Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы заң қабылданды

Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы заң қабылданды

Сенат депутаттары 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп белгілеу туралы заң жобасын қолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған жоба «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілді.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға мынадай өзгерістер енгізу жоспарлануда:

25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп белгілеу;

16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып бекітіледі.

Сондай-ақ 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мерекелік күндер тізімінен алынады.

Заң ел Президентінің қол қоюына ұсынылады.

«25 қазан ұлттық мереке - Республика күні болып бекітілді. Бұл тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күннің ұлттық мереке ретінде белгіленуі маңызды қадам. Мемлекеттілік пен егемендіктің тұғыры. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенеміз», деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Сенат отырысында.

Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Республика күні еліміздің мемлекеттілікке деген батыл қадамының нышаны болуы тиіс. Әрине, Тәуелсіздік күні басты мемлекеттік мереке болып қала береді. Бұл күні тәуелсіздікке қол жеткізуге зор үлес қосқан халық қаһармандары құрметтелуі керек», деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қазақстанда Республика күні 25 қазанда – 1990 жылы Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күні тойланатын, сондай-ақ демалыс күні болып бекітілетін.  2009 жылдан бастап Республика күні мемлекеттік мереке ретінде аталмай келді.
22 қыркүйек 2022 ж. 537 0