Жылына он тал егеді
Жақында аудан әкімі М.Ергешбаевтың кент тұрғындарымен өткен кездесуінде жергілікті жұртшылықтың көркейту-көгалдандыру ісіне жанашырлықпен атсалысуының маңызы туралы сөз қозғалған еді. Сонда аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов аудандық газетке кент тұрғыны Николай Буныгин туралы мақала жазуды ұсынған болатын. Өйткені Н.Максимович өз бастамасымен Майжарма каналының бойына жыл сайын он тал егіп, оның күтімін бақылауға алған.
Жылына он тал егіп, оны өсіруге уақыт арнайтын азаматтың еңбегін насихаттаған өте орынды. Бұл көпшілікке үлгілі іс екені де анық. Бірақ біз мақала жазуға кірісіп, Николай ақсақалға хабарласқанымызда ол кісі өз еңбегін насихаттап, дәріптегенге қарсы болды. Себебі туған жерге тал егуді әр азаматтың міндеті мен парызы деп санайды екен. Адамның ақыл-ойының пайым-парасат өлшемімен қарасақ, расында да дұрыс тұжырым ғой, біз ешқашан өскен ортамызға жасаған жақсылығымызды айтып, міндетсінбеуіміз керек. Сөйтіп арада бірнеше апта өтті. Жадымызда да, жанымызда да кент тұрғыны Николай Буныгиннің туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ақ ниеті жаңғырып тұрды. Содан аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетовпен келісіп, қайткен күнде де жақсы азаматтың игілікті ісін насихаттау мақсатында жақсы бір мақала әзірлеп, жариялағанды жөн көрдік.
– Туған жерге жаны ашитын азаматтар көп. Олар өз еңбегін айтып, мақтанбайды. Біздің Николай Буныгин сондай абзал азамат. Жыл сайын Майжарма каналының бойына тал егеді. Оны әктейді, жас көшетті малдар жеп, сындырып кетпеу үшін қадағалайды. Бұл өте үлгілі іс, нағыз керек жұмыс. Әсіресе Майжарма каналына үйінің лас суын ағызып, қоғамды бүлдіруге әдеттеніп кеткен тұрғындар үлгі алуы керек. Өзімнің және аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің атынан Николайға ризашылығымды білдіремін, – дейді Марат Еспенбетов.
Біз мақала жазу барысында Майжарма каналының бойына егілген ағаштарды көрдік. Дәл қазір жасыл желекке оранып жайқалып тұр. Николай Буныгин алдағы уақытта да осы үрдісті жалғастырып, канал бойына жағалай тал егуге ниетті. Егілген талдардың жартысынан көбі көктеп шығады дегеннің өзіңде алдағы 7-8 жылда канал бойы түгелдей дерлік жасыл желекке айналмақ. Тек бұл іске бір адам ғана емес, барлық халық бірлікпен атсалысуы қажет.
Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген даналық сөз бар. Сол бір талды кеспей-ақ керісінше жыл сайын он тал егетін кент тұрғыны Николай Буныгиннің еңбегі расында да үлгілі іс. Біз кент тұрғындарына ардақты азаматтың адал еңбекпен ұштасқан игілікті ісін үлгі етіп, қасиетті Тереңөзекті түлетуге шақырамыз.
А.СЕЙІЛОВ