Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі алғашқы жартыжылдықтың қорытынды есебін берді

Аудан әкімі алғашқы жартыжылдықтың қорытынды есебін берді

Аудандық мәслихаттың кезекті 54-сессиясы карантин талаптарына сәйкес қашықтан ұйымдастырылды. Видеобайланыс арқылы байланысқа шыққан депутаттар сессияның күн тәртібіне ұсынылған екі мәселені талқылап, шешім жобаларын бекітті. Сессияны аудандық мәслихаттың депутаты Е.Жақыпов жүргізді.

Сессия күн тәртібіне ұсынылған алғашқы мәселе аудан әкімінің аудандық мәслихат депутаттары алдында жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуына арналды. Бұл жөнінде аудан әкімі Р.Рүстемов баяндама жасады. Аудан басшысы есепті мерзімді атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, мақсат-міндеттердің орындалу барысына және алдағы жоспарларға қатысты көрсеткіштерді жария етті.

– Экономикаға тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасып, осы жылдың 1 шілдесіне өнеркәсіп 67,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 69 пайызға артты. Осы жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,7 пайызға ұлғайды. 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10,8 пайызға өсті, – деген аудан әкімі экономика, құрылыс, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы және әлеуметтік сала жетістіктеріне жеке-жеке тоқталды. Сонымен қатар аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен бөлінген қаржылардың тиімді игерілуі ауқымды жұмыстардың атқарылуына негіз болғанын атап өтті.

Аудан басшысы алдағы уақытта атқарылатын жоспарлар жөнінде де баяндады. Оның ішінде кәсіпкерлік саласын дамытуға басымдық беріліп, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендету күн тәртібінен түспейді. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы мен жол жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі де басты назарда болмақ. Атап өту керек, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық мәслихат депутаттары Д.Ералиев пен Б.Есназар сөз сөйлеп, есепті мерзімді атқарылған жұмыстарды жоғары бағалады.

Сессиядағы екінші мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров баяндама жасады. Ол «2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 23 желтоқсандағы №361 шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде хабарлама жасады. Мұнан бөлек «Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шаған ауылының көшесіне атау беру» туралы аудан әкімдігінің №291 және аудандық мәслихаттың №232 шешіміне өзгеріс енгізу бойынша аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Жұмабеков түсініктеме берді. Сессия соңында барлық мәселелер бойынша шешім қабылданды және аудандық мәслихаттың кезекті сессияның төрағасы болып аудандық мәслихат депутаты Д.Ералиев сайланды.

14 тамыз 2020 ж. 463 0