Баланың бабын тапқан бөбекжай
Соңғы 35 жылда халық баласына білім мен тәрбиені үздіксіз беріп келе жатқан іргелі ұжымның бірі – №6 «Ботакөз» санаториялық бөбекжайы. Бөбекжай қызметінің ерекшелігі – аудандық тубдиспансердің жолдамасымен туберкулез дерті ошағының және әртүрлі диагнозбен «Д» есепте тұратын жандардың балалары тәрбиеленеді. Бөбекжай басшысы Қарлығаш Байжанова басқаратын ұжымның әр жылдары жұмысы ілгері басып келеді. Кішкентай балғынның бабын тапқан бөбекжай қызметімен «Балалар жылы» аясында танысқан болатынбыз.
Ең алғаш №6 «Ботакөз» санаториялық бөбекжайы екі қабатты типтік жобада 140 балаға арналып салынған. Өз кезегінде бөбекжай «ПМК-15» жылжымалы механикаландырылған колонна мекемесінің жұмысшыларының балаларына арналған ведомоствалық балабақша ретінде ашылған. Осыдан 24 жыл бұрын туберкулез ауруының алдын алу шарасын жүргізетін санаториялық бөбекжайға лайықтандырылды.
– Осы уақытқа дейін абырой биігінен түспеген ұжымның еңбегі зор. Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ұжымның алдында айқын жоспар бар. Біз қашанда ата-ананың сенім үдесінен шығып, сапаға аса көңіл бөлуіміз керек. 2007 жылы 5 күндік жұмыс кестесіне көшірілген бөбекжайда әдіскер Жанар Әбдіреева, тәжірибелі тәрбиеші Нұрбала Қайыпова, Айгүл Меңлібаева, Айнұр Бохаева, Жаннат Құрманаева, Жадыра Ақмырзаева, Мирамкүл Құспаева, есепші Айгүл Ахмет, медбике Жанар Тұйғынова, қызметкерлер Гүлзат Кәрім, Жанат Жақсылықова, Нүркен Асан, Мархабат Жанәлиева, Айнұр Нағманова, Жанна Бегімбаева мен Гүлзада Ибраймова, Жанат Шораева, Үбәйділлә Байжанов, Жұлдыз Бердіхожаева, қойма меңгерушісі Любовь Төленова, бар. Айта кетейік, осыдан 7 жыл бұрын №1 «Қызғалдақ» балабақшасының ғимаратына бөбекжай көшірілді. Осы күні білікті мамандарымыз 1-5 жас аралығында «Ақ көгершін» тобында 26 баланы тәрбиелеуде. Негізінен, балғындар бөбекжайға тегін қабылданады. Күнделікті оларға алты мезгіл тамақ беріледі, – дейді «Ботакөз» балабақшасының меңгерушісі Қарлығаш Байжанова.
«Балалар жылы» аясында бөбекжайға газ орнату үшін сметалық құжатқа сараптамалық қорытынды алуға, ас бөлмесіне су кіргізуге жеке кәсіпкерлер демеушілік жасаған. Бұл ретте, жеке кәсіпкер Нұрлан Әбілдаев, Дархан Шағыров, Мақсат Бекенов, Мағрипа Өтепбергенова, Ердос Бақторазовқа берекелі ұжым өз алғысын жеткізеді. Осыған дейін бөбекжайды Любовь Санина, Гүлбарам Әбілова, Қазына Жақыпбекова, Құрманкүл Байжан, Үміт Жұмабаева мен Света Сақтапова басқарған. Педагогикалық ұжымның ұйымдастыруымен түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Биыл бөбекжаймен 3 тәрбиеленуші қоштасты. Оқу-тәрбие жұмысында «Ойын», «Тәй-тәй», АКТ технологиясы мен Воскобович ойын әдісі мүмкіндігінше қолданылады. Сонымен бірге бөбекжай мамандары топтық, ұжымдық жұмыс жасауды толықтай қалыптастыруда. Жақында №6 «Ботакөз» бөбекжайында жазғы сауықтыру жұмыстарының ұйымдастырылуы жайында аймақтық семинар жоғары деңгейде өткізілді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ