Баланы да, гүлді де баптаған
Гүл өсіру мәдениеті ежелден қалыптасқан. Әлемде гүл өсіруден көш бастап тұрған елдер бар. Олардың қатарына қосылу үшін бізге әлі талай уақыт керек. Яғни, арнайы маманның болмауы бұл саланың кенжелеп қалуына әкелуде. Ауданда ерте көктемде мекеме алдына, орталық көшелер мен алаңға гүл егу жұмыстары жүргізіледі. Оны күтіп баптауға мамандар бөлініп, кент келбетінін ажары кіреді.
Гүл егу үрдісі кент тұрғындары арасында да қалыптасқан. Әсіресе, егде жастағы адамдар бау-бақшаларына, ауласына гүл өсіріп, көркейту-көгалдандыруға үлесін қосып келеді. Бұл бір жағынан отбасында қалыптасқан тәрбие мен мәдениеттің белгісі. Айналасын әсемдікке, тазалыққа бөлейтін адамның отбасын үлгі етіп, насихаттау – біздің парызымыз. Сондай еңбекті сүйетін жанның бірі – Сұлупан Шамшадинова. Апай ауласына гүлдің неше түрін егіп, айналасын әсемдікке бөлеп жүр.
Ардақты ұстаздың әсем гүлдерге қызығушылығы студеттік шақтан басталған. Қызылорда қаласындағы бұрынғы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне оқуға түскен бойжеткен үлкен аудиторияға кіргенде жайқалған өсімдіктерді көріп, таң-тамаша болады. Оларға көзі тойғаны соншалық, әрқайсысының иісін иіскеп, көңілі жайнай түседі.
– Ақындар гүлді қызға, қызды гүлге теңеп жатады. Көңіл хошыңды көтеретін әсем гүлдердің жамандық атаулыны жоятын қасиеті бар ма дейсіз?! Гүл өсіру арқылы бойыңызға күш-қуат аласыз. Әсемдікте өмір сүру, таза ауамен демалу – адамға Алланың берген сыйы. Аулаңда гүл өсірсең, үй іші гүлге толса, ой-өрісің, мәдениетің де кеңейеді, – дейді ақ жаулықты ана.
Қырық жылға жуық ұстаздық еткен Сұлупан апай еңбек жолын бастаған жылдарын сағынышпен еске алады. Оның ұлағатты ұстаз болумен қатар гүл өсіруге келгенде алдына жан салмайтын қасиеті әріптестерінен ерекшелеген. Мұндай әуестігі мен қызығушылығы талай әріптестерін таңқалдырған.
Бірде республиканың түкпір-түкпірінен семинарға жиналған әріптестері химия кабинетіне кіріп, бейне бір орманға кіріп кеткендей әсерде қалғанын айтады. Олар Сұлупан апайдың гүл өсіру шеберлігін көздерімен көріп, ризашылығын білдірген. Сонымен қатар түрлі зертханалық дәріс жүргізетін арнайы кабинетте өсімдіктер арқылы оттегінің мол болуы дұрыс деп бағаланып, тәжірибе ретінде үлгі етілген.
– Оқушылар тәжірибе жүргізеді. Химиялық реакция кезінде улы газ бөлінетіндіктен шәкірттерімнің денсаулығы бәрінен маңызды болды. Зиян келтірмеу жағын ойлап, гүлдің неше түрін жайқалтып қоятынмын. Қазір ұстаздар осыны үйренсе екен, таза ауада тыныстаған баланың ойы сергек болады, – дейді ардақты ұстаз.
Иә, гүл өсіру оңай емес. Кез келген адам гүлдің «тілін» таба білмейді. Жаны нәзік, гүлмен сырласа білетін адамның ғана өсірген гүлі жайқалып өсетіні белгілі. Гүлдің сырын білетін Сұлупан апай гүлдің кейбірі күнді ұнатса, кейбірі көлеңкені қалайды дейді. Гүлдер бір, екі, көпжылдық болып бөлінетінін айтады. Гүлдейтін мезгілі де әртүрлі болады. Бірі таңертең, бірі түсте, енді бірі кешке гүл ашады. Суару мерзімі әралуан. Мәселен суды көп қажет ететіндер немесе керісінше, аз қажет ететіндер бар.
– Жыл сайын есіктің алдына бірнеше гүл түрін егемін. Күзде тұқымын жинап, келесі көктемге сақтаймын. Күздің соңына дейін жайқалып тұратын гүлдер де бар. Таңертең немерелерім оянғанда гүлдерді иіскеп рахаттанады. Мен үшін содан асқан қуаныш жоқ. Әжелерінің жақсы көретін ісін бағалап, ертең өздері де осындай еңбекпен шұғылданатынына сенемін, – дейді Сұлупан апай.
Ардагер ұстаз дала өсімдіктерімен қатар үй өсімдіктерін өсірумен де айналысады. Жас кезіндегі әдетінен, қызығушылығынан айнымаған. Бірақ қазір гүлдің түрі де атауы да басқаша болғандықтан, кейде кейбірінің тілін табу оңайға соқпайды. Сондайда өз бетінше ізденуге, отырғызған гүлдің бабын табуға тура келеді. Мәселен, голландық гүлдердің кейбіреуін табақша арқылы ғана суарса, мүлдем күннің көзін жақтырмайтындар да бар. Ал топырағының құнарлылығын арттыру үшін тыңайтқыштар пайдалану қажет болады. Гүлге қатысты ырымдарды қалт жібермейтін жаны сұлу апай гүлдің бұтағын иесіне көрсетпей алып кетсе, жақсы өседі дегенге сенеді.
Әсемдікке, сұлулыққа, эстетикалық талғамға жаны бай ұлағатты ұстаз жалқаулыққа жаны қас. Күнделікті әдетімен аулада жайқалып тұрған гүлдерін баптауға асыққан қарт ұстаздың өмір жасы ұзақ болғай!
Бибісара ЖАНӘЛІ