Зейнеткерлік демалысқа – зор құрметпен
![](/uploads/posts/2022-07/medium/1656998718_amankeld3-mektep-1.jpg)
Білім ордасында «Ардақты ұстаз, асыл әке» тақырыбында ғибратты, көңіл толқытарлық, салтанатты кеш ұйымдастырылды. Кештің қадірлі иесі – кісілік келбетімен, адалдық, адамгершілігімен ерекшеленетін, ғұмырының 40 жылын жас ұрпаққа білім беруге арнаған ардақты ұстаз Құлымбетов Ерғали Шегенұлы.
Ауыл халқы «Ерғали ағай» деп атап кеткен ардақты азаматтың шәкірт тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатудағы, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру жолындағы еңбегі ұшан теңіз. Оқушылары бүгінде түрлі мамандық иесі атанып, елі үшін жемісті еңбек етуде. Шәкірттерінің бірқатары өзі секілді ұстаздық жолды таңдағанын да айтып өткеніміз дұрыс. Сондықтан салтанатты іс-шара ұстаздың өмір жолымен таныстырудан басталып, ән-жырмен, ақ тілек лебіздермен жалғасты.
Айта кетейік, Ерғали Шегенұлы сонау 1981 жылы Аманкелді кеңшарында диспетчер ретінде еңбек жолын бастап, кейіннен кеңшар комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған. Өз жұмысына жауапты, тиянақты маман сондай-ақ әскери жетекші ретінде де жұмыс істеген. Ал 1993-1997 жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, адал еңбегінің арқасында ұжымдастарының арасында абыройға ие болған. Еңбек ету мен оқуды ұштастырған азамат Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтында «Тарих-адам және қоғам» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Бертін келе, яғни 2012 жылы «Болашақ» университетін «Бастапқы әскери дайындық» пәні мамандығы бойынша тәмамдаған. Соңғы жиырма бес жылдан бері ауылдағы білім ордасында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы болып жұмыс істеп келді. Жұбайы Марияш Бейбітова да ұстаз. Ол кісі математика пәнінен дәріс беріп, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Шәкірттері шыңға шыққан қос ұстаз отбасында екі ұл тәрбиелеп өсірген.
– Ардақты ұстаз ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, білім биігінен көріне білді. Көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Отан» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының, Сырдария ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының, аудандық білім бөлімі мен жастар ресурстық орталығы директорының Алғыс хатын иеленді. Облыстық білім басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен де марапатталды. Ұлағатты ұстаз Ерғали Шегенұлы Семей ядролық полигонының ардагері ретінде де жастарға патриоттық бағытта тәлім-тәрбие беруге айрықша үлес қосып келеді. Біз әріптесіміздің ҚР Қарулы күштеріне 25 жыл, Жергілікті әскери басқару органдарына 100 жыл, Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл төсбелгілерімен марапатталғанын мақтаныш санаймыз, – деді мектеп-лицей директоры З.Жаманқұлов.
Айтып өту керек, ұстаз өз шәкіттерімен бірге республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынының аудандық кезеңінде, «Біз Тәуелсіз елдің ұрпағымыз» әскери-қолданбалы спорт түрлерінен аудандық жарыста І орынды жеңіп алған. Сонымен қатар аудандық «Жас мерген-2017» сайысында ІІ орын, Қызылорда облысына 200 жыл және Сырдария ауданынына 90 жыл толу мерекесіне орай өткізілген аудандық сайыста ІІІ орын иеленіп, марапат биігінен көрінген. Бұл туралы іс-шараға қатысушылар кеңінен айтты.
– Ерғали Құлымбетовті өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде әріптестері ерекше құрметтейді. Терең білімі, берік ұстанымы, іскерлік қабілеті және азаматтық қасиеттері жақын араласқан жанды тәнті етпей қоймайды. Атына заты сай ұлағатты ұстаз жастарға үлгі, өнеге. Еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басының кіршіксіздігі отбасы үшін ғана емес, қанаттас жүрген әріптестері, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш. Ұстаздың өмір жолы жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі, – деп қорытындыланды салтанатты іс-шара.
Жиын соңында ұстаз құрмет көрсеткен әріптестеріне шынайы ризашылығын білдірді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ