Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенбілік: туған жерге құрмет

Сенбілік: туған жерге құрмет

Қазіргі таңда аймағымызда көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыс­тары қарқынды түрде жүр­гізілуде. Аудан орталығы мен ауылдарда да апта са­йын сенбіліктер ұйымдастырылып, көпшіліктің күшінің, бірлігінің арқасында қоғамдық орындар мен көше бойлары қоқыстан тазартылуда. Осы орайда туған жерге құрмет сенбілік жұмыс­тарына қатысудан басталатынын атап өтуіміз қажет.

Халқымызда «Тазалық табалдырықтан басталады» деген тәмсіл бар. Көктем айлары – тазалық пен тәртіптің дәстүрге айналған мезгілі болса, сенбіліктер ұрпақты біріктіретін игі дәстүр ретінде қалыптасты. Өйткені сенбілік аумақты тазарту ғана емес, сонымен бірге қарым-қатынас, жақсы көңіл-күй, жағымды эмоцияларға толы жүйелі іс болып саналады.

Сенбілік бейресми қарым-қатынас пен өзара әрекеттесуге, байланыс орнатуға жағдай жасайды, әріптестердің бір-бірін жақынырақ тануына мүмкіндік береді. Себебі халық игілігі үшін бірлескен еңбектен өзге адамдарды біріктіретін ештеңе жоқ екені бұрыннан белгілі. Сондықтан аға буын өкілдері сенбілікті ұжымдық рухты, бірегейлікті, психологиялық климатты көтеретін керемет әдіс деп санайды.

– Әрбір тұрғын өз үйінің ауласын таза ұстауы керек. Біз кейде тазалық жұмыстарына қатысты жеке жауапкершілік танытуға жүрдім-бардым қарап жатамыз. Қоғамның таза болуы, көркеюі, гүлденуі бәріміз үшін жағымды әсер сыйлайды. Сондықтан ап­таның сенбі күнін күтпей-ақ тазалық іс-шараларын әрбір азамат күнделікті жүргізуі керек. Сонда ғана ауданымыз таза болады. Бүгінде аудан әкімінен бастап барлық мем­лекеттік қызметшілер, қарапайым тұрғындар тазалық жұмыстарына қатысуда. Бұл өте дұрыс іс әрі ауданымыздың жаңарып, жайнауына жол ашады, – дейді кент тұрғыны Л.Әлайдарова.



А.СЕЙІЛОВ
04 мамыр 2022 ж. 379 0