Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер шипажайда демалды

Ардагерлер шипажайда демалды

«Қызылдихан» шаруа қожалығы әркез қызметкерлер мен ардагерлерді сауықтыру мақсатында қолдау көрсетуге да­йын. Биыл ардагерлерді Сарыағаш қаласында арнайы жолдамамен демалдырған болатын. Мұндағы шипажайда ардагерлер денсаулығын диагностикалық тексеруден өткізіп, еміне шипа тапты.

Биыл 80 жасқа толған кент тұр­ғы­ны Асан Ыдырысов шипажайда ем алған ардагерлер қатарында бар екенін айта кеткен жөн. Ерекше қол­даудың арқасында денсаулықтағы кі­нә­ратты анықтап, сауықтыру барысы­­на қанықты. Талай жыл бейнет пен қиын­шылық көрген ардагерлер шипажайда ұсынылатын қызмет түрлеріне дән риза. Сауықтыру орталығында қарт кісілердің күтіміне айрықша көңіл бөлінеді.

– Сарыағаш қаласындағы демалыс барысында бірнеше ардагерге ем-дом жүргізілді. Медицина қызметкерлерінің тағайындаған еміне жоғары баға бе­реміз. 7 күн бойы іш-құрылысты тазалап, емдік су беріледі. Арнайы массаж қызметі де қарастырылған. Ауасы жағымды. Тамағы дәмді. Барлық ардагер осындай қолдау көрсеткен «Қызылдихан» шаруа қожалығына ал­­ғысын айтады. Бұдан бөлек шаруашылық есебінен Түркістан қа­ласындағы жаңадан салынған «Керуен» сарайына сапарлап қайттық. Мұнда сәулет өнерінің жаңашылдықтарына қаныққан едік. Киелі жерге тәу етіп, қасиетті бабаларға дұға еттік. «Жақ­сыны көрмек үшін» деген қазақта мәтел бар. Тарихы тереңде жатқан Түркістанның кереметтеріне тамсана қарап, таңданыс білдірдік, – дейді еңбек ардагері.

Иә, бұрын іргелі шаруашылық пен ауылдың өркендеуіне үлес қосқан ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Өз кезегінде қазыналы қарттар Түркістан қаласының киелі жерлерін көзбен көріп, рухани серпіліс алды. Алдағы уақытта мұндай ізгі іс-шара­лар жалғасын таба бермек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
10 тамыз 2021 ж. 418 0