АҚЫЛДЫҢ КЕНІ – ҚАРИЯЛАР
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізінен ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны қоғамда ерекше, олай дейтініміз әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасып оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері бар. Халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты ойы терең ақылы телегей теңіз болып келеді. «1 қазан – Халықаралық қарттар күнінде» аудандық мәдениет үйінде «Қарттарым – асыл қазынам» атты кеш өтті. Кешке түрлі сала мамандары мен қызметкерлері және ардагерлер қатысты.
Шараны аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Лекеров ашып, қарттарды мерекемен құттықтады. – Ауданның өсіп-өркендеуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз үлкен, еңбектеріңіз орасан зор. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, сіздер біздің қазынамыз болумен қатар, бағыт-бағдар беретін даналықтың сарқылмас бұлағысыздар. Біздің ардагерлерге, қарттарға деген құрметіміз тек осы мерекеде ғана емес, барлық уақытта да көрсетіле беретін болады, – деді Бақытжан Зинадинұлы. Сонымен қатар түрлі сала ардагерлеріне арнайы аудан әкімінің «Құттықтау хаты» мен гүл шоқтарын табыс етті.
Шара қорытындысында әннен шашу шашып, мың бұралған бишілердің өнерін тамашалаған ардагерлер көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
*****
Мерекеге орай ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде қарияларға құрмет көрсетілді. Оның барысында қазыналы қарттардың құрметіне әсем әндер шырқалып, театрландырылған көріністер қойылды. Сонымен қатар, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан өмірі өнегеге толы ардагерлерге «Алғыс хаттар» мен естелік сыйлықтар табысталды.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ