Ардагерлер шипажайда демалды
Ақжарма ауылындағы «Ақжарма және К» фермерлік қожалығының демеушілігімен шаруашылықтың жер үлескерлері болып табылатын ардагерлер «Sairam» емдеу-сауықтыру шипажайында демалып келді. Мұны бізге газетіміздің тұрақты оқырманы Дина Шайымова хабарлады.
Д.Шайымованың айтуынша, ардагерлердің емдеу-сауықтыру шипажайында демалуына байланысты бастаманы шаруашылық төрағасы Қайрат Нұрсейітов ұсынған. Мұны ардагерлер қауымы бірден қолдаған. Сөйтіп арнайы жоспар құрып, ардагерлерге жайлы болуы үшін автокөлік жалдап және жолсерік ретінде адам бекіткен. Шипажаймен де байланыс орнатып, күтіп алушылар мен қызмет көрсетушілерге де нақты тапсырма берілген. Осылайша Бектан Қалиев, Айтбай Әмзеев бастаған жасы үлкен ардагерлер шаруашылық басшысына ақ бата беріп, ауылдан көтеріңкі көңіл-күймен жолға шыққан.
– Халқымызда «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген сөз бар. Сол секілді бейнетіміздің зейнетін көріп, қартайған шағымызда қуанышқа кенелдік. 22 ардагер болып жолға шығып, тоғыз күн бойы шипажайда ем алдық. Әр күніміз жайлы, жақсы өтті. Тамағы да, қызмет көрсету сапасы да көңілімізден шықты. Мұнда сауықтырумен қатар емдеу жұмыстары да қатар жүргізілді. Шаруашылық төрағасына айтар алғысымыз шексіз. Сыр күрішін егіп, ел қамбасын алтын дәнге толтырып жүрген диқандарымыз аман болсын, ауылымыздың бірлігі бекем, тірлігі көркем болсын, – дейді 83 жастағы еңбек ардагері Райхан Бердіқожаева.
Айта кету керек, жақында шаруашылықтың құрылғанына 10 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шара өткізілді. Сонда Қ.Нұрсейітов ала жаздай еңбек еткен жұмысшылармен бірге еңбек ардагерлеріне де құрмет көрсетіп, шапан жауып, қамзол кигізіп, батасын алды. Аталған іс-шара барысында жыл сайын ауылдың 35 ардагерін шипажайға демалдыру жұмысы қолға алынатыны айтылған болатын. Сонымен қатар алдағы уақытта кіші қажылыққа барушыларға да қолдау көрсетілмек.
– «Ақжарма және К» фермерлік шаруа қожалығының атқарып жатқан жұмысына ауыл халқы дән риза. Бұл туралы мерзімді басылымдарда бірнеше мәрте жақсы мақалалар жазылды. Биылдың өзінде шаруашылық ауылымыздағы балабақшаны теледидармен, ойыншықтар қамтамасыз етті. Сондай-ақ мектепке, спорт мектебінің филиалына, мәдениет үйіне де нақты қолдаулар көрсетілді. Мұнан бөлек ауылдық амбулаторияға су жаңа автокөлік сыйға берілді. Мұның бәрі іскер азамат Қ.Нұрсейітовтің жетекшілігімен жүргізіліп жатқан жұмыстар. Алдағы уақытта да шаруашылық ауылымыздың дамуына үлес қосатынына сеніміміз мол, – дейді шаруашылық жұмысы туралы ақпарат берген Д.Шайымова.
Ардагерлердің алғысын алып, ризашылығына бөленген шаруашылықтың бұл ісі көпке үлгі екені анық. Ендеше ісі өнімді, жоспары нық «Ақжарма және К» фермерлік шаруа қожалығының бастамалары баянды болғай дейміз!
А.ҚОШҚАРБАЕВ