Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шашына қайшы тимеген

Шашына қайшы тимеген

Cіз шашын мүлдем қимаған және қос бұрымы иығына төгілген жан туралы білесіз бе?  Ол шаш күтімін күн тәртібіндегі  ең басты мәселе санап,  бойжеткен шағынан ерекше мән беріп келеді.  Бүгін шашына қайшы тимеген кент тұрғыны  Л.Қабдығалиева туралы жазамыз.
Осыдан 51 жыл бұрын мектеп та­балдырығын аттаған Ләззат Оразалы­қызының шашын өсіруді әжесі Орынбасар қолға алады. Көпшілік немересінің көрікті келбеті мен қылықты мінезіне тәнті болатын. Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғындары Оразалы мен Шабақтың ша­ңы­рағында Ләззат апа 2 сіңілісі және 3 інісімен бірге бой жетті.
– Сыныпта өзіммен қатар оқыған ша­шы ұзын құрбыларым болатын. Ал үйде ме­нің ғана шашым ұзын екенін айта кеткен жөн. Ұзын шаштың күтіміне бірнеше сағат уақыт кетеді. Осындай күрделі шаш өсіру әдісін әжемнен үйрендім. Бала кезімізде қазіргідей шашқа ар­налған арнайы сусабындар жоқ болатын. Біз күнделікті табиғи өнімдерді пайда­ланатынбыз. Өз басым шаш­ты айранмен жуғанды құп көретінмін, – дейді аяу­лы ана.
Бірнеше жыл бойы Гүл­сім Нұрпейісова, Ләззат Әлібекова, Ләззат Ермаханова құрбылары секілді шаш өсіруді жаны қалаған ардақты ана қазақы ізет пен ибалылық қасиетті бойына сіңірген. Студент кезінде ауылдан келген жаны таза аруға барлығы қызыға қарайтын. Себе­бі, өзі оқитын топта Ләззат апа шашының ұзындығымен өзгелер­ден ерекше­ленетін. Тіп­ті, естелік суретке түсе­тін кезде қаумалаған қыздар қауымы оның ерекше бұрымын алдарына жайып қоятын.
Соңғы 35 жылда халық баласын оқы­туда сүбелі үлес қосқан Ләззат Оразалықызы – бастауыш сынып мұғалімі. Ұлағатты ұстаз осыған дейін 5-сыныптың оқушыларын үлкен өмірге қанат қақтырды. №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепте еңбек ете жүріп, шәкірттеріне бұрымды ару болудың құпиясын айтып береді. Аяулы ананың жары Марат Балдаев – энергетика саласының қыз­меткері. 36 жыл бұрын отасқан ерлі-зайыптының 3 ұлы бар.
Бүгінде қазақы дәстүр мен әдет ғұрыпты, отбасы құндылығын мейірімді ана келіні Жанатқа үнемі айтып отырады. Кезінде ғибратты жандардан үй­ренген шаш өсірудің қарапайым әді­сін өзі де қолданып, неме­релерінің кө­рікті болуына барын салады.
Айта кетейік, Ләззат Қабдығалиеваның қазіргі уақыт­та шашы­ның ұзындығы 1 метрден асады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

27 наурыз 2021 ж. 706 0