Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ішімдіктің 1001 зияны бар

Ішімдіктің 1001 зияны бар

Қала базарының аялдамасынан қоғамдық көліктен түсе бергенім сол еді бір кісі «Жүз теңгең бар ма?» деп алақанын тосты. Киімі кірлеген, түрі суықтың ызғарынан қарайыпты. Қалтамдағы бар «тиынымды» бердім. Басын изеп, әрі қарай кетті. Келесі бірде сол базар маңынан тағы бір адам қарсы келіп «Жолыма жетпей тұр еді, жүз теңгең бар ма?» деді. Тағы да қалтамның «түбіндегісін» ұстатып кеттім. Байқаймын, соңғы кезде қаладағы базар, үлкен сауда орындары маңында осындай жағдайлар көбейіп барады.

Бұл облыс орталығында жағдай дейік. Жа­қын арада Тереңөзек кентіндегі дүкен алдында бір кісі «Жүз теңгең бар ма, бауырым?» де­ді. Үстінен спирттік ішімдіктің иісі шығып тұр. Бірде «Жетпей тұр еді» деп тағы сұрады. Осылай «жетпей тұрмен» жеткізіп алып, үш-төртеуі бұрыш-бұрышқа барып, ішімдік ішетініне көз үйреніп барады. Ішкілікке салынып, соның салдарынан әлеуметтік мәселелер туындап, оның арты қайғыға душар етіп жататынын көріп-біліп жүрміз. Ішімдікке жұмсайтынын біліп, соңғы кезде қалта «қағуды» доғардық.

«Он бәленің тоғызы тілден» десек, арақтың 1001 зияны бар екен. Ішімдік адамды азғырып, адамгершіліктен жұрдай етеді. Мәселен, отба­сындағы кикілжің, әлеуметтік мәселелердің көбінде арақтың салдары бар екені жасырын емес. Дос пен досты қас, ағайын мен туыс­ты жат қылатын да осы «шайтанның» суы. Бір ғана мысал, аудан көлемінде қанды оқиға орын алды. Достар шөлмектің ішіндегісін жұтып, сылқия тояды. Сол арада келіспеушілік туындап, ақырында бірі біріне қастандық қылды. Біреуі қаза болды, біреуі темір торға тоғытылды. Екі адамның тағдырына балта шабылды. Ал арандатушы – «арақ».

Қылмыстық оқиғаның көбісінде осы ішімдіктің зардабы бар. Соның салдары қоғамдағы жағ­дайдың күрделенуіне әкеліп соғуда. Ажырасу, балалардың жетім қалуы, әлеуметтік теңсіздік, тағысын тағы...

Дін тұрғысында ішімдіктің харам болғанын мына оқиғадан білуге болады. Бір күні ансарлардан болған Утбан ибн Мәлік (р.а.) бір қонақасы беріп, барлығы сол жерге жиналды. Келгендер ішкілік ішіп, мас бола бастады. Бір-бірінің намысына тиіп, тіл тигізді. Өз ру, тайпаларымен мақтанысып, екіншісінің тегі мен қауымын кемсітті. Сол кезде Сағд ибн Әбу Уаққас өлеңдетіп қисса оқыды. Өз қауымын мақтап, ансар қауымының намысына тиді. Ан­сарлардың бірі мүжіп отырған сүйекпен Сағдтың басын жарды. Ол кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп шағымданды. Осы кезде Омар (р.а.) қолын көкке көтеріп Алладан «Ей, Раббым! Бізге арақ-шарап жайында ашық, анық аяттарыңды білдірте гөр» деп дұға тіледі. Осыдан кейін көп ұзамай: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, бұтқа табыну, оқпен бал ашу, бәсекелесу шайтан ісі – жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем десеңдер, шайтанның ісінен аулақ болыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Сонда да тиылмайсыңдар ма?» деген аятпен араққа ашық тыйым салынды. (Майда сүресі, 90-91 аят). Осы аяттың «Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?» деген сөйлеміне келгенде Омар (р.а.): «Тоқтаттық! Біз доғардық» деді. Бұл аяттар ұхұд соғысынан кейін хижраның үшінші жылы, яғни Құран түсіп бастағаннан он алты жыл өткен соң түскен еді. Осы аяттың түсуімен арақ атаулы харам етілді.

Енді харам етілген нәрсе – мұсылмандыққа жат. Сондықтан адамға сан түрлі зиян әкелетін ішімдіктен аулақ болу жақсылыққа бастайтыны хақ.

«Жетпей тұр» деп жүргендерді байқасақ екі қолы, екі аяғы сау адамдар. Арасында «тепсе темір үзетіндері» де бар. Бірақ «сұранып, тіленуді» әдетке айналдырған. Мұның «төр­кі­нінде» жұмыссыздық, басқа да жағдайлар бары белгілі. Дегенмен мүмкіндігі шектеулі жан­дардың өмірге деген құлшынысы жоғары болғанда, он екі мүшесі сау адамның өмірден баз кешіп, ішкілікке салынуы – тығырықтан шығатын жол емес. Сол себепті де 1001 бәлекет әкелетін арақтан аулақ болған дұрыс.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ 
10 наурыз 2022 ж. 382 0