Макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім бар
Кеше аудан әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезекті 18 сессиясы өтті. Оның күн тәртібінде 7 мәселе қаралды. Сессия жұмысына аудан әкімі М.Ергешбаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе аудан әкімінің аудандық мәслихат депутаттары алдында жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы жөнінде аудан әкімі М.Ергешбаев есеп берді. Аудан басшысы биылғы І жартыжылдықта жоспарлы жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
– 2022 жылдың ІІ тоқсан қорытындысымен құрылыс жұмыстары индикаторынан басқа барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсу тенденциясы бар. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібі 2,2 есеге, ауыл шаруашылығы өнімі 1,0 пайызға, сауда айналымы 6,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 1,3 пайызға артса, инвестициялар тарту 15,4 пайызға көбейді. Ал бүгінде құрылыс жұмыстарын орындау мақсатында мұнай компаниялармен жұмыс жасалуда, оған қоса бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша есептілік толығымен тапсырылады. Жыл соңына барлығы 4,9 млрд теңгенің құрылыс жұмыстарын орындайтын боламыз, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.
Биылға арналған аудан бюджетінің кірістер көлемі 13,0 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Алғашқы жартыжылдықта аудандық бюджетке 2,1 млрд теңге болжам жасалса, ол 2,3 млрд теңгеге орындалып, 108,7 пайызды құрап отыр.
Аудан басшысы есебінде ауданда жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыз екенін атады. Осы уақытқа дейін 1236 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 560-ы – тұрақты жұмыс. Кәсіпкерлік саласында да даму динамикасы сақталған. Бірінші жартыжылдық қорытындысымен жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2386 бірлікті құрап, белсенділік көрсеткіші 94,2 пайызға жеткен. Жалпы, жыл басынан бері аудан бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1.3 млрд теңгені құрайтын 96 жоба қаржыландырылыпты.
Аудан әкімі бүгінде өзекті болып тұрған азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға да арнайы тоқталды.
– Азық-түлік қорын жасақтау үшін елді мекен тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдері мен көкөністер егуге қосымша жерлер ашылды. Аудан бойынша 210 гектар жер дайындалып, 1400 отбасыға бөлініп берілді. Бүгінгі күні оның 90 гектарына картоп, 20 гектарына көкөніс, 100 гектарына бақша дақылдары егілді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында 102 сауда нүктелерімен меморандумға қол қойылды. Аудан тұрғындарын арзандатылған азық-түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында «Байқоңыр» АҚ бірлесіп, аудан орталығында жыл басынан бері 2 мәрте жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңкеге 73,5 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіліп, нарық бағасынан төмен бағада ұсынылды, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Есепті баяндамада аудан басшысы елді мекендерді аяқ сумен қамту, құрылыс саласы, жол жөндеу, газдандыру мен абаттандыруға қатысты атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Аудан әкімінің есебі тыңдалған соң аудандық мәслихат депутаттары жарыссөзге шықты. «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақып пен аудандық мәслихат депутаты А.Қалдыбаева бірінші жартыжылдықта ауданды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуда айтулы жұмыстар бар екенін айтты. Әсіресе, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, елді мекендерге аяқ суды жеткізу мәселелерінің шешімін тауып жатқаны қуантатынына тоқталып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Мұнан соң күн тәртібіндегі Сырдария аудандық мәслихатының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы «2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» №107 шешіміне өзгерістер енгізу, Сырдария ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2022 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту, «Сырдария ауданының учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» Сырдария аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 10 қаңтардағы №273 шешіміне өзгерістер енгізу, Сырдария аудандық мәслихатының 2018 жылғы 15 маусымдағы «Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық мөлшерлемелерін және бірыңғай жер салығының мөлшерлемелерін жоғарылату туралы» №212 шешімінің күші жойылды деп тану, Сырдария ауданының ауылдық елді мекен жерлерін аймақтарға бөлу жобаларын (схемаларын), бағалау аймақтарының шекараларын және жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффиценттерін бекіту және Сырдария ауданының кент және ауылдық округтерінің 2022-2023 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарын бекіту мәселесі қаралды. Аталған мәселелерге қатысты тиісті сала басшылары түсініктемелер берсе, сессия қорытындысында шешімдер қабылданды.
Ердос БЕРКІНБАЕВ