Орман өрті ауыздықталды
Жақында Сырдария аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен дала және орман өртін сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу жұмыстары өткізілді. Оған аталған мекеменің сала мамандары жұмылдырылды.
Жыл сайын ұйымдастырылатын шараның негізгі мақсаты – сала мамандарының біліктілігін арттыру. Сонымен бірге дала және орман өртін алдын алу шарасын пысықтау. Жоспар бойынша оқиға орынынан дабылды ескерту түскен мезетте орман шаруашылығының күш құрылымдары дер кезінде жетті. Өздігінен тұтанған тілсіз жауды ауыздықтау үшін 18 қызметкер мен 6 техника барын салды. Оқыс жағдай барысында өрт сөндірушілер қырағы қимылдап, санаулы минуттар ішінде одан әрі өрттің шарпыуына жол бермеді. Қураған шөптің тез жануы өрт сөндірушілерге барынша қиындық тудырғанымен, көп ұзамай өрттің таралуы бәсеңдеді.
Өз кезегінде Сырдария аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Әлібек Рахымжанов құрылымдық күштің негізгі міндеттерін атады. Қазіргі таңда мекемеге қарасты 236 549 га орман қоры жері бар. Аталған жер 13 айналымға бөлінген. Мекеменің жоспарлы жұмысы осы жерді қорғау, молайту, тиімді пайдаланумен қатар орман өртінің алдын алу болып табылады. Сондықтан да бүгінгі жоспарлы оқу-жаттығу кез келген жағдайда өрт сөндіруге дайын болу керектігін аңғартады. Жалпы алғанда орманды өрттен қорғау, минералды жолақтары жоспар бойынша 40 шақырымы жаңадан, 60 шақырым ескісі жаңартылып, оларға үнемі күтім жасалып отырады. Өртке қарсы 50 дана күрек, 30 дана сабалағыш, 30 дана сыпыртқы, 15 дана балта жасақталған.
Айта кету керек өрт-тактикалық оқу-жаттығу кезінде мамандардың негізгі міндетері нақтыланып, арнайы бағыт-бағдар берілді. Іс-шара барысында тілсіз жаудың алдын алуға байланысты бірқатар шаралар қабылданды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ