Қажы атанған қария
Биыл тереңөзектік Аманкелді Садық ақсақал мерейлі сексен жасқа толады. Жақында кең пейілді қариямен дидарласудың сәті түсіп, өнегелі өмір жолына қанықтық. Бар уақытын халық баласын оқытуға арнаған қазыналы қарт білімдіге дүние жарық екенін жақсы біледі. Талай шәкірттің ақылшысына айналған ел ағасы бүгінде дінге бет бұрып, елді имандылыққа, адалдыққа, жастарды тағылым мен тәрбиеге жетелеуде. Ол аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамымен бірлесе көпшілікке шариғат заңдылығы мен талабын кеңінен дәріптеп келеді.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Аманкелді Садық ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің есімін иеленген ауылдың тумасы. Малшы отбасында дүниеге келген ол Тереңөзек кентіндегі орта мектептен білім алған. Жігерлі жастың әке-шешесі ауылдағы шаруаның басы-қасынан табылып, төрт-түліктің күтіміне ерекше көңіл бөлген. Кейіпкеріміз мектеп бітірген жылы туған ауылында шопанның көмекшісі болып, еңбекке араласқан. Кейіннен, Қызылорда қаласындағы гидромелиоративтік техникумына оқуға түсіп, гидромелиорация жұмыстарын механикаландыру мамандығын игеріп шығады.
– Менің балалық шағым Тереңөзекте өтті. Ағайынның ортасында ер жеттім. Бірнеше жыл қой баққан менің ойымда арнайы мамандық иегері атану болды. Осылайша, әке-шешемнің ақ батасын алып, гидромелиорация жұмыстарын механикаландыру мамандығын меңгердім. Алғашқы еңбек жолым №15 ПМК-да басталды. Онда слесарлар бригадирі, учаске механигі қызметтерін атқардым. Тәжірибелі мамандар жұмысты дер кезінде оңтайландыру жолдарын үйретті. Жас маман ретінде мені жақсы істерге баулып. бағыт-бағдар берді. Бұдан кейін «Казсельхозтехника» мекемесіне шеберхана меңгерушісі қызметіне орналастым. Аталған мекемеде 10 жылға жуық еңбек еттім. Ал 1975-1981 жылдар аралығында Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түсіп, гидромелиоративтік жұмыстарды механикаландыру мамандығы бойынша біліктілігімді арттырған болатынмын. Өзге өңірден білімімді жетілдіргеннен кейін, сол кездегі №88 кәсіптік-техникалық училищеге өндірістік оқу шебері ретінде жұмысқа қабылдандым. Осы жылдар аралығында білім саласында қызмет етуге ден қойдым. Қиын да күрделі мамандықты шәкірттеріме үйретуге ынталы болдым, – дейді қазыналы қарт.
Білікті маман балаларға оқу өндірісі барысында ауыл шаруашылығы саласына қатысты негізгі қызмет түрлерін үйреткен. Сыр салысын егу үшін кәсіби мамандар дайындау маңызды рөлге ие болған. Техника тілін білетін жас мамандарды меңгертуде оқу мен тәжірибені қатар алып жүруді нұсқаған А.Садық бір жылдары аға өндірістік шебері атанған. Осылайша, бірнеше жыл өз мамандығының қыр-сырына қаныққан ұлағатты ұстаз жүздеген жас буынның қанатын қатайтты. Тағылымды тәрбиені жас ұрпақтың бойына сіңірді. Аманкелді Сматұлы зейнетке шыққаннан кейін арнаулы пәндер бойынша білім алушыларға сабақ береді.
Ұстаздық қызметті абыроймен алып жүрген азаматқа ел ағалары аудандық орталық мешіттің бас имамның көмекшісі болуды ұсынады. Осылайша, бірнеше жыл бойы қазыналы қарт көпшілікті имандылыққа үндеп келеді.
– Дін – күрделі ілім. Діни жоралғы жасау барысында асқан сауаттылық керек. Имандылық жайында ғибратты дүниелер көп. Көпшілік арасында діни сауаттылықты арттырып, шариғат заңдылықтарын жұртшылыққа кеңінен насихаттауымыз керек. Осыдан 3 жыл бұрын Мекке-Мәдинаға кіші қажылық сапарына барған болатынмын. Қажылық сапар кезінде ел амандығы үшін дұға тіледім. Егде жасқа келгенде кейінгі ұрпаққа білгенімізді үйрету – мақсатымыз. Қаншама жас теріс жолға түсіп, қиындыққа тап болуда. Отбасында тәрбие беруді дұрыстап, ата-аналар жастарды бақылауда ұстаса игі. Шын мәнінде, діни ілімнің адамзатқа берері мол. Ең алдымен, имандылық – тазалыққа үндейді. Қазалы болған үйге барған кезімізде жақындарына басу айтамыз. Алланың ісіне көндігіп, сабырлық танытуын сұраймыз. Әрине, «Тас түскен жеріне ауыр». Сондықтан барлық қиындықтан шығу жолында төзімді бола білуіміз керек, – дейді Аманкелді Садық.
Аманкелді Садық ұзақ жылдар аудандық газетте беттеуші болып еңбек еткен Шолпан Беркінбаевамен шаңырақ көтеріп, ұлағатты ұл-қыз өсірді. Қазыналы қарттар бүгінде 6 перзенттен 15 немере, 9 шөбере сүйіп отыр. Айта кетейік, Аманкелді Сматұлы бірнеше жыл бойы саламатты өмір салтын берік ұстанады. Ол – тұрақты түрде спорттық жүруді жанына серік еткен.
Балтабай ОРДАБЕКОВ