Балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады?
Тағы бір оқу жылы аяқталып, мектеп оқушылары жазғы демалысқа шықты. Өткен жылдары балалардың демалысын ұйымдастыруда елдегі пандемиялық жағдай кедергі болды. Жыл сайын мектеп жанынан ашылатын күндізгі тынығу лагері мен сырттағы тынығу орындарының жұмысы тоқтап, балалардың жазғы демалысы ұйымдастырылмады.
Биыл эпидемиологиялық ахуал тұрақталғаннан кейін білім мекемелері оқушыларды жаңа оқу жылынан бастап мектепте оқытып, жазғы демалысты ұйымдастыруды қолға алынды.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – білім саласы үшін маңызды мәселе. Тоғыз ай бойы мектепте оқып, жазғы демалысқа асыға жеткен балалардың жақсы демалуына жағдай жасау алдын ала әзірленеді, іс-шара жоспары бекітіледі. Әсіресе, денсаулықты нығайтуға, шығармашылық, танымдық қабілетті арттыруға басымдық беріледі.
Демалыспен 100 пайыз қамтамасыз етіледі
Жазғы маусымдағы демалысты ұйымдастыруда ең алдымен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына маңыз берілетіні заңдылық. Олар 100 пайыз тегін демалыспен қамтылады. Білім бөлімі берген мәлімет бойынша биылғы оқу жылында аудан мектептерінде 7811 бала білім алған. Оның 1660-ы жоғарыда аталған санаттағы балалар. Жазғы демалысты ұйымдастыру міндетті оқу қоры, демеушілер мен кәсіподақ және ата-аналар есебінен жүргізіледі. Бұл жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков айтып берді.
– Жазғы демалыс – оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге берілетін мүмкіндік. Мектептегі сабақта бала білім алып, ой-өрісін кеңейтсе, демалыс кезін де қабілетін дамытып, ерекше қызықты, есте қаларлықтай етіп өткізуі керек. Ол үшін ұстаздар қауымы мен ата-аналар балалардың тынығу лагеріне баруына жағдай жасаса деген тілегіміз бар.
Биылғы жылы ауданның барлық мектептерінде жазғы мектеп жұмыс істейтін болады. Оқу жылының соңғы күнінің ертесінен бастап балалар мектепке келуіне болады. Бұл жолы оқушылар оқулықтарын арқаламай, еркін, өзіне ыңғайлы киіммен келуіне мүмкіндік беріледі. Мұғалімдер 17 маусымға дейін күн сайын негізгі пәндер бойынша жұмыс жасаса, негізгі бөлігінде танымдық, саяхат, демалыс ұйымдастыру жағына көңіл бөледі. Балаларды жалықтырмай, әрі білімдерін толықтырса, екіншіден, ой-өрісін дамытатын болады.
«Жалын» есігін айқара ашады
Биылғы жылы кент сыртындағы «Жалын» сауықтыру лагері өз тынығушыларын қабылдайтын болады. Сауықтыру лагері 1988 жылы пайдалануға берілген. Типтік жобада салынған. Бір ауысымда 130 баланы қамтуға мүмкіндігі бар. Лагерь аумағында 12 ғимарат орналасқан. Лагерьде 9 жатын орынға арналған тұрғын үй, 1 дәрігерлік бекет, 1 әдістемелік орталық және 130 орынға арналған асхана бар. Сонымен қатар ашық спорт алаңы, сыртқы душ, көлеңкелі шатырлар, мәдени іс-шара өтетін орын мен суға шомылатын жағажай бар. Лагерь 1 маусымнан бастап балалар қабылдайды. Жалпы 6 ауысымда 700 баланы демалдыру жоспарланған. Оның ішінде 581 бала міндетті оқу қоры, 119 бала кәсіподақ ұйымы есебінен демалады. Бір ауысым 10 күнге созылады. Жалпы жолдама құны 25 мың теңге. Әр ауысымға атау беріліп, арнайы үйірмелер жұмыс істейтін болады. Оқушылар үйінің қолөнер, бейнелеу өнері, роботехника, волейбол, ағылшын тілі т.б. үйірмелерде тынығушылар шығармашылықпен айналысып, денсаулықтарын нығайтады. Сондай-ақ әрбір ауысымда мектептің педагог-психологтары «Психолог сағатын» өткізеді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан лагерьде балалар кітапханасы жұмыс жасаса, спорт және дене шынықтыру бөлімі, жастар ресурстық орталығы ұлттық ойындар, эстафеталық сайыстар мен танымдық кештер өткізуді жоспарлаған. «Жалында» балалардың таза ауада тынығып, демалуына барлық жағдай жасалған.
«Жалын» сауықтыру лагерінің директоры М.Момбаева:
– Биыл 1 маусымнан бастап лагерьге бала қабылдаймыз. Лагерьде тынығушыларды жақсы демалдыруға мүмкіндік бар. Ағымдағы жөндеуден өткізуге бюджеттен 3 миллион теңге бөлінді. Лагерь аумағында көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Дезинфекция, дератизация жұмыстары арнайы мекеме арқылы жасалды. Сараптама орталығымен өндірістік бақылау жүргізу үшін, яғни су, топырақ, тамақ, жарық т.б. сынамаларға келісім-шарт жасалды. Тиісінше санитариялық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі бойынша қорытынды алынды. Балалар қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында аудандық полиция бөлімінен бөлінген тәртіп сақшылары тәулік бойы кезекшілік жасайды. Жауапты бала дәрігері мен медбике де бөлінді. Стамотолог дәрігер профилактикалық жұмыс жүргізеді.
Балалар жылы тынығушылар тегін демалады
Балалар жылы балалардың облыс көлемінде және облыстан тыс лагерьде демалуына мүмкіндік берді. Мұндай тегін демалыс демеушілердің есебінен жүргізіледі.
– Биылғы маусымда облыстық білім басқармасына қарасты «Талдысу», «Қамбаш» тынығу лагерінде кәсіподақ есебінен 100 бала демалады. Демеушілердің айтулы жыл аясында аз қамтамасыз етілген отбасының 100 баласына Алматы облысы, Есік қаласында орналасқан «Тау Жанашар» лагеріне жолдама беріледі. Бүгінде нақты 80 баланың жолдамасының қаржысы шешілсе, қалған жолдамалар бойынша демеушілер табу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан басқа республикалық бюджет есебінен «Балдәурен – Қапшағай» лагеріне 16 бала, «Балдәурен – Шымкент» лагеріне 24 бала, «Балдәурен – Көкшетау» лагеріне 16 бала – барлығы 56 бала демалатын болады, – дейді білім бөлімінің басшысы.
Шын мәнінде балалардың жазғы демалысына әрбір ата-ана жауапты. Қала сыртындағы лагерьдің жолдамасын көптің қалтасы көтермеуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар балаларының мектеп жанындағы күндізгі лагерьге баруына жағдай жасаса, бала күн ұзағына қараусыз қалмайды. Ата-аналар алаңсыз жұмысын істеуге мүмкіндік алса, балалар белсенді тынығып, денсаулықтарын нығайтады.
1000 бала тарихи орындарға саяхатқа шығады
Балаларды тарихи-танымдық орындарға саяхатқа апару – жазғы демалыс жоспарына енген. Биыл аудан мектептері бойынша мың баланы осындай экскурсиямен қамту ұйымдастырылмақ. Оның бағдарламасына Түркістан, Қызылорда қаласына, Қорқыт ата кесенесіне, елді-мекен аумағындағы тарихи орындарға саяхат жасау енген. Жақында №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің ұйымдастыруымен жоғарғы сынып оқушылары Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне саяхатқа барды. Балалар көне Отырар қаласының тарихымен танысып, ескерткіш туралы көп мәлімет алды. Жанданған, жаңарған Түркістан шаһарын аралап, рухани демалды.
Жалпы айтқанда биылғы жылы жаз маусымында демалыс орындарымен 6 мың, экскурсиямен 1 мың бала демалыспен қамтылады. Бұл тиісінше демалуға тиісті балалардың 90 пайызын құрайды. Ал әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балалары 100 пайыз демалады.
Түйін
«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз» деп ән салдырған көңілді жаз мезгілінде бала демалысы осылайша жоғары деңгейде ұйымдастырылатын болады. Демалыс орындарында балалардың қауіпсіздігін сақтау білім бөлімінің бақылауына алынады. Сондықтан тілсіз жаудың құрбаны болмау үшін ата-аналар тарапынан қатаң бақылау қажет. Табиғат аясына демалысқа барғанда от, су қауіпсіздігі ережесін сақтап, арнайы жағажайда суға түскен жөн. «Сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы ұстанып, қараусыз бала болмауы тиіс.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ