Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала оқытуды бақыт санайды

Бала оқытуды бақыт санайды

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – деген Ы.Алтынсарин дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық екенін айтып кеткен. асылында, мұғалім барлық мамандық иесіне жол бастаушы ұлағатты жан. Барлық адам ұстаздың тәлім-тәрбиесі арқылы үлкен өмірге қанат қағады. Ұстаз берген сәулелі білім өскелең ұрпаққа жол сілтер шамшырақ екені белгілі. Осындай мерейлі мамандықтың иесі атанған Жұлдызай Накипова Айдарлы ауылының тумасы. Ол өзі туған ауылындағы №139 орта мектепте ұстаздық қызмет атқарады.

Жұлдызай Есболатқызы ауылдағы қарапайым отбасының қызы. Әкесі Есболат Накипов ауылдағы мал шаруашылығы мекемесінде көп жыл көлік жүргізушісі қызметін атқарған зейнеткер. Ал, анасы Ұлтай Бектаева мектепте отыз сегіз жыл ұстаздық еткен алтын құрсақты ана. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған ұлағатты ұстаз. Көп балалы отбасынан шыққан кейіпкерім сегіз баланың екіншісі. Ол бала күнінен зерек, еңбекке жақын белсенді қыз болып өседі. Ауылдағы білім ошағынан білім алған Жұлдызай Есболатқызы кейіннен Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы гуманитарлық жоғары колледжіне «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығына оқуға түседі. Еңбек жолын өзі оқыған орта мектепте бастауыш сыныптарға сабақ беруден бас­тайды. 2000 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Еңбек пәні мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2005 жылы тәмамдайды.

– Отбасында жеті қыз, бір ұл тәрбиелеп, әр балаға білімнің кілтін ұстатып, кеудесіне білім шырағын жаққан анамның ұстаздық жолы маған үлгі болды. Сол кісіге қарап бой түзеп, ұстаз болуды жастайымнан армандадым. Сондықтан таңдауым мұғалімдік мамандыққа түсті, – дейді білікті маман.

Жиырма жыл атқарған қызметінің арқасында қазір көптеген жетістікке жете білген кәсіби маман мұғалімдерге жаңартыл­ған бағдарлама бойынша сабақ беруді қолға алған. Ол ұстаздарға бағыт-бағдар берумен қатар, мектеп жанынан ашылған «Толағай» шағын орталығында әдіскер болып қызмет атқарады. Осы белсенділігі мен қажырлығы толағай табыстарға жеткізді.

Соның ішінде, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың «Төртінші кәсіптік ре­волю­ция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру аясында өткізілген «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы ұйымдастырған бейне сабақтардың «Педагогикалық идея­­лар панорамасы» тақырыбындағы респуб­ликалық байқаудың облыстық кезеңінде бірнеше мәрте жүлделі орын иеленді. «Kilem fest» көрме фестиваліне ұсынған туындылары жақсы бағаланып, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталған. «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқытудың құзырлылық тәсілдерін тиімді пайдалану жолдары мен мүмкіндіктері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияға қатысқан. «Мұғалімнің кәсіби дамуы: тео­рия және тәжірибе» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияның сертификатын иеленген.

«Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістері» тақырыбындағы көшпелі семинар отырысында ізденімпаз ұстазға сертификат табысталған. «Үлгілі қысқа мерзімді жоспарлау» тақырыбында өткізілген байқауда жүлделі І орын, республикалық шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңы аясында «Брейн-ринг» танымдық ойынында ІІІ орынды жеңіп алған. Сондай-ақ «Жыл таңдауы – 2020» ауыл әкімінің марапатына қол жеткізген. «Білім нұры» журналы мен «Жұлдыз» білім мен шығармашылықты дамыту орталығының ұйымдастыруымен төтенше жағдай кезінде қашықтықтан оқыту бойынша өткен республикалық онлайн байқауға қатысып, үздік сабақ көрсеткені үшін І дәрежелі дипломмен марапатталған. Бұдан бөлек Жұлдызай Есболатқызының өзге де марапаттары көп. Ол қазіргі таңда баланың бойына білім нәрін сусындатып қана қоймай, оларды еңбекке баулуда жүйелі жұмыстар атқаруда. Елеулі еңбегінің нәтижесінде Қазақстан педагогтар қауымдастығы төралқасының шешімімен ұрпақ тәрбиесі мен еліміздің білім беру ісіне қосқан үлесі үшін «Қазақстанның үздік ұстазы» орденімен марапатталған.

Бүгінде жолдасы Мейрамбек екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған аяулы ананың балалары да өнерден кенде емес. Оқуда озат, мектепте үлгілі оқушы атанған балалар «сабырлық пен адамгершілік қасиеттерді әкеміз бойымызға сіңірсе, анамыз сыпайылық пен ізеттілікті әрдайым құлағымызға құйып отырады», – дейді. «Еңбектің наны тәтті» демекші анамыз еңбек пәнінің мұғалімі болғаннан кейін, қолөнер бұйымдарын жасауды, кесте тігіп, тоқыма тоқуды бала күнімізден үйретті. Ас үй шаруасына да бау­­лыды. Үнемі үйренгендерің өздеріңе жақсы ертеңгі күні алдарыңнан шыққанда қиналып қалмайсыңдар деп өз ақылын айтып отырады, – дейді қызы Шакия.

Үйдің үлкені Шакия бүгінде студент типография мамандығының қыр-сырын игеруде. Ал, екінші қызы Ақжүніс көптеген қолөнер сайыстарына қатысып, республика көлемінде бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Ал, үшінші қызы Айзере поэзияға жаны құмар. Облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында бірнеше мәрте Гран при иегері атанған. Кенже ұл Мұхамедәли сурет салып, домбыраның құлағында ойнайды.

«Ұстаздан шәкірт озар» демекші ұлағатты ұстаздың шәкірттері бүгінде аудандық, облыстық, республикалық бай­қауларда топ жарып, олардың жасаған бұйымдары мен қолөнер туындылары жоғары бағаға ие болды.

– Мектебімізде кәсіби біліктілігі жоғары мамандар шәкірт тәрбиелеуде өзіндік зор үлестерін қосуда. Оның ішінде Жұлдызай Есболатқызы да бар. Білікті маман өзінің кәсібилігінің арқасында зор жетістіктерге жетіп жүр. Үнемі жаңашыл тың бастамалары арқылы шәкірт жүрегіне жол табуда. Оның тәрбиелеген шәкірттері республикалық деңгейде жетістіктерге жетіп жүр. Алдағы уақытта саналы ұрпақ тәрбиелеуде Жұлдызай Накипова өзінен кейінгі жастарға үлгі болатынына сенеміз, – дейді орта мектеп директоры Гүлбану Смайлова.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұс­таздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Егеменді елімізде өркениетке бастар жолдың негізі мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім екені мәлім. Сондықтан ұлағатты ұстаз Жұлдызай Есболатқызының алдағы уақытта қызметіне шығармашылық табыс тілейміз.

Айдана ҚАЛИЕВА 
11 тамыз 2020 ж. 785 0