Адам миы – таңғажайып әлем
Адам ағзасындағы ең күрделі әрі жұмбақ мүше ол – ми. Адамдар ойлайды, есте сақтайды, сезеді, сөйлейді, үйренеді, шешім қабылдайды. Күнделікті жасап жүрген осы әрекеттің барлығы – мидың үздіксіз жұмысының нәтижесі. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, оның ішінде миллиардтаған жүйке жасушалары өзара байланысып, адам өмірін басқарып тұрады.Ғалымдардың мәліметінше, адам миында шамамен 86 миллиард нейрон бар. Әрбір нейрон мыңдаған басқа нейронмен байланыса алады. Олардың арасындағы байланыстың жалпы саны триллиондаған деңгейге жетеді. Осындай күрделі жүйе арқылы ми сыртқы ортадан ақпарат қабылдап, оны өңдеп, қажетті шешімді қалыптастырады.
Айта кетейік, миға қатысты ең қызықты деректің бірі – мидың өзінде ауырсыну рецепторы жоқ. Яғни ми тінінің өзі ауырсынуды сезбейді. Ауырсыну сезімі ми қабығы, қан тамыры және басқа құрылым арқылы пайда болады. Осы ерекшелік нейрохирургияда ерекше маңызға ие. Кейбір ми операциясы кезінде науқастың есін белгілі бір деңгейде сақтап, дәрігерлердің сұрағына жауап беруі қажет болуы мүмкін. Мұндай тәсіл дәрігерлерге мидың сөйлеу, қозғалыс сияқты маңызды қызметіне жауап беретін аймақтарды сақтауға көмектеседі.
Бір қызығы, жүйке жүйесі арқылы ақпарат өте жоғары жылдамдықпен таралады. Кейбір жүйке талшығындағы импульстардың жылдамдығы секундына шамамен 120 метрге, яғни сағатына 400 шақырымнан астам көрсеткішке жетуі мүмкін. Адамның қоршаған ортаны тез қабылдап, оған жауап беруінің бір себебіне айналады. Мысалы, жолдан өтіп бара жатқан адам көлікті байқап қалса, ми көзден келген ақпаратты жылдам өңдеп, бұлшықетке қажетті әрекетті орындауға белгі береді.
Адамның миы өмір бойы өзгеріп отырады. Жаңа тіл үйрену, музыкалық аспапта ойнау, кітап оқу, жаңа дағды меңгеру немесе белгілі бір әрекетті қайталау кезінде нейрон арасындағы байланыс өзгереді. Ерекше қасиет нейропластикалылық деп аталады. Яғни ми жаңа тәжірибеге бейімделіп, өзінің жұмыс істеу тәсілін өзгерте алады. Сондықтан «адамның миы тек балалық шақта ғана дамиды» деген түсінік дұрыс емес. Үйрену мен тәжірибе мидың қызметіне өмір бойы әсер етеді.
Күлген кезде мидың бір ғана бөлігі емес, бірнеше аймағы қатар іске қосылады. Эмоцияға, тыныс алуға, қозғалысқа және әлеуметтік қарым-қатынасқа қатысатын бірнеше жүйе өзара әрекеттеседі. Сондықтан күлкі – жай ғана көңіл көтерудің көрінісі болып есептелмейді. Жағымды эмоция адамның психологиялық жағдайына әсер етіп, күйзеліс деңгейін төмендетуге ықпал етуі мүмкін. Кейде шынайы күлкі адамның көңіл күйін бір сәтте өзгертіп жібереді.
«Ұйықтағанда ми демалады» деген түсінік толық дәл емес. Адам ұйықтап жатқанда ми қызметін тоқтатпайды. Керісінше, ұйқы кезінде ағза үшін маңызды бірқатар процесс жүреді. Ми күн ішінде алынған ақпаратты сұрыптайды, маңызды естелікті бекітуге қатысады және қажетсіз ақпаратты әлсіретеді. Осы себепті сапалы ұйқы адамның есте сақтау қабілеті мен оқу үдерісі үшін өте маңызды.
Тіпті, ұйқының кейбір кезеңінде мидың жекелеген аймағының белсенділігі жоғары болуы мүмкін. Демек, адам көзін жұмып жатқанымен, оның миында күрделі процесс жалғаса береді. Біз «көзіммен көрдім» деп айтамыз. Алайда көру процессінің негізгі мағынасын ашатын мүше – ми. Көз жарықты қабылдап, оны жүйке сигналына айналдырады. Ал түсті, пішінді, қозғалысты, кеңістікті және адамның жүзін тану сияқты күрделі жұмысты ми жүзеге асырады. Сондықтан кейде көз көрген нәрсеге ми басқа мағына беруі мүмкін. Оптикалық иллюзия – соның айқын мысалы. Бір суретке қараған екі адам бір нәрсені әртүрлі қабылдауы да мүмкін.
Музыка тыңдаған кезде мидың бірнеше жүйесі қатар жұмыс істейді. Есту, есте сақтау, эмоция және қозғалысқа жауап беретін аймақ бір-бірімен байланысады. Ал музыкалық аспапта ойнау кезінде бұл үдеріс одан да күрделене түседі. Адам бір мезетте дыбысты тыңдап, оны есте сақтап, қолының қозғалысын басқарып, ырғақты бақылауы керек. Расында, музыка адамның көңіл күйі мен есте сақтау мен танымдық қабілетіне де әсер етуі мүмкін.
Ми кейде өз естелігіне өзі «қосымша» жасайды. Адамның жады бейнежазба құрылғысы сияқты, әр оқиғаны өзгеріссіз сақтамайды. Естелік уақыт өте келе өзгеруі мүмкін. Адам белгілі бір оқиғаның кейбір бөлшегін ұмытып, кейін оларды басқа ақпаратпен толықтыруы ықтимал.
Сол себепті адамның бір оқиға туралы естелігі уақыт өте келе бастапқы жағдайдан өзгеше болуы мүмкін. Бұл құбылыс, әсіресе, куәгерлердің естеліктерін зерттеуде маңызды.
Ғашықтық – адамның эмоциялық жағдайынан бөлек, ми жұмысына да байланысты күрделі құбылыс. Ғашық болған кезде мидың марапаттау жүйесіне қатысатын нейромедиатор мен басқа да химиялық процес белсенді өзгереді. Адам сүйікті адамы туралы жиі ойлап, онымен кездесуден ерекше қуаныш сезінуі мүмкін. Яғни махаббат сезімінің артында тек жүрек тұрмайды. Мида жүріп жатқан күрделі биологиялық құбылыс бар.
Адам миының салмағы дене салмағының шамамен 2 пайызын ғана құрайды. Соған қарамастан, ол ағза тұтынатын энергия мен оттегінің шамамен 20 пайызына жуық бөлігін пайдаланады. Бұл мидың қаншалықты белсенді мүше екенін көрсетеді. Ойлау, есте сақтау, қозғалысты басқару, тыныс алу мен жүрек жұмысына байланысты көптеген әрекеттің үздіксіз жүруі энергияны қажет етеді.
Ми әлемді жай ғана қабылдап қоймайды. Ол алынған ақпарат негізінде келесі сәтте не болуы мүмкін екенін үнемі болжауға тырысады. Көзге түскен ақпарат миға жетіп, өңделгенше белгілі бір уақыт өтеді. Осы аралықта ми бұрынғы тәжірибені, қозғалыс бағытын және қоршаған ортадағы заңдылықты пайдаланып, ақпаратты түсіндіреді. Сондықтан біз айналамыздағы әлемді үздіксіз әрі бірден қабылдап тұрғандай сезінеміз.
Ғылым адам миының көптеген құпиясын ашқанымен, оның барлық мүмкіндігін толық түсініп болған жоқ. Миллиардтаған нейронның өзара байланысы, сана, жады, түс көру, эмоция және шығармашылық сияқты күрделі құбылыс әлі де ғалымдардың зерттеу нысаны болып отыр.
Мидың ерекшелігі – оның тек ақпаратты қабылдап қана қоймай, үйрене алуы, бейімделуі және өзгеруі. Адам жаңа нәрсе үйренген сайын өзінің миын да белгілі бір деңгейде қайта қалыптастырады. Сондықтан кітап оқу, білім алу, жаңа дағды меңгеру, музыкамен айналысу, сапалы ұйқы және белсенді ойлау – адамның танымдық мүмкіндігін дамытуға ықпал ететін маңызды әдет.
Адам миы – табиғат жаратқан ең күрделі жүйе. Оның ішінде, миллиардтаған нейрон өзара байланысып, біздің әр ойымызды, әр қимылымызды, әр естелігімізді қалыптастырады. Ең қызығы, адам мидың мүмкіндігін зерттей отырып, шын мәнінде өзімізді танып-білуге қадам жасайды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Сурет: ашық дереккөзден










