Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ащы су аздырар адам баласын

Ащы су аздырар адам баласын

Адам баласы жаман әдеттерден аулақ болуы тиіс. Оның қатарында арақ ішу мен темекі тартудан, есірткіге тәуелділіктен сақтану керек. Дегенмен, бағасы қым­баттап, олардың денсаулыққа зиянды екенін біле тұрса да тұтынатындар қатары көп бізде. Әсіресе, ішімдік салдарынан жұртшылықтың көріп жатқан зардабы жеткілікті.

«Он бәленің тоғызы тілден» десек, арақтың 1001 зия­ны бар екен. Ішімдік адамды азғырып, адамгершіліктен жұрдай етеді. Мәселен, отбасындағы кикілжің, әлеуметтік мә­селелердің көбінде арақтың салдары бар екені жасырын емес. Дос пен досты қас, ағайын мен туысты жат қылатын да осы «шайтанның» суы.

«Ащы су құрдымға бастайды» дегендей, қылмыстық оқи­ғаның көбісінде осы ішімдіктің зардабы бар. Соның салдары қоғамдағы жағдайдың күрделенуіне әкеліп соғуда. Ажырасу, балалардың жетім қалуы, әлеуметтік теңсіздік, тағысын тағы...

Ішімдіктің небір түрлі зардабын біле тұра әлемде оны өндірмейтін ел кемде-кем. Тіпті, арақ өндіруден түсетін табыс мөлшері кейбір мемлекеттердің ішкі өнімнің 20-25, 40-45 пайызын құрайтын көрінеді. Осыған қарап-ақ ішімдікті тұтынушылардың қаншалықты көп екенін аңғаруға болады.

Халықаралық сарапшылар жыл бойы сатылатын арақ өнімдерінің мөлшері жан басына шаққанда әр адамға 8 литр­ден асқан жағдайда ондай жұрттың болашағы күмәнді деп есептелетінін хабарлаған. Сегіз литр дегеніңіз – 8 шөлмек. Елімізде ішімдік ішетіндер қатары аз емес. Демек, олар бір жылдың ішінде 8 литрден артық ішімдік ішетіні айтпаса да түсінікті. Яғни, бұл дабыл қағатын жағдай екені анық.

Ішімдіктің зияндығына қатысты мамандар тәжірибе жасап көрген. Атап айтар болсақ, 700 жүкті әйел аз мөлшерде болсын ішімдік ішкен. Кейін олардан туған балалардың 89 пайызы әлжуаз, 40 пайызының есту қабілеті нашар, 25 пайы­зын­да көз жанарынан ерте айырылу ықтималдығы басым болыпты. Одан бөлек, сәбидің қанында ішімдіктің салдарынан 850-ден аса әр түрлі дерттің іздері пайда болған көрінеді. Яғни, ішімдікті аз тұтынғанның өзінен кейінгі ұрпаққа тиер зардап көп. Ал көп тұтыну – олардың өміріне қастандық жасаумен пара-пар.

Дін тұрғысында да арақтың харам екендігі нақты көрсетілген. «Кімде-кім біреудің арақ ішуіне жәрдемдессе, оның теріс жолға түсуіне себепкер болғаны. Кімде-кім арақ ішуші топпен бірге жүрсе, қияметте екі көзі көрсоқыр болады» делінген асыл дінімізде. Ішімдіктің харам болғанын мына оқиғадан білуге болады. Бір күні ансарлардан болған Утбан ибн Мәлік (р.а.) бір қонақасы беріп, барлығы сол жерге жиналды. Келгендер ішкілік ішіп, мас бола бастады. Бір-бірінің намысына тиіп, тіл тигізді. Өз ру, тайпаларымен мақтанысып, екіншісінің тегі мен қауымын кемсітті. Сол кезде Сағд ибн Әбу Уаққас өлеңдетіп қисса оқыды. Өз қауымын мақтап, ансар қауымының намысына тиді. Ансарлардың бірі мүжіп отырған сүйекпен Сағдтың басын жарды. Ол кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп шағымданды. Осы кезде Омар (р.а.) қолын көкке көтеріп Алладан «Ей, Раббым! Бізге арақ-шарап жа­йында ашық, анық аяттарыңды білдірте гөр» деп дұға тіледі. Осыдан кейін көп ұзамай: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, бұтқа табыну, оқпен бал ашу, бәсекелесу шайтан ісі – жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем десеңдер, шайтанның ісінен аулақ болыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Сонда да тиылмайсыңдар ма?» деген аятпен араққа ашық тыйым салынды. (Майда сүресі, 90-91 аят). Осы аяттың «Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?» деген сөйлеміне келгенде Омар (р.а.): «Тоқтаттық! Біз доғардық» деді. Бұл аяттар ұхұд соғысынан кейін хижраның үшінші жылы, яғни Құран түсіп бастағаннан он алты жыл өткен соң түскен еді. Осы аяттың түсуімен арақ атаулы харам етілді.

Енді харам етілген нәрсе – мұсылмандыққа жат. Сон­дықтан адамға сан түрлі зиян әкелетін ішімдіктен аулақ болу жақсылыққа бастайтыны хақ. Арақтан алыс жүргеннің берекесі мол, ұрпағы аман, иманы берік болатыны анық.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
11 қазан 2022 ж. 403 0