Келелі мәселелер талқыланды
Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысына сәйкес «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен кент мәдениет үйінде «Күйіңе сенбе, әділ ісіңе сен! Жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері және жергілікті тұрғындардың қатысуымен кездесу өткізілді.
Келелі жиынды ашқан аудан прокуроры Е.Алмазұлы жиналғандарға күн тәртібінде қаралатын мәселелерді таныстырды. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді атап өтті. Қоғам індетін тежеудің негізгі талаптары бірнеше тармақтан тұрады. Жыл өткен сайын ел көлемінде жемқорлыққа қатысты қылмыстардың көбеюі алаңдатады. Бұл ретте «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің директоры Ә.Рахымжанов жемқорлыққа қарсы атқарған жұмыстарына тоқталды. Негізінен мекеме тарапынан жоспарлы жұмыс кестесі бекітіліп, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалымен біріккен түрде іс-шаралар қолға алынған. Ал мекеме қызметкерлеріне «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңының барлық бөлімі таныстырылып, жемқорлық көріністерінен туындайтын құқық бұзушылық факторларын болдырмау көзделген. Сан алуан көрнекілік құралдарын пайдалана отырып, сыбайластықты болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Өз кезегінде аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Ибраев орман қорлары жерлерінде есірткі егу мәселесін көтерді. Қазіргі таңда арнайы рейд барысында «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің иелегіндегі жерлерде есірткі егу фактісі тіркелмеген. Күнделікті орман-тоғайлардың аумағы тексеріліп, жіті назарға алынған.
Жиында талқыланған өзекті мәселелердің бірі аң аулауға қатысты болды. Аудан тұрғындары аң аулауға рұқсат беретін құжатты алу үшін біршама уақыт кететіндігін алға тартты. Әр маусымда аңшылықпен айналысатын азаматтарға жан-жақты мүмкіндік қарастырып, аудан көлемінде мәселелердің шешілуін назарға алуды ұсынды.
Аудан прокуроры Е.Алмазұлы орман қорларындағы жерлерде сексеуілді егу, оны қорғауды жауаптылықпен атқару керектігін айтты. Айта кету керек, сексеуілді заңсыз кесуге тосқауыл қою маңызды факторға айналып отыр. Көпшілік көкейіндегі мәселелерді жан-жақты саралаған аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров кез келген жағдайда құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қоғам болып күрес жүргізу керектігін жеткізді.
Жиын соңыңда құзырлы орган басшылары заңды және жеке тұлғаларды қабылдап, көкейдегі сауалдарына жауап берді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ