Тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түрді
Аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қоғамдық санада сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеуді қалыптастыру» бағытында бірқатар мекеме басшысы мен қызметкерлері аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. Ең алдымен Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Ә.Рахымжанов көпшіліктің талап-тілегін тыңдады.
Қабылдау барысында мекеме басшысына орман және жануарлар дүниесін қорғау жөнінде мәселе бойынша бірнеше тұрғын сауал қойды. Өз кезегінде Ә.Рахымжанов тұрғындарға заң аясында жауап беріп, кейбір салалық мәселені өз назарына алатындығын жеткізді. Сонымен бірге 236 549 га орман қоры жерін қорғау, өрттің алдын алу іс-шараларын жүргізу, аудан көлемінде мекен ететін жануарларды қорғау жөнінде атқарылып жатқан кешенді іс-шараларға тоқталды.
Кезекті қабылдауда Қызылорда газ тарату жүйесі учаскесінің шебері О.Сайлаубек жергілікті тұрғындармен кездесті. Газ тарату жүйесіне байланысты сала маманына тұрғындар бірнеше сұрақ қойып, тұшымды жауап алды. Өз кезегінде ауданға қарасты елді мекендерге газ жүйесін тарту мәселесі көтерілді.
Сырдария аудандық аумақтық инспекциясының басшысы М.Наурызбаев тұрғындармен жүздесу барысында мекеменің мемлекеттік бақылау және қадағалау функциясымен қоса арнайы қызметтер көрсететінін айтты. Саланың негізгі міндетін саралаған мекеме басшысы көктем-жаз айларында азиялық шегірткенің және италиялық прустың дернәсілдер кезеңіне қарсы мониторинг жұмысы жүргізілгендігін тілге тиек етті. Осылайша, алдағы уақытта аудан көлеміндегі жайылымдық, шабындық және ауыл шаруашылығы дақылдары егілген егістік жерлері толық зерттеліп, зиянкесті жою жоспарланған.
Бүгінде көпшілік мал шаруашылығына ден қойған. Жекелеген тұрғындар төрт түлікті баптап, күнкөріске жаратуда. Бұл ретте, ветеринария саласының негізгі басым-бағыты, атқаратын қызметі жөнінде халыққа түсіндіру үшін кәсіпорын басшысы Н.Даулетбаев қабылдау жүргізді. Жеке қабылдауда тұрғындар мал шаруашылығы саласындағы қиындықтарды тізбектеді. Мал ұрлығы, төрт түлікті бірдейлендіру, түрлі аурулардың алдын алу іс-шараларына қатысты жұмысты күшейту керектігін айтты. Аудандық ветеринариялық станциясының директоры қабылдауға келген тұрғындар тарапынан көтерілген мәселердің шешілу жолдары Заң аясында қарастырылатынын түсіндірді.
Мекеме басшылары қызметкерлерге сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін түсіндерме жұмысы тұрақты жүргізілетінін жеткізді. Осы бағыттағы іс-шараларды «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры алдағы уақытта да ұйымдастырмақ.
Балтабай Аябекұлы