Жылды қорытындылады
«Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, қоғамдық ұйымдар орналасқан «Достық» үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің биылды қорытындылаған алқа жиыны өтті. Онда жылдық жоспарға сәйкес IV тоқсанда тыңдалатын бірінші ауылдық ардагерлер кеңесі төрағалары есеп берді.
Алқа мәжілісін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев ашып, жүргізді. Оның барысында Аманкелді, Жетікөл, Айдарлы және Ақжарма ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Н.Құдайбергеновтің, Е.Ералиевтің, Ә.Бахадуровтің және М.Машыраповтың есептері тыңдалды. Мұнан байқағанымыздай, «Қарты бар елдің қазынасы бар» дегендей, әрбір ауылдың ардагерлері елмен етене араласып, онда атқарылған істерге жанашыр болып жүр. Ауыл әкімдерімен бірлесіп, елдік мәселелердің шешілуіне атсалысады. Мысалға биыл шағын ауыл Жетікөлге бес бірдей инвестор келіпті. Соның нәтижесінде, ауылдағы жұмыссыз жастар еңбекке тартылып, елдің еңсесі біршама тіктеліп қалған.
Сондай-ақ Ақжарма ауылында ардагерлермен жұмыс жақсы жолға қойылған. Ауыл әкімдігінің қолдауымен, шаруашылықтардың демеушілігімен 80 жасқа толған 13 ардагердің мерейтойы ауылдық мәдениет үйінде аталып өткен. Сонымен қатар 2021 жылы шаруашылықтардың демеушілігімен 20 ардагер Жаңақорған шипажайында демалды.
Аманкелді, Айдарлы ауылдарында да елдік мәселелер ауылдық ардагерлер кеңесі, қоғамдық қауымдастық және әйелдер кеңесімен бірлескен түрде оң шешімін тауып отырады.
Жиын барысында жоғарыда аталған баяндамаларды талқылаған аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері Ұ.Жанәлиева, М.Елеусінов, аудандық ішкі істер бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы М.Еспенбетов, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жүсіпбайұлы есепті қанағаттанарлық деп танып, өз ойларында жүрген құнды ұсыныстарын айтты.
Жиынды қорытындылаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев ардагерлер әрдайым жастарға үлгі өнеге болып, жаңа жылда да жарқын еңбекке ұйытқы болатынына сенім білдірді.
Осы орайда айта кету керек, «Достық» үйінде ардагерлер бильярд үстелінің тозығы жетіп тұрған болатын. Аудан әкімі М.Ергешбаевтың тапсырмасымен орынбасары Б.Сәрменбаев бильярд үстелін толық жаңартып беруге көмектесті. Және де демеушілердің көмегімен жаңа кийлерді алып бермекші. Қамқорлық жасап жатқан жандарға қариялардың алғыстан басқа айтары жоқ.
Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ