Жыр дүлдүліне қос көше берілген
Басылымның «Кент көшелері» айдары аясында биыл 175 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп жатқан халық ақыны Жамбыл Жабаев атындағы көше жайында жазбақпыз. Тереңөзек кенті орталығында орналасқан Жамбыл Жабаев атындағы көшені аудандық ономастикалық комиссиясының №2 ұйғарымымен 2011 жылдың шілде айында қайта атаған.
Елімізбен қатар, алыс-жақын мемлекеттерде көше мен білім ошақтарына өлең-сөздің дүлдүлі атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаев есімі берілген. Кенттегі Жамбыл Жабаев атындағы көшеде қазіргі уақытта 70-ке жуық тұрғын үй бар. Аудан орталығындағы көше Қазақ және Абай Құнанбайұлы көшелерімен қиылысады. Көшенің шарықтау шегі «Әйтек» су арнасымен түйіседі. Берекесі тасыған, қазаны оттан түспеген тұрғындар татулықтың үлгісін көрсетіп келеді. Көненің көзін көрген қазыналы қарттар мен көпбалалы аналар көршінің татулығын, мызғымас бірлігін айшықтауда.
– Мен бұл көшеде 51 жыл бойы тұрып келемін. Біздер ауданның дамуына еңселі еңбек еткен бірнеше азаматтармен көрші тұрдық. Балалық шағымыз бен өмірге қалыптасу кезеңіміз көз алдымызда. «Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Бұрынғы кезеңді артқа тастап, дәуір жылнамасымен бірге жасасып келеміз. Ұрпағымыз есейіп, елге қызмет етсем деп жүр. Санадағы барлық естелік тарихтың қойнауына енетіні рас. Біз жыр дүлдүлі атындағы көшеде тұратынымызды мақтан етеміз, – дейді ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек еткен көше тұрғыны Әбдіуәли Жанбосынов.
1941 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған Жамбыл Жабаев 99 жасында дүние салды. Айтыстың хас шеберлері Айкүміс, Құлманбет, Шашубай, Досмағанбет секілді ақындармен сөз қағыстырған ақынның жауһар жырлары ел есінде. Ол «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Керғұлы», «Бақ, дәулет, ақыл» дастандарымен жұртышылыққа кеңінен танылған. Зұлмат соғыс жылдары «Жеңіс жырын сайрандар», «Ленинградтық өренім» өлеңдері ұлтқа ерекше рух сыйлаған.
Қазіргі таңда кенттегі Жамбыл Жабаев көшесінің бойында бірнеше мекеме жұмыс жасайды. Мәселен, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №12 өрт сөндіру бөлімі, аудандық ветеринарлық станциясы, «Достық үйі» мекемелері орналасқан. Сонымен бірге кәсіпкерлік нысандары халық игілігіне қызмет көрсетуде. Мұнда 1 азық-түлік дүкені, 1 балаларға арналған дүкен, 1 гүлдер дүкені, 1 балмұздақ дүкені бар. Той салоны мен ойын орталығы да кәсіпкерлік саласына серпін беруде. Өткен ғасырдың соңғы жылдары көше бойында сауда-саттық қызметі жандана түсіп, үлкен базар жұмыс жасаған.
Айта кету керек, Жамбыл Жабаев көшесінің қиылысында кент әкімінің 1996 жылғы №7 шешімімен Жамбыл тұйығы қоса берілген. Мұнда 20-ға жуық тұрғын үй бар.
Балтабай ОРДАБЕКОВ