Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдың сырбаз азаматы

Сырдың сырбаз азаматы

Біздің Қызылорда облысында жетпіс мыңдай ардагер бар. Оның отыз мыңға жуығы Қызылорда қаласында тұрады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді халық. Иә, қарт­тар – біздің қазынамыз, ақылшымыз, тәрбиешіміз, ел бірлігінің ұйытқысы.

Дегенмен қарттардың да қарты бар. Отбасына ие бола алмай, үй жағалап қыдырып, ретсіз сөз сөйлеп, сөзін тыңдата алмай, қадірі кетіп оты­ратын, орнын білмей, еш ортаға сыйыспай жүрген шалдар да бар. «Шал» деген сөз арабшадан алғанда «Әлі өлмей тірі жүрсіз бе?» деген мағынаға саяды екен. Ал отбасына, ағайын-туысқа, тіптен ауыл-аймаққа қадірі бар, азаматтар іздеп келіп сәлем беріп ақыл сұрайтын, сөзіне тоқтайтын, айтқанына көнетін үлгілі қарттарымыз да бар. Міне бұл нағыз қарттар, қазыналы қарттар. Ал енді аты бүкіл аймаққа белгілі, құлақ естіп, көзкөргендер ақыл сұ­райтын, айтқанымен іс бітіріп, сә­лем­­демесімен-ақ ақ-қараны ажыра­­тып оты­ратын қарттарымыз жетерлік. «Кім хан болғысы келмейді, халқы қаламайды, кім би болғысы келмейді, билігі жүрмейді» деген, мұндай дә­режеге екінің бірі жете бермейді. Халыққа ақыл, кеңес айту, істі бас­қару жолын айтудың өзі әр жүз адам­ның бірінің қолынан келеді. Бүгінгі менің жазғалы отырған азаматым осындай ерекше тұлғалы азамат Сәбит Отызбаев жайлы болмақ.

Сәбит Отызбаев 1947 жылы 5 шіл­деде бұрынғы «Қызылдиханның» колхозында өмірге келген. Отызбаев­­­тар отбасы 1949 жылы жаңадан ашылған «Қараөзек» қой совхозына қоныс аударды. Анасы Күлпаш апай – жоғары білімді ағартушы. Мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Сәбит 1955 жылы осы анасы сабақ беретін мектептің бірінші орыс сыныбына қабылданады. Орыс сыныбына қабылдануы мектептен ке­йінгі өміріне зор пайдасын тигізді.

Алғашқы мектеп есігін ашқан Қа­ра­өзек қой совхозының «Ақиін» бө­лім­шесі айнадай жалтыраған көлі бар, бір жағынан Сыр ана бұрқырап ағып жатқан жер болатын. Сәбиттің бос уақытында ермегі балық аулау, үй шаруасына көмектесу, суда қайық­пен жүзу болды. Әке-шешенің қолқа­наты болды.

Ол №36 орыс орта мектебінің 8-сыныбын 1963 жылы бітіріп, ару қала, сол кездегі еліміздің астанасы Алматыға аттанды. Білімі де кемел, бір жағынан жолы болып Алматы кинотехникумына оқуға түсті. Бұл оқу орнының Қазақстанда маңызы ерекше болатын. Онда кинотехник, киножүйелеріне инженер-басшы қыз­мет­керлері даярланатын-ды. Ол кинотехникумда 4 жыл білім нәрімен сусындады.

Көнекөз кісілер жақсы біледі, өт­кен ғасырдың 60-жылдары елімізде жағдай ауыр болды. Оның студенттік шағы тұрмыстың осындай қиын кезе­ңіне тап келді. Ол алыс ауылдағы ата-анасына салмақ салмай, оқи жүріп, жұмыс істеді. Оқуға қабылданған жы­лы техникум қа­быр­ғасындағы ал­ғашқ­ы жылда тау спортымен айналысты. 6 айдан кейін нұс­қаушы деген қағаз алды. Сенбі-жексенбіде Алматы маңындағы «Горелник» атты турбазаға барады. КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген ту­ристерге жолбас­шылық жасады. Жұмыс орнына сенбі күні қонуға барып, дүйсенбі күні оқуын­да болады.

– Бірінші курсты бітірген жазда ауылға қайтпай туристтерді сонау Ыс­тық­көлге дейін жаяу апардым. Ол кезде студенттік құрылыс отряды жоғарғы оқуларында ғана болатын. Екінші курстан бастап қалалық ком­сомол комитетіне қайта-қайта өті­­ніш айта жүріп, өз бастамамызбен техникумнан 50 бала студенттік құ­­рылыс отрядын құрдық. Сөйтіп, 2 жыл қатарынан Повлодар облысының Краснакутск, Камышин аудандарының шаруашылықтарында тұрғын үйлер, мал қоралар салдық. Қарап жүрмей жоқ жітік студенттік күндерімізді қар­жы­мен бүтіндедік, – деп еске алады Сәбит қимас жылдарын.

Техникум бітіргенннен кейін Қы­зылордаға оралып, №69 қалалық кә­­сіптік-техникалық училищеге кино­механиктер тобының, яғни оқу өнді­рісінің шебері болып орналасады. Тағ­дырдың тоғыстырғаны болар, учи­­лищеде байланысшылар оқуын оқи­тын болашақ жары, ай дидарлы әсем ару Закирамен танысады. Сөз байласып, әскери міндеттін атқаруға аттанады. Ол Челябинск облысының Қар­талыдағы әскери бөлімге түседі. Әскери ант қабылдағаннан кейін бөлім басшылығы техникумдағы ал­ған білімін ескерген болуы керек, жас сарбазды клуб меңгерушісі етіп қояды. Сәбит әскери өмірден хатшы­лықта жүріп партияға өтті, екі жыл азаматтық борышын өтеп, старшина шенімен запасқа шықты. Қарапайым қазақ баласы үшін бұл үлкен жетістік еді. Ол кезде әскери бөлімнің жас­тар жетекшісі болу жүзден озған жүй­ріктердің маңдайына бұйыратын. Сәбит сондай өз ортасынан оза шап­қан тұл­парлардың санатында болды.

Ол әскерден оралғаннан кейін Закирамен отау көтеріп, Тереңөзек аудандық киножүйелері кеңесінің төр­­ағасы болып жұмысқа орналас­ты. Бұл қызметке тұруына әскер­де хатшы, партия мүшесі болуы ықпал етті. Мұнда жас басшы аудан шаруа­шылықтарында жергілікті жұмыс­шы­лар комитеттерімен бірлесіп, кино қоюды ұйымдастыру, қаладан кино­прокаттан кино алып, жергілікті клуб­тарға жеткізу, жалпы кино қою саласында халыққа қызмет көрсе­ту жұмыстарымен айналысты. Кеңес үкі­­меті тұсында кадрларды баға­лау­ға ерекше мән берілді. Бір әске­ри бөлімнің жетекшісі болған ол Терең­өзек аудандық комсомол коми­теті­нің ұйымдастыру бөлімінің меңге­ру­ші­лігіне шақырылды. Әскерде жас­­тармен жұмыс жасаған тәжірбиесі ес­керіліп, бұл салада 4 жыл еңбек еткен кезінде іскерлігімен көзге түс­кен жас жігіт обкомкомсомолға да қызметке шақырулар алды. Деген­мен ауданға да жергілікті кадр­лар керек деп сырттай қамқорлық таныт­қан «Сыр елінде болыс көп, ең мықтысы Қонысбек» деп атақты Сырбай ақын жырға қосатын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Қазантаев жас С.Отызбаевты комсомол кезінен тәрбиелеп, 1974 жылы аупарткомның ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етіп бекітті. Ол комсомол, партия қызметтерінде жүріп, бі­лімін ұштауды да естен шығарған жоқ. Қызылорда педагогикалық исти­тутының филология, қазақтың ауыл шаруашылық институтының агрономия факультеттерін бітірді. Әскердің, комсомолдың көрігінен шыққан жас жігіт партиялық жұмысты да ұршықша үйіріп алып кетті. Қ.Қазантаев тә­різді мықты ұйымдастырушының «шек­пе­нінен» шыққан Сәбит осындай бо­луға тиіс қой. Білікті басшы, қоғам қай­раткері Н.Ергешбаевтың да 10 жыл тәрбиесін алды. Қашанда жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын Сәбит 1978 жылы аудандық партия ко­­митетінің ұйымдастыру бөлімінің мең­герушілігіне жоғарылатылды. Бұл лауазымды қызметін 10 жылға жуық атқарған.

Қызылорда облыстық партия ко­ми­теті ұйымдастыру бөлімінің нұс­­қау­­шылығына шақырылған кезде об­­лысты қара қылды қақ жарған әділ­­­­­­дігімен ел аузына ілінген іскер бас­шы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков басқа­ратын. Халықтың үлкен сүйіс­пен­шілігіне бөленген, көреген бас­шы­ның қарауында жұмыс жасау Сәбит үшін үлкен мектеп болды. Оның іс­керлігін бағалаған облыс басшы­сы оны Қармақшы аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына жіберді. Үлкен кісінің жолдамасынан кейін Сәбит киелі топыраққа 18 жыл белсенді, қажырлы еңбек етті.

1992 жылдың ақпан айында бас­қару жүйесі өзгертіліп, әкімшілік бас­қару жүйесі құрылды. Мен осы жолы Қармақшы ауданына алғашқы әкім болып тағайындалдым. Басқару жүйесі жаңаша, алдағы мақсаттар бұлыңғыр. Елді, халықты біріктіріп, таратпай, жа­ңа жүйеде басқару кез келген бас­шының қолынан келе бермейді. Жа­ңаша талап, жаңаша ұйымдастыру, халықты адастырмай жаңа жолға салу іскердің іскерінің ғана қолынан келер жұмыс. Осы бағыттарға жан-жақты бағдарлай келіп, бұрыннан осы ауданда партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық партия коми­те­тінің қызметкері, Тереңөзек ауда­ны­ның партия комитетінде Қонекең Қазантаевтың тәрбиесінен өткен Сәбит­ті орынбасарлық қызметке та­ға­йын­­дадым. Осылайша, біз 4 жыл ауданда қатар қызмет жасадық. Он айлап айлық алмаған, зейнетақы көрмеген азаматтардың тағдырын шешіп, халықты азық-түлікпен қам­та­масыз етіп, мекеме жұмысын қыс­қартпай, жұмыс орнын сақтауға көп кұш жұмсадық. Кәсіпкерлер жұмысын жолға қою бағытында күрделі жұмыс­тарды бірге атқардық.

Сол кезеңде Қармақшы ауда­нын­да бірде-бір мекеме жойылмады. Ауданның барлық шаруашы­лығында дүкендер, тұрмыстық қыз­­мет көрсететін мекемелер, күріш ақ­тайтын, ұн тартатын, май шығара­тын цехтар, наубайханалар ашылып, құс өсірілді. Ақжар ауылында тәулігіне 40 тонна ұн шығаратын зауыт іске қо­сылды. Барлық шаруашылық аудан орталығынан дүкендер ашып, өз өнімдерін сатты. Осы жұмыстарды ұйымдастырудың басы-қасында Сә­бит ті­келей жүрді. Ауданда жақсы морал­­­ьдық-психологиялық ахуал қа­лыптасты. Мен осындай кадрлармен жұмыс істегеніме мақтанамын. Олардың жұмысын кейінгі ұрпақтарға үлгі етемін.

Мен әкімдікте жүріп 55 жастан зей­неткерлікке шықтым. Сәбит жас болғандықтан өз жұмысын абыроймен жалғастырды. 1995-2005 жылдары аудандық білім бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл жылдар егемен ел өмірінде өтпелі ке­зең ретінде қалып, жас мемлекетіміз көптеген қиыншылықтарды бастан ке­шіргені анық. Осындай қалыптасу кезеңінде біліміне тәжірибесі сай Сәбит ауданның барлық елді мекендеріндегі балабақша ғимараттарын мектеп­тердің балансына алдырып, бұзылып, талан-таражға түсуден аман сақтап қалды. Оңтайландыру кезінде бірде-бір мектепті жаптырмады. Әуез мек­тебін де сақтап қалды. Жылу жүйе­лерін сақтап, қолдан жағылатын пеш­­тер салдырды. Бұл кейін жағдай оңал­ғанда оңды іс болғаны көрінді. Тек аудан орталығындағы екі орыс мек­тебін бір мектепке айналдырды. Ол білім бөлімінің басшылығына келгеннен бастап, ауданның білім саласы облыста кеуде тұстан көріне бастады.

С.Отызбаевтың мемлекеттік қыз­мет­тегі бай тәжірибесі Қармақшы ау­да­нында кеңінен пайдаланылды де­­сек артық айтпаймыз. Ол 10 жыл бі­лім саласын басқарғаннан кейін 2005 жылы аудан әкімдігінің бағытта­уымен жаңа қызмет, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынас­тары бөлімінің бастығы болып та­ғайындалды. Тәжірибелі азамат бұл сыннан да сүрінбей өтті. Бабы болды ма, әлде бағы болды да сол жылы ауданның ауыл шаруашылық саласы облыста 1997 жылдан кейін бірінші рет облыс жеңімпазы болып танылды. Бөлім бастығы С.Отызбаев облыс әкімі И.Адырбековтің «Құрмет граматосымен» марапатталды.

2006 жылдың қаңтар айынан бас­тап Сырдария ауданы әкімдігінде жаңадан бөлімдер ашылды. Ол ауысу тәжірибесімен туған жеріне келіп, ау­дандық ішкі саясат бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Сәбит бұл қыз­меттің де жұлдызын жандырғанын бүкіл ел біледі. Ел егемендігі тұсында аудан тарихын тірілтіп, энциклопедия шығаруға тікелей атсалысқанының өзі азаматтық емес пе?! Қашанда ха­лықтың көңілінен шығатын жұмыс жасауға дағдыланған Сәбит аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып, өзі оқыған №36 Ә.Тәжібаев атын­­дағы мектептің директорлығына тағайындалды. Басшылықты қолға ал­ғаннан бастап «Сырдария ұрпақ­та­ры» қоғамдық қорын құрып, мек­тептің 60 жылдық мерейтойын айтулы дәрежеде атап өтуге ұжымды жұмылдырды. Қандай қызметтің жалын ұстамасын кішіпейілділігімен, бі­лім­дарлығымен ерекшеленетін азамат 2010 жылы зейнеткерлік демалысқа шықса да ұлағатты істерін аудан әкі­мінің кеңесшісі болып жалғастырды.

Ол өзінің адал еңбегінің арқасында талай марапатқа ие болды. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, 2 мәрте Елбасының Алғыс хатымен, облыс әкімінің «Құрмет грамоталарымен», 2009 жылы «Үздік мектеп директоры» номинациясымен, облыс құ­­рылғанының 180 жылдығына орай төс­белгісімен және Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мемлекеттік мерекелік ме­­да­лімен марапатталған. Міне, ер тұл­ғалы, сырбаз азаматтың өнегелі өмір жолы осындай.

Өткен ғасырда өмірге келіп, екі ғасырды бастан өткеріп, екі қоғамда қызмет атқарып, егеменді еліміздің мызғымас іргетасы қалануына, ең­бек сіңірген «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сәбит Отызбаев – осындай азамат. Сәбиттің қоғамға, елге деген адалдығы, өмір жолының тазалығы, қолының, жүрегінің ақтығы, үлкенге үлкендей, кішіге кішідей ибалы қатысы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сәбиттің осыншалықты абыройлы болуы жұбайы Закираның арқасында деп білеміз. Бір жаман мен бір жақсы немесе екі жаман бір-бірімен қосыла береді. Ал екі жақсыны Құдай қосады. Біздің Сәбит пен Закира Құдай қос­қан қосақ. Сәбиттің абыройлы қызмет жасауына Закира үнемі жан-жақты жағдай жасап отырды. Үйдің, аға­йын-туыстың, жора-жолдастың мәсе­лелерін өзі шешіп Сәбиттің алаңсыз қоғам жұмысын абыроймен атқаруына жағдай жасады. Ерінің намысын қор­ғады. Екеуі тату-тәтті өмір сүрді. Екеуі қос аққудай өмір сүріп балалары немерелерінің қызығын көруде. Сәбитті 75 жылдық мерейтойы қар­саңында барлық қырынан жақсы бі­летін мен жазбасам кім жазады. Мерейтой құтты болсын!




Жақай Бодықбаев,
Сырдария, Қармақшы аудандарының
Құрметті азаматы,
Қызылорда облысының құрметті ардагері
02 шілде 2022 ж. 445 0