Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі елге елеулі

Еңбегі елге елеулі

Бұрынғы Сырдария ауданына қарасты ауылдар мен қазіргі Сырдария ауданының халқына есімі етене таныс, адал еңбегімен жұртшылықтың құрметіне бөленген Жансары Адранованы білмейтін жан кемде-кем шығар. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты ардагер ұзақ жылдар білім беру саласында, кейін партия органдарында жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Қос аудан қосылып, әкімшілік реформалар жүргізіліп жатқан тұста қоғамның және әріп­тестерінің зор құрметіне ие болып зейнет демалысына шықты. Еңбегі елге елеулі тұл­ға қазір ұзақ жылғы бей­нетінің зейнетін көріп, ұрпақтарын жетілдіріп, құрметті демалыста неме­ре-шөберелерінің қызығы­на кенеліп отыр.

Аудан орта­лығынан шалғай ор­на­ласқан Айдарлы, Аман­­келді, Жетікөл, Қоғалыкөл, Бес­арық ауылдарына жұмыс бабымен бара қалсақ, аға буын өкілдері аудан тарихы мен ел­ге еңбегі сіңген тұлғалар жөнінде әңгіме өрбітсе, міндетті түрде Жансары Адранованың еңбегін атап өтеді. Мұны жұртшылықтың біздің бүгінгі кейіп­керімізге және оның маңдай термен, ізденіспен ұштасқан адал еңбегіне бе­­рілген лайықты бағасы, халықтың ықы­ласы деп қабылдауға болады. Осы мақаланы жазуымызға да зиялы қауым өкілдерінің жақсы пікірі мен ұсынысы түрткі болды. Оның үстіне өмірі мен еңбек жолын көпшілікке дәріптеуге ла­йықты тұлға жөнінде қалам тербеу де жақсы ғой, мұндайда қара қалам бей­генің алдын бермейтін жүйрік аттай кеңінен көсіледі. Осы орайда әуе­лі мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың пікірін ұсынуды жөн көріп отырмыз.

– Жансары Адранованы сонау 1980 жылдардан бастап білемін. Сол кезде ол бұрынғы Сырдария аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқаратын. Аудандық деңгейде қызмет атқаратын әйелдер елдің көз алдында болған соң, бір-бірімізге тілектес болып жүретінбіз және облыста өтетін жиналыстарда жиі кездесіп, пікірлесіп қалатынбыз. 1983-1988 жылдары Жансары бұрынғы Сырдария ауданында, мен Тереңөзек аудандық партия ко­митетінің хатшысы болып қатар жұмыс істеп, тонның ішкі бауындай ара­ластық. Менің есімде қал­ғаны екеуміз де хатшы болып сайланарда Алма­тыға (Алматы ол кезде Астана бо­латын) Қазақстан Компартия­­сы ор­талық комитетіне бірге барып, бар­лық бөлімнен, хатшылардың қабыл­дауынан абыроймен өткеніміз. Жанса­ры қызметін ұстаздықтан бастап оқу ісінің меңгерушісі, аудандық білім бөлі­мінің әдіскері, мектеп директоры болды, сол кездегі талап бойынша қыз­мет­те сатылап өсіп, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің хатшысы лауазымына көтеріліп, Сыр­да­рия ауданының әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуына, рухани-мәде­ни өсуі­не сүбелі үлес қосты. Ол білік­ті басшы, іскер ұйымдастырушы ретін­де қызмет бабында ізденімпаз қасие­тімен, қарым-қабілетімен елдің қоғам­дық-саяси өмірінде болып жатқан жа­ңалықтарға дер кезінде үн қосып, атқарып отырған жұмысына озық тә­жі­рибелерді ендіріп отыратын. Иде­о­ло­гиялық жұмыстың сан-салалы ба­­ғыт­­тарын шебер үйлестіріп, оң нә­ти­­­­же­лерге жету үшін тынбай еңбек ететін. Сол кезде біз бір-бірімізбен хабарласып, аудандарда болып жатқан жақсы тәжірибелерді өз жұмысымызға пайдаланып отыратынбыз. Жансары Сырдария ауданының тек қана иде­ологиялық жұмыстарына ғана емес шаруашылық, құрылыс, өндіріс, ха­лықтың тұрмыстық жағдайына да бел­­­сенді араласа жүріп, отбасына, бала­ларының тәрбиесіне де уақыт та­уып, отбасының тірегі, ұйытқысы бола білді,– дейді өткен күндерді ой еле­­гінен өткізген қоғам қайраткері Алмагүл Божанова.

Сыр өңірінің дамуында айрықша қол­таңбасы бар қайраткер-тұлғаның пікірін сырдариялық ардагерлер де қуаттай түсті. Мысалы «Сырда­рия ауда­нының Құрметті азаматы» Алма Бақтиярова, Айдарлы ауылының арда­герлері Күлжахан Есенбаева,­ Ұлтай Бекетаева, Сара Ілиясова, Бес­арық ауылындағы ауданға белгілі өл­ке­танушы Жұмабай Байзақұлы өмір жолы өнегеге толы Жансары Адранованың білім беру саласы мен партия органдарында атқарған қызметін жоғары бағалайды.

– Халқы құрметтеген, адал ең­бе­гімен көпшіліктің алғысына бөлен­ген қа­дірлі жандар болады. Біз білетін Жансары – сондай қадірлі де құрметті арда­герлердің бірі. Ол өзінің еңбек жолын білім беру саласынан бастап, кейін жауапкершілік пен тиянақтылықты талап ететін басшылық қызметтерді абы­­­роймен атқарды. 1970-1974 жыл­дары Сырдария аудандық оқу бө­лі­­мінде әдіскер-нұсқаушы болып жұ­­­мыс істеген кезінде-ақ аудан хал­қына жақсы қырынан танылған еді. Мұнан соң аудандық партия, совет ор­ган­дарының ұйғарымымен Айдарлы ауылындағы №139 қазақ орта мек­тебінде мектеп директоры болды. Біздің Жансарымен қызмет бабымен етене араласқан кезіміз 1989-1991 жылдар еді. Ол кезде Ж.Адранова Сыр­дария аудандық мәдениет бөлі­мінің меңгерушісі еді. Мәдени-көп­ші­лік іс-шараларды жоғары дең­гейде ұйым­дастырудан бөлек иде­­оло­гия­лық маңызы бар қоғамдық-сая­­си жұ­мыс­­­тарды да өте дұрыс жос­пар­лай­тын, – деді бізбен әңгімесінде А.Бақтиярова.

Ал Жұмабай Байзақұлы ғұмыры ғиб­ратқа толы тұлғаның біз біле бер­мейтін еңбектері жөнінде кеңінен сыр шертті.

– 1989 жылы «СССР-дің 50 жылдығы» кеңшарының кә­сіп­одақ ко­­­ми­тетінің төрағасы болып сай­лан­ған­­­­­­­­­нан кейін Жансары Адыранованы тани бастадым. 1991 жылы ҚР Президентінің сайлауы өткені жұрттың жадында шығар. Мен ауылдағы сайлау комиссиясының төрағасы едім. 1 желтоқсанға қараған күні кешке ау­дан­дық мәдениет бөлімінің басшысы Жансары апамыз ауылға ешкімге ес­кертпестен келіп тұр. Қасында әйгілі Нұрғали Нүсіпжанов, әнші Сұлушаш Нұрмағанбетова және «Жазира» ұлт­тық аспаптар ансамблінің мүшелері бар. Белгілі әнші Рамазан Стамғазиев осы анмабльдің жетекшісі әрі домбырашысы еді. Талап бойынша сайлау үйінде сайлау өтетін күні үгіт-насихат, іс-шара өткізуге болмайды. Аудандағы мәдениет ошақтары сайлауға байланысты өнер қайраткерлерін қабылдай алмаған. Жансары апамыз: «Ал, бала, өгізді де өлтірме, арбаны да сындырма. Мына кісінің концертін өткізіп бер» деп тапсырманы төтесінен қой­ды. Ол кезде халық мұндай атақты кі­сілердің концертін қалт жібермейтін. Үш жүз орындық зал лық толып, кон­­церт жақсы өтті. Кештен соң құр­метті қонақтар отбасымнан дәм татып, келесі шығармашылық сапарға зор ризашылықпен аттанды. Осы оқи­­­ғадан кейін Жансары апамызбен сәле­­міміз түзу, сыйластықта болдық, – деген Жұмабай Байзақұлы келесі бір есте­ліктің де тиегін ағытты.

– ...Бұрын әр ауылға уәкіл таға­йын­далатын еді. Жұртшылық жақсы біледі, бір жылдары қалың қар жауып, қойдың күйек алу науқанына үлкен зардабын тигізді. Жансары Адранова аудандық атқару комитеті тарапы­нан Бесарық ауылына уәкіл болып бекітіледі. Былайғы жұрт уәкілді тек тексеретін, бақылайтын лауазым иесі деп түсінеді. Ал Жансары апамыздың бітім-болмысы, мінез-құлқы, көзқа­расы мұндай іс-әрекеттерден алыс еді. Ол кісі уәкіл болған кезінде мал­шылардың бала-шағасын арнаулы кө­лікпен қыстауларға жеткізу, күзгі күйекте қараша үйлерді жығып, жинау, тасымалдау, қойды 30-40 шақы­рым жердегі қыстауларға жеткізу се­кілді қым-қуыт тіршіліктің басы-қа­сында жүреді екен. Төрт мал фермасы бар кеңшардағы алпыстан аса отар қойды бірнеше күнде қыстауға жеткізу шын мәнінде ұйымшылдық пен іскерлікті талап ететіні белгілі. За­ты әйел болғанымен қызметте қуатты ер азаматтарға бер­гісіз қажыр-қайрат көрсеткен Жансары Адыранованың қайраткерлік қа­­рым-қабілеті осындай сынақты ке­зеңдерде анық бай­қалған. Бұл да жас ұрпақ білуі тиіс естеліктердің бірі. Мұндай қарбаласқа толы жұмыстар легі өнегелі өмір иесінің саналы ғұ­мырында көп бол­ғанын да айтып өтуіміз қажет. Ең маңызды осындай жақсы естеліктерді облысқа белгілі ардагерлер Жақай Бодықбаев, Мырзағали Кенбаев, Қамар Рүстемов бастаған аға буын өкілдері мен ке­йіпкерімізбен бірге еңбек еткен білім беру саласының және партия орган­дарының ардагерлері де зор тебі­реніспен айтады. Оның бәрін бір ма­қалаға сыйғызу қиын. Аға буын өкіл­дерінің пікірі мен естеліктері бір мақа­лаға емес, қалың кітапқа жүк болатын дүниелер.

Енді Жансары Адранованың өзінің лебізі мен пікіріне құлақ түрейік. Сексеннен асқан ардагер өткен өмірі мен бүгінгі күніне шүкір етеді. Барлық игі­лік еңбекпен, ізденіспен, маңдай термен келгенін айтады.

– Қос аудан біріктіріліп, әкімшілік реформа жүргізілгеннен кейін біздің Сырдария ауданының тарихы терең. Біз хал-қадірімізше халыққа еңбек еттік. Қазір құрметті зейнет демалысындамыз. Мен 1960-1965 жылдары­ Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педогогикалық институтын жаратылыстану факультеті бойын­ша ойдағыдай бітіріп, хим-биолог ма­­мандығын алдым. 1965 жылы Ақ­­суат ауылдық округіне қарасты №143 қазақ орта мектебіне ұстаз болып ор­наластым. 1966-1969 жылдары ара­лығында осы мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1970-1974 жылдары Сырдария аудандық оқу бө­лімінде әдіскер-нұсқаушы болып жұ­мыс істедім. 1974-1977 жылдары Сыр­дария аудандық партия, совет органдарының ұйғарымымен Ай­­дар­­лыдағы №139 қазақ орта мек­тебіне мектеп директоры болып та­ға­йындалдым. Ал 1977-1983 жылдары Сырдария аудандық партия ко­ми­­теті бюросының ұйғарымымен Сырдария аудандық Совет атқару ко­­митетінің орынбасары лауазымына бе­­кідім. 1983-1988 жылдары ара­лығында Сырдария аудандық партия комитетінің хатшысы және бюро мүшесі болдым. 1985-1988 жылдары Алматы қаласындағы жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы болып диплом алдым. Сосын 1989-1991 жылдары аралығында Сырдария ауданы мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1992-1993 жылдары аудандық ке­ңестің төр­ағасының орынбасары, 1994-1997 жылдары Сырдария ау­дандық оқу бөлімінің орынбасары қыз­метін ат­қардым. 1997 жылы тамыз айында Сыр­дария ауданының тарауы­­на байла­ныс­ты зейнеткерлікке шықтым, – дейді Жансары апайдың өзі.

Кейіпкеріміз 1974-1996 жылдар ара­­лығында аудандық партия комите­тінің бюро мүшесі, пленум мүшесі, ауылдық, аудандық кеңестің депутаты болып сайланған. Сондай-ақ 1987-1989 жылдары облыстық партия конференцияларына делегат болып, бір­­­неше рет республикалық қоғамдық ұйым­дардың съездеріне қатысқан. Әр жылдары облыстық кеңестің грамотасымен, облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, облыстық білім басқармасының Ал­ғыс хатымен, облыс әкімінің, облыстық оқу­ бөлімінің, Сырдария ауданы әкі­мі­нің құттықтауларымен марапат­тал­ған.

Қызмет пен отбасын ұштастырған абзал жан қаржы саласының майталманы, 42 жыл өмірін мемлекеттік қыз­меттің қаржы саласына арнаған Сайлау Нұрсейтовпен шаңырақ көтеріп, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсірген. Ұлдың үлкені Нұрлан Нұрсейтов Жа­ңақорған аудандық Мемлекеттік кі­рістер басқармасының басшысы болса, Рахымжан – ҚР Парламенті Сенатында бөлім басшысы. Ал Айгүл жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Олар бі­лікті мамандар, өздері де отбасының иелері. Бүгінде іргелі әулеттен та­раған немере-шөберелер де өмірден өз орындарын тауып, еліміздің дамуы жолында еңбек етуде. Жансары Адранова зейнетке шыққан соң да отбасы, ошақ қасында қалмай қоғамдық жұмыстар атқарып, тәрбие жұмысына белсене араласып келеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, ардақты ардагер жақында 80 жасқа толды. Ол кісі әлі күнге дейін жиындарда, ағайынның бас­қосуларында кейінгі жастар үшін тәрбиелік мәні бар ой-пікірлерін айтып, көпшілікті бірлікке, ынтымаққа бағыттап келеді. Бір сөзбен айтқанда, Жансары апамыз «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапатталуға нағыз лайықты тұлға. Мұны жас та, жасамыс та қолдайтыны анық.




Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі
02 шілде 2022 ж. 364 0