Бейнет түбі – зейнет
Әсем безендірілген сахна. Көтеріңкі көңіл-күй. Бұл – қырық жыл үздіксіз еңбек етіп, енді сол бейнетінің зейнетін көретін ұлағатты ұстазға құрмет көрсетілетін кештің ауаны.
Аудандағы «Айгөлек» бөбекжай балабақшасында «Ардақты ана, асыл әже» атты салтанатты кеш өтті. Балалар мен қонақтарға ерекше әсер сыйлаған жиын балабақшаның музыка жетекшісі Жолжанова Айымкүл апайды зейнет демалысына шығарып салуға арналды. Ұлағатты ұстаз қырық жыл бойы осы салада абыройлы жұмыс жасады. Ұстаздық ұлы жолды таңдаған асыл жан балаларды өнердің құдіреттісі саналатын ән мен әуенге баулып, талай жас өреннің таланты мен дарынын шыңдаған. Әр үйдің еркесін тәрбиелей білген мейірімді ұстаз балабақшадағы жас мамандарға да білгенін үйретіп отырады.
Салтанатты кеште балалар жарыса ән айтып, би билеп, ұстаз мерейін арттыра түсті. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Алмас Есназар сөз сөйлеп, Айымкүл Жолжанованың ұзақ жылғы еңбегін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ардақты ана, асыл әже, мәртебелі ұстаз аяулы жанға «Құттықтау хат» пен қазақтың жөн-жоралғысына сай арнайы сый-сияпат көрсетті.
– Бұл күн мен үшін ерекше есте қалмақ. Білім беру саласында және өздеріңіздей жандармен қызметтес болғаным үшін шын қуанамын. Аудандық білім бөлімі мен «Айгөлек» балабақшасының ұжымына аналық алғысымды білдіремін. Ұрпақтарымыз мың жасасын, – деп ізгі лебізін білдірді кешті қорытындылаған А.Жолжанова.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ