Тұрғындар «Майжарма» каналының абаттандырылып, арбат жасалғанын қалайды
«Әйтек» және «Майжарма» каналы – Тереңөзек кентінің бағы мен құты. Аудан орталығының аяқ су мәселесін шешуде қос каналдың алатын орны ерекше. «Майжарма» каналын жағалай қоныстанған бір топ тұрғынның өтініші қолға қалам алуымызға түрткі болды. Олар «Жергілікті әкімдік «Майжарма» каналын абаттандырып, арбат жасаса, демалыс аймағына айналдырса» дейді.
Өткен аптада «Майжарма» каналын жағалай қоныстанған тұрғындардың ұсынысы бойынша кездесу өткіздік. Тұғындармен кездесуге Тереңөзек кентінің әкімі Нұржан Бисембаев екеуміз қатыстық. Тұрғындар каналдың 2,5 шақырымнан астам бөлігі демалыс аймағын жасауға сұранып тұрғанын айтып, өздерінің бірқатар ұсыныстарын айтты. Негізі, өте орынды әрі құптарлық ұсыныстар. Каналдың бойына асфальт төсеп, жарықшамдар орнатып, орындықтар қойып, бірізділікпен талдар егіліп, күтімге алынса, көз сүйсініп, көңіл марқаятын тірлік болмақ.
Көшеде ұзақ жылдар бойы тұратын еңбек ардагері Бақытжан Мәмбетов пен шаруашылық жұмыстарының қыр-сырын жетік меңгерген Әскербек Искаков «Майжарма» каналының бойын абаттандыру үшін жоба-сметалық құжат әзірлеуді сұрады. Кент әкімі бұл ұсыныс бойынша тиісті жұмыстар тез арада қолға алынатынын, бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатынын айтты. Бірақ, қаржының бөлініп, бөлінбеуі депутаттардың қолдауына және бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешілетінін атап өтті. Осы ретте аудандық мәслихаттың депутаты ретінде тұрақты комиссия отырысы мен сессия барысында бұл жобаға қаржының бағытталуын қолдайтынымды айтып, тұрғындардың талап-тілегі мен ұсынысын орындау үшін барынша атсалысатынымды жеткіздім.
Кездесуден кейін «Майжарма» каналын абаттандыру мәселесін аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебаймен, аудан әкімінің кеңесшісі Берік Сәрменбаевпен талқыладық. Жаңа қызметке білек сыбана кіріскен лауазым иелері халық сұранысынан туындаған депутаттық ұсынысты толықтай қолдады. Жоба-сметалық құжаттар әзірленетінін, сәйкесінше каналдың бойына асфальт төсеп, жарықшамдар орнатып, орындықтар қою қарастырылатынын атап өтті. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі тарапынан кент әкіміне нақты тапсырма берілді және орындалуы бақылауға алынды.
Сөйтіп, «Майжарма» каналының бойын абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Сүйінші жаңалықты көше тұрғындарына, оның ішінде еңбек ардагері Бақытжан Мәмбетовке жеткіздік. Олар «құрылыс басталса, біз ерікті түрде көмектесеміз, кентті көркейту – ортақ мақсат» деп тілектестіктерін білдіруде. Ендеше, біздің үнімізге құлақ түрген, ұсынысымызды жерге тастамаған аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдеріне алғысымызды айтып, жұмыстарына жеміс тілейміз! Бұйырса, демалыс аймағына айналған «Майжарма» каналының жақсы суреттерін жариялаймыз. Әзірге қазіргі қалпын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудандық мәслихат депутаты