69 зейнеткер құрметке бөленді
Редакцияға аудан орталағынан шалғай орналасқан Іңкәрдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов арнайы келді. Жақында ғана ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайланған ақсақал елді мекен қарияларына құрмет көрсетілгенін айтып, игілікті іс-шараны аудандық газет бетіне беруге ынталы екенін жеткізді.
Іңкәрдария – Қызылқұм қойнауында орналасқан берекелі ауыл. Бұл елді мекеннің халқы еңбеккеш. Ертеректе қой шаруашылығы болып құрылған ауыл халқы бүгінде мал шаруашылығымен, бау-бақша дақылдарын егумен айналысады. Міне, осындай атакәсіп болған салаларда еңбек етіп, бүгінде зейнетін көріп отырған 69 еңбек ардагері бар. Қарттар мерекесінде барлық ардагерлерге сый-құрмет көрсетілген.
– Ауыл әкімдігінің қолдауымен елді мекендегі қарияларға құрмет көрсеттік. Зейнет жасындағы қазыналы қарттарға шапан жауып, 10 келіден күріш таратылды. Бұған ауылдағы шаруашылық, одан бөлек Қанат Жақсылықұлы, Жамал Мырзағұлұлы, Шәріпбай Күшімбаев, Әлібек Рахымжанов секілді азаматтар демеушілік көрсетті. Сондай-ақ, қариялардың құрметіне ауылдық, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов.
Иә, қазан айының алғашқы күні ақылы асқан қариялардың төл мерекесі болғанымен оларға деген құрмет жыл бойы толастамақ емес.
Ердос БЕРКІНБАЕВ