Әсем ғимаратта орналасқан бөбекжай
2015 жылы қайта жаңғырған Қалжан ахун ауылдағы «Гүлдер» бөбекжайы балабақшасы 1-5 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиеге баулиды. Әсем ғимаратта орналасқан бөбекжай ауыл бүлдіршіндерін толыққанды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып отыр. Балабақшаға 23 жылдан бері басшылық жасайтын білікті педагог Гүлмира Махамбетова қазіргі таңда кезекші топқа 45 бала қабылданғанын айтады.
– 70 орындық бөбекжай балабақшасы осыдан бірнеше жыл бұрын қайта жаңғырды. Ескі ғимаратқа қосымша құрылыс жүргізіліп, барлығы талапқа сай қайта жабдықталды. Балабақшада ойын бөлмесі, жатын бөлме, толық жабдықталған асхана, қосымша кабинеттер бар. 11 педагог маман балғындарға мектепке дейінгі тәрбие берумен айналысады. Медбике, психолог, әуез жетекшіміз бар. Мектепке дейінгі білім беру стандартына сәйкес, күніне 2-3 рет ұйымдастырылған оқу қызметі көрсетіледі. Түстен кейінгі мезгілде вариативтік бөлім негізінде ойын түрінде баламен жұмыс жүргізіледі, – дейді тәжірибелі маман Г.Орынтайқызы.
«Гүлдер» бөбекжай балабақшасының биылғы жылғы жетістігі – жақында ашылатын инклюзивті кабинеттің іске қосылуы. Жаңадан жабдықталған кабинетте арнайы логопед-маман алдағы уақытта бүлдіршіндердің ойлау, сөйлеу қабілетін дамытуға жұмыс жасайтын болады.
Сонымен қатар балабақшадағы тәжірибелі тәрбиешілер Ж.Таюпова мен Л.Құлмағанбетова жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес арнайы курстан өтіп, балғындармен оқу қызметін өтуде.
Бибісара ЖАНӘЛІ