Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС: ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ТЕТІКТЕРІ

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС: ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ТЕТІКТЕРІ


Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз, - деп оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы тынығу лагерлеріне баруға асығады. Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. Міне, мектеп оқушыларының жазғы демалысы да жақын. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымшылдықпен, сапалы да қызықты өткізу мақсатында жылдағы дәстүр бойынша жазғы тынығу лагерьлерінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жазғы маусымда «Жалын» тынығу лагерінің 7 ауысымында 910 оқушы тынықса, мектеп жаны күндізгі тынығу лагерлерінде 3500 оқушы тынықтырылып, каникул күндерін көңілді өткізбек.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «2016-2019 жылдарға арналған жазғы демалыс кезеңінде балаларды сауықтыру, демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» өкімін негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің «Санаториялық және сауықтыру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау Комитетінің селекторлық мәжілісінің тапсырмаларын, Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің «Облыстағы, қала сыртындағы және мектеп жанындағы күндізгі лагерлерге санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды күшейту туралы» бұйрығын орындау мақсатында қала сыртындағы лагерьлер қызметін ұйымдастыру, балалар арасында топтасқан жұқпалы аурулар мен тағамнан уланудың алдын алу және лагерь қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және балалар мен жасөспірімдердің тиімді демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру барысында жақында №36 мектеп-лицей базасында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен бірлескен семинар өтті. Оған сала мамандары мен мектеп директорлары, ауданның жазғы сауықтыру мекемесі мен мектеп жанындағы лагерь басшылары және медицина, асхана қызметкерлері қатысты.
Семинарды Қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Қ.Омарова ашып, оқушылардың жазғы демалысын, лагерьлердің жұмысын ұйымдастыру жайында кеңінен мәлімет беріп, семинарға қатысушыларды белсенді ат салысуға шақырды.
Шарада білім беру, санитарлық қызмет саласы мамандары аудан бойынша балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру, су тоғандары мен жолда жүру ережелері, өртке қарсы шаралар мен төтенше жағдайдың алдын алу және жазғы демалыс орындарында санитарлық-эпидемиологиялық заңдылықтардың сақталуы жөнінде мәселелер талқыланды.
Семинар барысында түрлі тақырыптарда сала мамандары баяндама жасады. Республика көлемінде орын алған топтасқан тағамнан улану және жұқпалы ішек ауруларының жағдайлары жөнінде ақпараттар, асхана қызметкерлеріне сауалнамалар беріліп, жаз айларында кенеден қорғану, «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы» ауруының алдын-алу туралы айтылып, мамандар пікір алмасты. Тамақтануды ұйымдастырған кезде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі, алынатын азық-түліктердің қанағаттанарлық сапасы туралы, асхананың материалдық-техникалық базасын жақсарту туралы өз ойларын ортаға салған мамандар семинарға қатысушыларға санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау бойынша нұсқаулықтар таратты.


Айдана МАРАТҚЫЗЫ
22 мамыр 2018 ж. 2 881 0