина саласында медбикелер қызметінің ашылуына себепші болғаны тарихтан белгілі.
Мейірбикелік қызметпен қатар аталатын денсаулық сақтау жүйесіндегі зертханалық қызмет науқасты емдеуде үлкен маңызға ие. Себебі науқастың денсаулық жағдайы туралы нақты мәлімет алуда зертханалық талдауды жасайтын зертханашының қызметі өте қажет. Зертханашы зертханалық талдау арқылы аурудың сипатын анықтап, нақты диагноз қоюға негіз қалайды.
Аудандағы денсаулық сақтау саласының емхана жанындағы зертхана бөлімшесінде бүгінде бір дәрігер-зертханашы мен сегіз зертханашы қызмет етеді. Сонымен қатар аудандағы жеті ауылдық округте – Аманкелді, Шаған, Ақжарма, Шіркейлі, Қоғалыкөл, Бесарық, Н.Ілиясов елді мекеніндегі емдеу мекемелерінде зертханашылар тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Орталықтандырылған зертханада отыз жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі зертханашылардың қатарында ақ халатты абзал жан – Гүлсім Қайранбаеваның есімі ерекше. Жоғарғы санатты зертханашы өз кәсібінің білікті маманы. Ол жұмысына деген жауапкершілікті, ұқыптылықты, мұқият болуды алдыңғы кезекке қояды. Сондықтан болар оның жасаған зертханалық жұмысында ешқандай кемшілік атаулысы болмайды. Сөзіміздің дәлелі ретінде – зертханада көп жылдан бері Гүлсім Құдайбергенқызымен бірге қызмет атқаратын бөлімше меңгерушісі Сара Ермағанбетованың әріптесі жайлы жылы лебізін айтуға болады.
– Аудандық емхананың зертхана бөлімшесіне өткен жылы жаңадан соңғы технология ВА-200 медициналық құрал-жабдығы алынды. Бұл құрал қан талдауларын дәл, әрі сапалы жасауға мүмкіндік береді. Әрі аппараттың Алматы қаласындағы медициналық емдеу мекемесімен онлайн байланыста болуға мүмкіндігі бар. Біздің жасаған зертханалық жұмысымызды ол жақтан тікелей бақылауға алып, оның нәтижесін көреді. Жаңа технологиямен жұмыс жасауға біздің зертханадан үш маманға сертификат берілді. Соның бірі Гүлсім Қайранбаева болса, екіншісі Айна Тәжібаева. Екі зертханашы осы құрылғы арқылы кейде күніне 100-ге тарта қан талдауларын жасайды. Оның нәтижесі медициналық технологиясы дамыған өзге емхана зертханалары берген нәтижелерімен салыстырғанда ешқандай айырмашылық болмайды. Яғни талдаулар дәл, әрі нақты болады. Сондықтан, науқас кісілер ешқандай күмәнсіз талдау қорытындыларын алып, дәрігерге қаралуына болады, – дейді 25 жылдан бері бөлімшеге жетекшілік етіп келе жатқан дәрігер-зертханашы Сара Мұханбетқалиқызы.
Айта кету керек, жапондық ВА-200 аппараты облыс аудандарының арасында біздің ғана аудандық емхананың зертханасы қол жеткізген жетістік. Осы аппараттың көмегімен биохимиялық анализ жасалады. Ал жалпы зертханада гемотологиялық, жалпы клиникалық, коагулологиялық, имминоферменттік, микробиологиялық, цитологиялық зерттеу, талдау жұмыстары атқарылады. Бұл талдаулар жоғарыда айтылғандай науқас адамның нақты диагнозын анықтауға мүмкіндік береді.
Тәжірибесі мол, өз саласының майталманы Гүлсім Қайранбаева Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келіп, орта білім алғаннан соң Түркістан қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, медбике мамандығын алады. Алғашқы еңбек жолын Жалағаш ауданында учаскелік медбике болудан бастайды. Қиын да, жауапкершілікті қажет ететін қызметте шыңдалған медбике үш жылдан соң медициналық мекемелерде сол жылдары тапшы болған зертханашы мамандықты игереді. Арнайы курстан біліктілігін жетілдірген қызыл дипломды медбике ауылдың азаматы Мұзарап Салхадиновке тұрмысқа шығып, Тереңөзек аудандық ауруханаға қызметке ауысады. 1989 жылдан бері аудандық денсаулық сақтау саласындағы зертхана бөлімшесінде еңбек етіп келе жатқан Гүлсім Құдайбергенқызы 4 баланың анасы. Балаларының үлкені Нұргүл тұрмысқа шығып, немере сүйгізсе, Ақнұр Нұр-Сұлтан қаласында, балабақшада тәрбиеші. Қос ұлдың үлкені Көбейсін Атырауда вахталық әдіспен еңбек етсе, кенже ұл Нұрсұлтан мектептің 9 сыныбында оқиды.
Гүлсім Қайранбаева қызметте тәжірибелі маман, абыройлы жан болса, отбасында сүйікті жар, аяулы ана.
– Әйел адамы үшін ана болудан асқан бақыт жоқ. Әрине, сүйікті мамандығыңның шыңына жету қажырлы еңбекті қажет етеді. Біздің алдымызда алдыңғы толқын аға-апалар еңбек етті. Менің маман болып қалыптасуыма байырғы әріптесім, медицина саласының ардагері Әсия Тәженова себепші болды. Әсия апайдан көп нәрсе үйрендім. Қазір шүкір, соңымыздан жаңа толқын келеді. Лиза Бодыбаева, Жанат Наурызбаева, Айна Тәжібаева және барлық әріптестерім мақтауға лайық жандар. Олар уақытпен санаспай, кез келген уақытта шұғыл қажет болған жағдайда қызметке келуге әзір. Барша ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекемен құттықтаймын, – дейді Гүлсім Құдайбергенқызы.
Біз де дәрігердің сенімді серігі саналатын әлемдегі ең мейірімді мамандық иелерін – медбикелерді төл мерекелерімен құттықтаймыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ