Мектептерді жаңа 2022-2023 оқу жылына сапалы дайындау
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 05.08.2021 жылғы №ҚР ДСМ-76 "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығы бойынша балалардың дені сау, жан-жақты жетілген азамат болып қалыптасуы үшін мектептерге белгіленген санитарлық талаптар қойылады.
Мектептердің аумағында олардың қызметiмен байланысы жоқ объектілерді орналастыруға жол берілмейді. Мектеп ауласы таза ұсталады, арамшөптерден арылған, аяқ және автожолдар зақымданбаған, тазалауға қолжетімді қатты жабынмен жабылуы тиіс. Барлық үй-жайлардағы еденнің, төбенің, қабырғалардың беті тегіс, саңылаусыз, ақаусыз және механикалық зақымданбаған болуы тиіс. Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары сабақ басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Оқушылар бар кезде апатты жағдайларды жоюды қоспағанда жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Объектілерде орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен, ыстық сумен жабдықтау, су бұру көзделеді және олар жарамды жағдайда болуы тиіс. Объектілерде ауыз су режимі ұйымдастырылады. Ауыз су режимін ұйымдастыру үшін объекті басшысының бұйрығымен жауапты адам тағайындалады. Ойын және спорт алаңдарының жабдықтарын қоса алғанда, жиһаз бен жабдық білім алушылар мен тәрбиеленушілердің бойына және жасына сәйкес келеді. Спорт, ойын жабдығы жарамды күйде ұсталады. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін сатып алынған өнімдердің (ойыншықтар, аяқ киім, киім, ыдыс, жеке гигиена құралдары, мектеп және жазу құралдары, төсек-орын жабдықтары, парфюмерлік-косметикалық өнім, жиһаз) оның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы тиіс.
Мектеп асханасында перспективалық маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) екі апталық ас мәзірі жасалады. Мәзірді әзірлеу кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің болу ұзақтығы, жас санаты ескеріледі, витаминдік-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімдері көзделеді. Тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар қоғамдық тамақтану ұйымында сақталады. Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау температурасы төмен тоңазыту жабдықтарында және (немесе) тоңазыту камераларында және (немесе) тоңазытқыштарда жүзеге асырылады. Тоңазытқыштарға температураны бақылау үшін термометрлер орнатылады. Білім беру объектілерінің қызметкерлері жұмысқа жаңадан түсер алдында және жыл сайын бекітілген ереже бойынша кезекті дәрігерлік байқаудан өтулері және жұмысқа түсуге рұқсат алулары тиіс.
Сонымен қатар, қазіргі «COVID – 19» пандемиясы кезеңінде ҚР ДСМ 05 шілде 2020 жылғы №78/2020 юұйрығының қосымшасы «Коронавирустық инфекцияның таралу қаупінің пайда болуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 29 қосымшасына сәйкес төмендегідей қосымша талаптар қойылған:
Объекті әкімшілігі ауа температурасы мен ылғалдылығының оңтайлы жағдайларын қамтамасыз ету үшін ауа ортасын желдету және ауа баптау жүйелеріне (тазалау, жуу, дезинфекциялау, сүзгілерді ауыстыру және т.б.) тексеру жүргізеді. Барлық үй-жайларды кемінде 15 минут күніне 3 рет жиілікпен желдету жүргізіледі.Үй-жайлардағы ауаны зарарсыздандыру мақсатында күн сайын адамдар болған кезде (холлдар, тамақтану залдары) тәулік бойы қолдануға болатын жабық үлгідегі ультракүлгін бактерицидті сәулелегіштерді немесе рециркуляторларды пайдаланылады. Рециркуляторларды орнату және саны дайындаушы зауыттың қолдану нұсқаулығына сәйкес есептеледі. Желдету және ауаны баптау жүйелерін тазарту және дезинфекциялау жоспарлы профилактикалық жұмыстар кестесіне сәйкес жүргізіледі.
Үй-жайларды жинауға қойылатын талаптар
Залдарда күн сайын рұқсат етілген дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып жинау жүргізіледі. Дезинфекциялау құралдарымен жұмыстың барлық түрлерін ылғал өткізбейтін, бүтіндігі бұзылмаған қолғаптарда орындау керек. Дезинфекциялау жүргізу үшін белгіленген тәртіппен тіркелген және қолдануға рұқсат етілген, қолдану жөніндегі нұсқаулықтарында вирустық инфекциялар кезінде объектілерді зарарсыздандыру режимдері көрсетілген дезинфекциялау құралдары мынадай жиілікпен қолданылады:
- тамақтану залының едендері, сауда сөрелері – күніне 2 рет таңертең және кешке;
- подностар, тамақ тарату лентасы, есік тұтқалары, касса аппараттары, банк терминалы – сағат сайын;
- қоғамдық санитариялық тораптар (еден, санитариялық-техникалық жабдықтар, соның ішінде крандардың вентильдері, унитаз бактарының су ағызатын жері), таяныштар, лифт батырмалары – күніне 3 рет;
Жинауға арналған мүкәммал жинау жүргізілгеннен кейін міндетті түрде дезинфекциялауға жатады. Дезинфекциялау үшін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында тіркелген және қолдануға рұқсат етілген және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізіліміне енгізілген құралдар қолданылады. Дезинфекция жүргізген кезде препараттың нұсқаулығына сәйкес дезинфекциялау құралының экспозиция уақытын (яғни дезинфекциялау құралының жұмыс ерітіндісінің өңделетін объектінің бетінде болу уақыты) және жұмыс ерітіндісінің шоғырлануын қатаң сақтау керек. Өңдеуден кейін бетті сумен жуады және қағаз сүлгілердің немесе бір рет қолданылатын сулықтардың (шүберектер) көмегімен кептіреді. Дезинфекциялау құралын пайдалану регламенті жекелеген дезинфекциялау құралдарын қолдану жөніндегі нұсқаулықта белгіленген, онда дезинфекциялау құралын экспозициясынан кейін жуу қажеттілігі немесе қажеттілігінің жоқтығы түсіндіріледі.Жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін (немесе кемінде 6 сағаттан кейін) есіктердің тұтқаларын, тұтқаларды, үстелдерді, орындықтардың арқаларын (креслолардың шынтақтарын), тамақтанатын залға (асханаға) кіретін жердегі қол жууға арналған раковиналарды, өзіне-өзі қызмет көрсету сөрелерін дезинфекциялау сулықтарымен (немесе дезинфекциялау құралдарының ерітінділерімен) сүрту арқылы дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, үй-жайларды ылғалды жинауды жүргізеді.Әрбір объектіде есепті қажеттілікке қарай шүберектің, жинау мүкәммалының, дезинфекциялау құралдарының азаймайтын қоры жасалады. Дезинфекциялау құралдарын дайындаушының қаптамасында балалардың қолы жетпейтін арнайы бөлінген құрғақ, салқын және қараңғыланған жерде, тығыз жауып сақтайды. Дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу кезіндегі сақтық шаралары және кездейсоқ улану кезіндегі алғашқы көмек әрбір нақты дезинфекциялау құралдары үшін оларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарда жазылған.
Аталған талаптарды мектептерді жаңа оқу жылына дайындау барысында қатаң ұстану және орындау қажет.
А.Құлмағанбет,
Сырдария аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің
Сырдария аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы