Егемендікке жасалған алғашқы қадам
Ел Президенті Қ.Тоқаев ұлттық құрылтайда Республика күні мерекесін атаулы күндер қатарына қайта қосуды және еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуді ұсынған еді. Мұның негізі 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның қабылдануымен тікелей байланысты. Бұл құжат мемлекеттің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы нық қадам болды. Сондықтан қазақстандықтар үшін бұл мерекенің тарихи маңызы зор.
Республика күні әлем елдерінде ұлттық мереке ретінде тойланады. Бізде де бұл мереке 1992 жылдан бастап аталып өтілді. Десе де мейрам мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана ресми түрде енді.
2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылған еді. Алайда, араға 8 жыл салып, яғни 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгергендіктен, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Ал арада 13 жыл өткеннен кейін, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру барысында бұл мерекенің мәні мен маңызы қайта жанданды. Елімізде алғаш рет ұлттық құрылтай өткізілген тұста Мемлекет басшысы елдігіміздің, мемлекеттілігіміздің бастауында осы мемлекеттік мерекенің тұрғандығын атап өтіп, қайта тойлауды, мемлекет деңгейінде атап өтуді ұсынды.
– Иә, бұл мерекенің біз үшін, қазақ халқы үшін маңызы өте жоғары. КСРО ыдыраған кезеңде барлық мемлекет өздерінің егемендігін жариялап жатты. Қазақ жұрты да Тәуелсіздікке біртабан жақын тұрды. Сондай кезеңде ең алғаш мемлекеттің егемендігі туралы алғашқы құжат, декларация қабылданды. Бұл 1990 жылдың 25 қазанына тұспа-тұс келді. Міне, сол күн біз үшін ерекше күн болды. Олай дейтінім, сан ғасырлар бойы ата-баба аңсаған азаттыққа деген алғашқы қадам осы күні жасалған еді. Қазақ елі егемендікке қол жеткізді. Бұл барша ел тұрғындары үшін ерекше қуанышты жаңалық болды. Сол себепті де Республика күні мерекесімен қайта қауышып жатқанымызға қуаныштымын. Еліміздің егемендігі мәңгі жасай берсін, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.
Республика күнін қайтару мәселесі бұған дейін халық арасында талқыға түсті. Яғни, 16 желтоқсан – елімізде Тәуелсіздік күні. Бұл күн бір жағынан Желтоқсан құрбандарын еске алу күні болып та саналады. Сондықтан Тәуелсіздік тойын мерекелік көңіл-күймен атап өту үшін Қазақстан Президенті көпшіліктің ұсыныс-пікірін ескере отырып, осындай нақты шешімді жүзеге асырды. Тиісінше, енді қазан айында елімізде еңселі егемендікке қатысты ұлттық және мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болады.
– Қалай десек те Республика күнінің қайта аталып өтілуі біздің мемлекетіміздің азаттығын нығайта түсетіні анық. Атаулы күнге орай республика көлемінде, облыс, ауданда көптеген ауқымды, маңызды іс-шаралар қолға алынуда. Мұның түп-төркінінде егемендікті қастерлеу, азаттықты арайлы ету, өскелең ұрпақ бейбіт өмірдің қадірін білсін деген мән-мағына жатыр. Сол себепті де Республика күнін атап өту – ел тұрғындары үшін жауапкершілігі мол, маңызы жоғары тарихи мереке. Бұл күнде жұртшылық ел егемендігінің құндылықтарын барынша насихаттау керек, – дейді «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева.
Осылайша, еліміздегі ұлттық және мемлекеттік маңызы бар мерекелер саны 10-ға жетіп отыр. Республика күнінде біз ұлттық құндылықтарымызды, Тәуелсіздіктің тұғырын дәріптей білуіміз керек. Сонда ғана мемлекеттік мереке айшығы айқындала түспек.
Е.БЕРКІНБАЕВ