Сезімнің төресі – сыйластық

«Сезімнің төресі – сыйластық, біз Зоя екеуміз сыйластықты бірінші орынға қоямыз» деп əңгімесін бастаған ардагер балаларының анасына деген құрметі мен ілтипаты жөнінде мысалдар келтіріп, жарасымды жанұя ұғымының мəні тереңде екенін атап өтті.
– 12 қыркүйек – халықаралық отбасы күні. Дəл осы күні біздің үйімізде де отбасылық жиын-той болады. Біз ұрпақтарымызбен Зояның туған күнін атап өтеміз. Ол ауданның білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Ауданды басқарған əкімдердің ұстазы болды. Аудан басшылары жыл сайын наурыз мерекесінде Зояны құттықтап, игі тілектерін арнап, ақ батасын алады. Біз бұл құрметке ризамыз. Кейінгі буынға біздің абыройлы жолымызды берсін, – дейді ардагер.
Аудан халқына жергілікті басылымның уақытылы жетуіне зор еңбек сіңірген ардагер қызметтік жылдарындағы естеліктерін бір сəт еске алады. Мақаланы жарыққа шығару үшін əрбір əріпті қолмен терген баспахана қызметкерлерінің аянбай тер төккенін айтып, əріп терушілердің жылдамдық пен жауаптылықты сезіне білгенін жеткізді. – «Линотип» машиналарын алдырып, əріп теру жұмысын жеңілдетуді басты назарда ұстадық. Жұмыс барысында тəртіпті, тазалықты бірінші орынға қойдым. Баспаханада қағаз жеткілікті көлемде болуын алдын ала жоспарлайтынбыз. Əлі есімде көршілес аудандар мен қала орталығындағы баспаханалар бізден қағаз сұрап алатын. Осындай жауапты жұмысты еркін, сапалы əрі абыроймен атқаруыма үйдегі жақсы жағдай əсер етті. Ерте кетіп, кеш келетін біз секілді қызметтегі азаматты күтіп, баптап, барлық жағдайын жасаған əйелге барлық құрметті көрсету керек. Мен əрбір жетістігімді, өмірдегі белесімді балаларымның анасы Зояның маған деген құрметімен байланыстырамын, – дейді Сергей аға.
Иə, Сергей Əбдірахманұлы саналы ғұмырында аудандық спорт комитетінің төрағасы, коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы болды. Зейнетке шыққанға дейін 21 жыл бойы аудандық баспахана директоры қызметін атқарды. Білікті басшы ретінде ауданның қоғамдық-саяси өмірінде талай жұмыстың басы-қасында жүріп, ауданның дамуына өзіндік үлесін қосты. Сол еңбегі еленіп «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Қазір ардагерұстаз Зоя Алдановамен бірге екі ұл, үш қыздан тараған немере-шөберелерінің қызығына кенеліп, ағайын-туыстың үлкені болып отыр. Лайым, құрметті жандардың шаңырағында қуаныш-той болып, ардагер аға-апалардың дені сау болсын!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ