Жауабы табылмаған жұмбақ: Адамзаттың ең құпия оқиғалары
Адамзат тарихында жауабы нақты табылмаған оқиға аз емес. Кейбірі бірнеше ғасыр бұрын болғанымен, олардың құпиясы әлі күнге дейін зерттеушілердің назарында. Ал кейбір жұмбақтың осы заманда орын алып, заманауи технология мен ғылыми мүмкіндіктің өзіне сын болуда. Жоғалған адамдар, із-түзсіз кеткен кемелер, оқылмаған қолжазба, түсініксіз оқиғалар... Олардың әрқайсысы адамды ойландырып, «Шын мәнінде не болды?» деген сұраққа жетелейді. Солардың ішіндегі ең танымал әрі жұмбақ оқиғаларға тоқталайық.MH370 – аспанда жоғалған ұшақ
2014 жылғы 8 наурызда Malaysia Airlines компаниясының MH370 рейсі Куала-Лумпурдан Бейжіңге бағыт алды. Ұшақ бортында 239 адам болған. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін байланыс үзілді. Радардан жоғалған Boeing 777 ұшағын іздеу жұмысы тарихтағы ең ауқымды халықаралық операцияға айналды. Үнді мұхитының әртүрлі аймағынан ұшаққа тиесілі болуы мүмкін бірнеше бөлшек табылды. Алайда ұшақтың негізгі бөлігі мен борттағы адамдардың тағдыры туралы барлық сұраққа жауап берілген жоқ.
MH370 оқиғасы авиация саласында қауіпсіздік, байланыс және ұшуды бақылау жүйелерін жетілдіру қажеттігін де көрсетті. Ал оның нақты тағдыры туралы сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр.
«Мэри Селест» – экипажсыз қалған кеме
1872 жылы Атлант мұхитында ерекше жағдай орын алды. Mary Celeste кемесі теңізде жүзіп бара жатқан жерінен экипажсыз күйде табылды. Ең таңғаларлығы – кеменің өзі жүруге жарамды болған. Жүктері сақталған, азық-түлік қорының бір бөлігі орнында тұрған. Бірақ кемеде бірде-бір адам болмаған.
Капитан мен экипаждың қайда кеткені белгісіз болып қалды. Осы уақытқа дейін бұл оқиғаға байланысты дауылдан бастап, теңіз суының әсері, кемедегі ақау және басқа да көптеген болжам айтылды. Дегенмен, экипаждың нақты не себепті кемені тастап кеткенін дәлелдейтін түпкілікті жауап жоқ. Сол себепті Mary Celeste теңіз тарихындағы ең танымал жұмбақ саналады.
Пасха аралының алып мүсіндері
Тынық мұхитындағы Рапа-Нуи, яғни Пасха аралы алып тас мүсінімен әлемге әйгілі. Moai деп аталатын бұл мүсіннің кейбірінің салмағы бірнеше тоннадан ондаған тоннаға дейін жетеді. Ежелгі арал тұрғындары оларды металл құралдары мен қазіргі заманғы ауыр техникаларсыз қашап жасаған. Бұдан кейін алып мүсінді карьерден аралдың әртүрлі бөліктеріне жеткізу қажет болды. Зерттеушілер мүсіндерді жылжытуға қатысты түрлі ғылыми түсіндірме ұсынған. Кейбір тәжірибе ежелгі адамның арқан мен басқа қарапайым құралды пайдаланып, мүсінді «жүргізе» алған болуы мүмкін екенін көрсетеді. Әйтсе де, бұл өркениеттің технологиясы мен ұйымдасуына қатысты көптеген сұрақ әлі де қызығушылық тудырады.
Войнич қолжазбасы – оқылмаған кітап
Кейде жұмбақтың өзі адам қолымен жазылған кітаптың ішінде жасырынып жатады. Соның бірі – Войнич қолжазбасы. Бұл көне қолжазбада түсініксіз таңбамен жазылған мәтін мен ерекше сурет бар. Онда өсімдік, аспан денесі және түрлі диаграмма бейнеленген. Ең қызығы – қолжазбаның мәтіні әлі күнге дейін толық әрі жалпы мойындалған түрде оқылған жоқ.
Оны ғалымдар, тіл мамандары мен криптографтар зерттеп келеді. Қолжазбаның шифрланған мәтін екені, белгісіз тілде жазылғаны немесе басқа мақсатта жасалғаны туралы әртүрлі пікірлер бар. Бірақ оның нақты мазмұны толық ашылған жоқ. Бірнеше ғасыр өтсе де, жұмбақ кітап өзінің құпиясын сақтап келеді.
Д.Б.Купер – парашютпен жоғалған адам
1971 жылы АҚШ-та ерекше қылмыс орын алды. Өзін D.B.Cooper деп таныстырған адам ұшақты басып алып, ақша мен парашют талап етті. Талаптары орындалғаннан кейін ол ұшақтан парашютпен секіріп кеткен. Одан кейін оны ешкім нақты анықтап, ұстай алмады. Тергеу барысында көптеген адамдар күдікке ілінді, түрлі болжам жасалды. Алайда Купердің нақты кім болғаны және оның кейінгі тағдыры туралы нақты дәлел табылмады. Бұл оқиға АҚШ тарихындағы ең әйгілі шешілмеген қылмыстық істердің біріне айналды.
Роаноктың жоғалған тұрғындары
XVI ғасырда Солтүстік Америкадағы Роанок колониясының тағдыры жұмбаққа айналды. Колонияға кейін келген адамдар тұрғындардың жоғалып кеткенін анықтады. Тұрғындардан қалған ең белгілі белгі – ағашқа ойылып жазылған «CROATOAN» деген сөз. Олардың қайда кеткені жөнінде бірнеше тарихи болжам бар. Кейбір теориялар тұрғындардың жергілікті халықпен бірге кеткенін немесе басқа елді мекенге көшкенін болжайды. Алайда нақты тарихи дәлелдің жеткіліксіздігі – Роанок оқиғасын әлі де жұмбақ күйінде қалдырады.
Дятлов асуы – таудағы жұмбақ өлім
1959 жылы Орал тауларындағы Дятлов асуында тоғыз тәжірибелі турист қаза тапты. Топ мүшелерінің өлімі көптеген сұрақ тудырды. Шатырдың ішкі жағынан кесілген іздердің болуы, адамдардың суықта сыртқа шығуы және кейбір мәйіттен ауыр жарақаттың анықталуы оқиғаның себебін түсіндіруді қиындатты. Осы жылдар ішінде қар көшкіні, табиғи құбылыс және басқа да нұсқа қарастырылды. Кейінгі зерттеулер табиғи факторға қатысты түсіндірмені күшейтті. Дегенмен оқиғаның барлық деталіне қатысты пікірталас әлі де кездеседі.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Сурет: ашық дереккөзден










