Қадірлі ұстазға құрмет көрсетілді
"Ұстаз болу – жүректің асылдығы" демекші, баланы жүрегімен сүйетін адам ғана нағыз ұстаз бола алады. Мейірім мен адалдықтан жаралған жан осы қиын да қызыққа толы мамандық иесі атанады.
Ұстазды құрметтеу, алдын кесіп өтпеу болмысымызға тән қасиет. Бүгін кенттегі қадірлі ұстаздардың бірі, ұзақ жылдан бері білім саласында еңбек еткен мұғалім Зәуре Момынованы құрметті зейнет демалысына шығарып салу рәсімі өтті.
Зәуре Исатайқызы №13 "Нұрбөбек-Тереңөзек" балабақшасының меңгерушісі қызметін он жыл бойы абыроймен атқарып, 40 жыл үздіксіз еңбек еткен құрметті жан. Салтанатты шараға келген кент əкімінің орынбасары Сəдір Ержанұлы, аудандық білім қызметкерлері кəсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар, әріптестері жəне балабақшаның əр жылғы түлектері мерейтой иесін құттықтады. Білім саласы ардагері қатарын толықтырған Зәуре Момынованы балабақшаның әр жылғы түлектері де құттықтады. Олардың арасында кішкентай қолөнер шеберлері ұстазына естелік сый-кәделерін тарту етсе, бір топ өнерлі өрендер ән айтып, би биледі.
Балабақша ұжымы да өз кезегінде басшыларына ризашылықтарын білдірді.
"Тт ақпарат"