Абыройлы қызметке – лайықты құрмет
Мемлекеттік қызметші болу – зор жауапкершілік және абырой. Жауапкершілік пен абыройды ұштастырып, адал еңбек ету екінің бірінің қолынан келмейді. Бүгінгі күнге дейін Сырдария ауданына қарасты берекелі Бесарық ауылының әкімі қызметін атқарған Назира Жүсіпова – жауапты жұмыста абырой тұғырына, бедел биігіне көтерілген ардақты жан.
Саналы ғұмырын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған мемлекеттік қызмет саласының білікті маманын аудан әкімі Руслан Рүстемов зейнет демалысына шығуымен құттықтап, құрмет көрсетті. Салтанатты жиынды «Әкім болсаң әділ бол, Байланыс қыл елменен» деп жырлаған Сыр сүлейлерінің сүбелі сөзінен мысал келтірумен бастаған аудан басшысы мемлекеттік қызметтің, оның ішінде әкімдік лауазымда еңбек етудің мәні мен маңызы жоғары екенін атап өтті.
– Сізді бүгінгі зейнет демалысына шығуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік қызмет саласында сіз өзіңізді білікті басшысы, кәсіби маман ретінде көрсете білдіңіз. Тапсырмаларды адалдықпен атқарып, жас буынға үлгі болдыңыз. Өміріңіздің ең қымбат жылдарын аудан халқына қызмет етуге арнағаныңыз үшін алғыс айтамын. Жаныңызға демеу болып, қолдап, берік тірек болып келген жанұяңызға да аса ризашылығымды білдіргім келеді. Сізге ұзақ та бақытты өмір, сарқылмас денсаулық пен сәттілік тілеймін, – деген аудан басшысы Назира Боданқызының білім саласында жемісті еңбек еткенін, мемлекеттік қызметте де абыройлы жұмыс жасағанын жеткізді. Сонымен бірге «Қақ жарып қара қылды жүрсеңдағы, Жүреді біреу мақтап, біреу даттап» демекші, қоғам мүшелерінің бәрінің көңілін тауып, бәрінен жақсы сөз есту мүмкін емес екенін айтты.
Үлкен-кішімен тең сөйлесіп, ауыл бірлігін нығайтуға, елді мекеннің еңсесін тіктеуге еңбек сіңірген Назира Жүсіпова ауданның ең жоғары марапаты «Сырдария ауданының Құрмет Грамотасымен» марапатталды. Жиналысқа қатысушылар түгел қол соғып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде Асқар Тоқмағамбетов ауылының әкімі Ғабдолла Алданазаров мемлекеттік қызмет саласының ардагері қатарына қосылып жатқан әріптесі туралы жылы лебіздер айтып, тілектестігін білдірді.
Мұнан соң зейнет демалысына зор құрметпен шығып жатқан Н.Жүсіпова аудан әкіміне, әріптестеріне алғыс айтып, риясыз ризашылығын жеткізді.
Гүлсім ӘЛЖАНОВА