«Жалын» есігін айқара ашуға дайын
Әлемді жайлаған коронавирус індетінің өршуіне байланысты мектеп оқушылары биылғы оқу жылын онлайн режимде аяқтады. Ұстаздан тәлім алған әрбір оқушының білімін жетілдіру мақсатында цифрлы технология негізінде түрлі әдіс қолданылды. Соңғы үш айда қашықтан білім алған мектеп оқушылары жазғы демалысқа шығып, тынығу маусымына дайындықты бастап кетті. Елімізде карантин режиміне сәйкес жазғы тынығу лагерінің жұмысын жандандыру қолға алынды. Тынығу маусымын тиімді өткізу үшін білім саласы қызметкерлері жаңа талаптарды жүзеге асыруда. Өз кезегінде аудандық «Жалын» тынығу лагерінің алғашқы демалушыларын 15 маусымда қабылдау жоспарланған.
1988 жылы жаңа типтік жоба негізінде салынған «Жалын» тынығу лагерінде бір ауысымда 130 бала демалады. Биылғы тынығу маусымы қарсаңында тынығу орны толық санитарлық талапқа сәйкес, залалсыздандыру жұмыстарынан өткен. Биылғы жылы тиісті құзырлы орган шығарған сараптама нәтижесінде балалардың тынығу маусымын 7 ауысым бойы ұйымдастырылатын болады. Қазіргі таңда «Жалын» тынығу лагерінде материалдық базаны кеңейту мақсатында тиісті шаралар атқарылуда. Жалпы алғанда лагерь базасында 12 ғимарат бар. Бір мезеттте 130 балаға қызмет ететін асханада 5 мезгіл тынығушылар тамақтанады. Сонымен бірге 8 үй, дәрігерлік пункт пен 1 қызметтік ғимаратқа ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бір ауысымда 10 күн бойы тынығатын балалар үшін суға түсуге арналған жағажай, спорттық алаң, арнайы безендірілген сахна талапқа сай жұмыс жасайды.
– Індеттің ел көлемінде таралуы барлығымызды алаңдатып отыр. Осы күні залалсыздандыру шараларын қатаң сақтау басты бақылауда болады. Алдағы уақытта әр ауысымда балалардың санын шектеу талқылануда. Олардың денсаулығы ең бірінші орында болуы тиіс. Жылдағы дәстүр бойынша балалардың демалысын қызықты ұйымдастыру үшін сала қызметкерлері жүйелі жұмыс жүргізетін болады, – дейді лагерь директоры М.Момбаева.
Мектеп оқушыларының жазғы демалысы мен сауықтырылуы барысында жоспарға сәйкес түрлі іс-шара ұйымдастырылатын болады. Жыл сайын лагерьдің 7 қызметкерінен бөлек, аудан мектептерінен бөлінген 8 тәрбиеші, «Ұлағат ұландары» педагогикалық жастар ұйымынан 3 тәлімгер сауықтыру шараларын өткізеді. Лагерьде аудандық полиция бөлімінен бөлінген инспектор қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Ал балалар денсаулығын жақсарту мақсатында медицина мамандары тәулік бойы жұмыс жасайды. Бүгінде санитарлық талап негізінде спорттық құрал-жабдықтар толығымен жаңартылған. Айта кету керек, биылғы маусымда 910 баланы сауықтыру жүзеге асса, 775 бала міндетті оқу қорынан демалдыру жоспарлануда.
Б.ОРДАБЕКОВ