Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Барлық тәрбие балабақшадан басталады

Барлық тәрбие балабақшадан басталады

Әрбір баланың білім көкжиегіне қанат қағуы балабақшадан басталады десек қа­телеспейміз. Есін енді ғана білген бүлдіршін мектепке дейінгі білім беретін мекемеде айналасын танып біліп, өмірге бейімделе түседі. Балабақшадағы үздіксіз тәрбие мен сапалы білім ел ертеңі саналатын балғындарды ерте жетілдіреді, ой-өрісін дамытады. Міне, сондықтан да барлық білімнің бастауы болған балабақшалардың адам өмірінде маңызы зор.

Ауданда мектепке дейінгі берілетін біліммен қамтамасыз етуде үлгілі ұжым­дар жетерлік. Солардың қатарында Те­реңөзек кенті орталығындағы №1 «Қыз­ғалдақ» бөбекжай балабақшасы ұжы­мын айтуға толық негіз бар. Өйткені, ұйымшыл ұжым бала тәрбиесінде жа­ңашылдыққа бейімделіп, әркез ата-ана­лардың алғысына бөленіп келеді.

№1 «Қызғалдақ» балабақшасы әуел­де кент орталығындағы Қ.Қазантаев кө­шесінде орналасқанын көпшілік жақсы біледі. Осы жерде жартылай жұмыс істеп тұрған бөбекжайды толық іске қосу мақсатында аудан әкімдігі қолдау көрсетіп, №6 «Ботакөз» балабақшасы ғимаратымен ауыстыру жұмыстары жүр­гізілген. Екі қабатты типтік жобада салынған ғимарат 140 орынға лайық­тандырылған. Осы ғимаратқа көшкеннен кейін 2015 жылы балабақша күрделі жөндеуден өткен. Соның нәтижесінде, мектепке дейінгі білім беру мекемесі заманға сай жабдықталып, 2 топта 50 баланы және қосымша мемлекеттік тапсырыспен «Балапан» бағдарламасы аясында 4 топта 80 баланы толықтай қамтыған. Ал бүгінгі таңда ұжым 6 топта 130 баланы бастапқы біліммен қамтамасыз етуде.

– Әрбір топтың демалатын, оқитын, ойын ойнайтын және тамақтанатын бөл­мелері бар. Топтар әрбір жас ерек­шеліктеріне қарай бөлініп, толық қажетті жиһаздармен қамтылған. Бө­бек­­жай балақшасы аумағы да ойын алаңдарымен және жабық алаңқай­лармен безендірілген. Күн жылы мезгіл­дерде тәрбиеленушілер осы жерлерде уақыттарын қызықты өткізеді, – дейді білікті басшы, балабақша меңгерушісі Ғайни Хайроллақызы.

Балабақша бөбекжай болған соң мұнда бүлдіршіндерді 2 жастан бастап қабылдайды. Оларды мекемеде 18 педагог маман тәрбиелейді. Ал негізі мұнда барлығы 43 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында тәрбиешілер, әуез жетекшісі, психолог, логопед, медицина қызметкері және техникалық қызметкерлер бар.

Балғындардың тәлімді тәрбие алып, шығармашылықпен айналысуына бар­лық жағдай жасалған білім меке­месінде І санатты 8 педагог жемісті еңбек етуде. Балабақша педагогтары «Дамыта оқыту», «Триз», «Денсаулық», «Тәй-тәй», «АКТ» және «Ойын» се­кілді тиімді технологиялар арқылы бүлдіршіндердің ой-өрісін дамытуға ықпал етіп келеді. Сондай-ақ жаңартылған білім беру маз­мұны бойынша 3 модератор, 1 сарапшы маман жаңа әдіс-тәсілдермен білім беруде. Бүгінде жаңа тәсілдерге тәрбиешілер машықтанған.

Бөбекжайда естияр шақтан тәрбие алатын балғындардың барлық еркелігін көтеріп, бастапқы білім алуына елеулі еңбек ететін тәжірибелі мамандар қатары жетерлік. Олардың арасында бала жанының бағбанына айналған Маржан Жүніс, Райкүл Айкөпешова, Шәрбану Тоқымова, Аманкүл Сариновалар – жас буынға үлгі-өнегесі көп аға буын өкілдері. Ал Дина Төлтаева, Гүлназ Наватова, Қарлығаш Байжановалар – ізнеміпаз тәрбиешілер. Бала тәрбиесіне етене араласып жүрген Ботакөз Шіл­дебаева, Ағайша Қызылбаева, Ба­қыт­гүл Емжарова, Гүлмира Дүйсе­баева­ларды да ерекше атап өтуге болады. Сонымен бірге балабақшаның психологы Жайна Құдайбергенова, медицина қызметкері Сауина Шәкенова, аспазшы Жанат Қо­нақбайдың еңбектері елеулі. Бөбекжайдың шаруашылық жұмыстарын атқарып жүрген Асылхан Айжанов пен Қуаныш Қосжанов та ұжымда сыйлы.

– Біздегі тәрбиешілердің барлығы білікті мамандар. Ата-аналармен жақсы қарым-қатынастамыз. Әр ата-ананың біз­ге артқан сенімін ақтап, балаларына сапалы білім беріп, олардың нағыз азамат болып қалыптасуында бүкіл ұжым болып атсалысудамыз. Әр жыл сайын топқа бүлдіршіндер толығымен келеді. Бұл – ата-аналардың біздің еңбегімізді бағалап, бізге деген сенімдерінің нәти­жесі деп білеміз, – дейді балабақша мең­герушісі.

Айтулы жаңалық, бөбекжайда өткен жылдан бері логопед маман қызмет көрсетіп келеді. Жас маман Азиза Досанова арнайы жабдықталған кабинетте 17 баламен жұмыс істейді. Ол бүлдіршіндерге түрлі сабақтар өткізіп, тілінің жаттығуына, анық сөйлеуіне бар күш-жігерін жұмсауда.

Бала тәрбиелеуге машықтанған ма­­ман­дар еселі еңбектерінің нәти­жесін көріп келеді. Мәселен, Ж.Құдай­бер­генова Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, Г.Абенова, Ж.Әбсадықова, А.Са­ри­но­ва облыстық білім және ғылым қызмет­керлері кәсіподағының, Р.Айкөпешова, Ш.Тоқымова, Қ.Байжанова, Д.Төлтаева аудандық білім қызметкерлері кәсіп­одағының «Құрмет грамотасымен» ма­ра­патталған. Сондай-ақ Г.Наватова, Ш.Тоқымова, Д.Төлтаева «Халықаралық ғылыми тәжірибе» республикалық олим­пиадалар орталығынының дип­ломын, Г.Сырғабаева республикалық қашықтықтан өткізілген олимиаданың І және ІІ дәрежелі дипломын иеленген. Қазіргі карантин кезеңінде де бала­бақша белсенділік танытуда. Аудан бойынша алғашқылардың бірі болып «Балабақшада саламатты өмір салтын ұйымдастыру» тақырыбы бойынша онлайн семинар өткізген. Мұның барлығы ұйымшыл ұжымның бала тәрбиелеудегі жетістігі мен айшықты жұмыстары екені айқын.

– Бөбекжайда бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан біздің таңдауымыз «Қызғалдақ» ба­ла­бақшасы болды. Қазір мұнда ме­нің ұл-қыздарым тәрбиеленуде. Білікті, тәжірибесі мол тәрбиешілер бала­ларымның жақсы тәрбие алуына, сапалы білім алуына еңбек етуде. Оларға айтар алғысым шексіз, – дейді кент тұрғыны Жұлдызай Дүзімбетова.

Иә, мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінің атқарар ісі ұшан-теңіз екені рас. Қоғамның кішкентай мүшелерінің ертеңгі күні елдің нағыз отансүйгіш, елжанды азаматы болып қалыптасуына алдымен ата-ана жауапты десек, сол тәрбиені ары қарай ұштап, бала санасына сіңіруде балабақша тәрбиешісінің де төгер тері аз емес. Мұндай істе №1 «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасының ұжымы абырой биігінен көрініп келеді. Алдағы уақытта да сол биігінен аласармасын деген тілектеміз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
17 сәуір 2021 ж. 617 0