ЛАГЕРЬ ЖАЗЫ КӨҢІЛДІ
Жаз айлары басталысымен-ақ барлық білім беру мекемелері жанынан жазғы тынығу лагері ашылады. Бұл оқушылардың демалыс уақытын тиімді әрі қызықты өткізудің бірден-бір жолы. Жыл сайын бұл лагерьлер ерекше сән-салтанатпен ашылу концертін ұйымдастырады. Солардың бірі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп – лицейінің жанынан құрылған «Айгөлек» жазғы күндізгі тынығу лагерінде болып өтті. «Лагерь жазы көңілді» атты салтанатына лагерь тынығушылары, ұстаздар мен ата – аналар қатысты. Салтанатты шараның бірінші бөлімінде тынығушылар лагерь тәлімгерімен ант қабылдау рәсімін өткізді. Екінші бөлім концерттік бағдарламамен жалғасып, мектеп директоры Бағдашкүл Сағындық сөз сөйлеп, оқушыларға жылы лебізін білдірді. Қазақ және орыс топтарынан құрылған тынығушылар өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Концерт барысында лагерь басшысы Гүлмира Байдушева құттықтау лебізін жеткізіп, 3 ауысымға созылатын бұл лагерь барлығы 345 оқушыны қабылдау, сонымен қатар Қызылорда қаласына саяхат ұйымдастыру жоспарлағанын атап өтті. Аталмыш лагерь балалардың уақытын қызықты өткізу үшін «Ертегі күні», «Өнер күні», «Спорт күні» т.б шаралар өткізеді.
Аудан орталығында орналасқан №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп базасында “Ұлан” күндізгі тынығу лагерінің ашылу салтанатты өтті. Балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған мекеме жанындағы бұл лагерьге жүзге тарта оқушы жиналған. Таңертең таңғы жаттығумен басталып, кейін таңғы астарын ішетін балғындарға барлық жағдай қарастырылған. Үш мезгіл ас мәзірімен қамтамасыз етіліп, түрлі білім және спорттық шаралар мен қызықты ойындар ойнатылады. Балалардың ой-санасын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған тынығу лагерінің ашылу салтанатында лагерь басшысы Сәуле Таюпова балаларға қызықты да есте қаларлықтай жазғы демалыс тіледі.
Кейін “Достық” және “Алау” тобының топ басшылары рапорт берді. Шара соңы мерекелік кешке ұласып, балаларға тегін базмұздақтар таратылды. Айта кету керек, ұйымдастырушылар демеушілік жасаған аудан азаматтарына және аудандық білім бөлімі білім қызметкерлері кәсіподағы төрағасы А.Есназарға алғыс білдірді. Естеріңізге сала кетейік, лагерь жұмысы 25 маусымға дейін жалғасады.
Айгерім ҚАНЖАРБАЕВА,
ҚМУ-дың II курс студенті