Бір ауылдың қысқаша тарихы
Қазақ елі Жоңғар шапқыншылығы, онымен қоса қабат Қоқан, Хиуа хандықтарынан көрген озбырлығынан Ресейдің қол астына кіруге мәжбүр болды. Орыс Патша шенеуніктерінің өлкені отарлаудағы, халықты бір-бірімен алауыз қылу арқылы ел байлығын тонаудағы жымысқы саясаты қазақ халқын одан әрі есеңгіретіп тастады.
Қазақ даласы, оның ішінде, осы өлкедегі тұрғындар сол дауылды жылдар дабылына елеңдей құлақ түрген еді. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегендей, тарихи құжаттарда Перовск (Ақмешіт) уезі маңындағы елдің халқы 1917 жылы қатты күйзеліске түскенін аңғарамыз. 1918-1919 жылдары Перовск уездерін басқарған Иосиф Гержод болатын. Оның қандықол қанішерлігі жергілікті халықты есінде сақталды. Осы зобалаңда ол 1919 жылы ақпанның 17 күні Қараөзек болыстығынан Мүсілім Нұрпейісовтен 4 түйе, 1 адам, Жүргенбай Нұржановтан 4 түйе, 1 адамды зорлықпен тартып алып, Перовск уезіне айдап кеткен. Сол 1919 жылы мамыр айының 5 күні «Перовск партизандық отряды үшін» деп осы болыстықтың №8 ауылындағы Жантүгел Көбекбаевтан 1 ат, №9 ауылындағы Нұрпейіс Қашқынбаевтан 1 ат, Жүргенбай Нұржановтан 1 атты тартып әкеткен.
1920 жылдан бастап Қазақстанда жаппай жүргізілген астыққа мемлекеттік монополия мен салғырттық елді тығырыққа тірей бастады. Елде 1920 жылдары ұсақ артельдер құрылды. Алғашқы кезде майда серіктестіктер құрылып, 3-4 ауылдан яғни 10-15 үйден құралған ұжымдар болды. Осылайша, осы серіктестіктер әртель болып, кейіннен өмірге келетін ұжымшарлар мен кеңшарлардың іргетасы қаланған еді. Сол жылдары бүгінгі аудан орталығы Тереңөзек кентінде небәрі 20 үй болған. Мектеп, теміржол қызметкерлерін қосқанда небәрі 70-80 үй бар екен.
Сол кезеңдерде ТОЗ-ға бірігеміз деп белсенділер халықтың бар малын талан-тараж еткен. Артынша, азық-түлік салығы деп (сол кездің тілімен «Науқан») әрбір үйге бірнеше мәрте тінту жүргізіп, ең соңғы дәнін, қауын-қарбызының тұқымына дейін сыпырып алды. Халық 1931 жылдан бастап аштыққа ұшырай бастаса, 1932 жылдары аштықтан ісіп-кеуіп жаппай қырыла бастады.
Ашаршылық қалай басталды? Біздер көбінесе ашаршылық әңгімесін айтқанда оны 1931-33 жылдармен, 20-жылдардың аяғында жүргізілген кәмпескелеу, зорлап отырықшылдандыру, ұжымдастырумен байланыстырамыз. Шын мәнінде, ашаршылық қазақ даласына большевиктердің үкімет басына келуімен басталады. Билік басына келген, әртүрлі саяси қашқындар мен соғыстан қашқан солдаттар тыныш жатқан қазақ даласына ойран салды, қазақты атты, асты тонады. Кеңес үкіметінің шынайы бейнесіне 1917-1919 жылдары Перовск уезін басқарған уездің совдептің төрағасы Иосиф Гержодтың басқаруы мен жасалған қанды қырғыны айқын дәлел бола алады. Ілияс Жансүгіровтың «Жұт» поэмасындағы мына бір шумақтар ашаршылықты анық көрсетіп тұрғандай:
Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,
Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.
Өз баласын үйітіп, сирағын жеп,
Көр азабын тірідей көріп жатыр – дегені ашаршылықтың бүкіл қасіретін көрсетіп тұр емес пе!?
А.Тоқмағамбетов ауылдың қадірменді ақсақалы, елге белгілі ақын Оразбек Бесбаев «Әлі есімде, аталас туыстарымыз, көршілерім Ыбырай Тұрымовтың жанұясындағы 11 жаннан 9 жас бала түгел опат болса, Есімов отбасынан 10 жан түгел қырылды. Үсейін Досымовтың үйіндегі 9 жанның біреуі, Тұрғанбайдың 8 жанынан біреуі қалып, Қаражігіт ұстаның үйіндегі 8 жанның барлығы опат болғаны әлі бүгінгі күнге дейін есімнен кетпейді» дейді.
Бұлардың біздің үйдің екі жағында көрші тұратындар, ал қонысы бөлектердің жөні тіпті басқаша еді. Олар небәрі екі айдың ішінде қырылып, өз үйлерінде жатқан-жатқан жерлерінде көмусіз шейіт болғандар. Алғашқы ТОЗ-дар тозғындап, серіктестіктер сергелдеңге түскенде тірі қалған, есінен ауытқып, мәңгүрттенген халық отырған жері рулық қатынастарымен, аталық-туыстығына байланысты енді «Артельге» ұйымдаса бастады. Бұл 1934 жылдың басы еді.
І Қызылту әртелі «Ұлы жүз» Жалайырдан, ішінара-кірме ретінде отырған 10 үй қыпшақтар, 7-8 үй Ошақтылардан құралды. Олар Қараөзек дариясының Сырдан алатын сағасынан бастап, Сырдың жағасы №9 «Бидайкөл» разъезінің арғы жағы бергі жағын қоныстады. ІІ Майлықұм артелі «Ұлы жүз» Қаңлы руынан құралған. Орналасуы «Әйтек» көлі, Сыр жағасы, теміржолдың оңтүстігі №8 «Майлықұм» разъезі маңы. Бұл екі артель 1937 жылы ірілендірілген «Майлықұм» колхозы болып бекітілді.
Ал №8, №9 разъездің тұрғындарымен қоса ауылдық кеңес құрылып, «Қызылту ауылдық кеңесі» деп аталды. Майлықұм колхозы осы ауылдық кеңесіне дербес бағындырылды. Колхоздың жер көлемі өсіп, тұрақты көлемге иелік етті. Шекаралары – Қараөзек дариясының батыс жағы, Сырдария мен екі ортасы. Шығысында Қараөзек станциясы, батысы «Бидайкөл» колхозы. Халық «Жіңішке» өзенінің бойына 1935 жылға дейін қоныстанды.
Колхоз орталығында 7 жылдық мектеп болды және медпункт, шағын кітапхана, клубы бар аудандағы елеулі орны бар колхоз болып қалыптасты. Колхозды алғашқы болып Иманғали Маханбетов 1936-1945 жылдары басқарса, одан кейін Бермағанбет Алдабергенов, Дүйсенбай Әбдірахманов, Жанбөпе Оңалова, Бодық Ізтілеуов, Садық Ысқақов, Орынкүл Оңалова, Жақыпбек Мүсірепов, Нұрғали Өтеповтер қызмет еткен.
Колхоз шаруашылығы құрал-жабдықтарын жөндеу, қайта жасау барысында үлкен еңбек атқарған темір ұсталары атақты Құрманғали Маханбетұлы, Шайеке Байкенжиев болған. Бұл кісілер – қара халықтың тұрмыстық дүниелерін жасап көпшілік құрметіне бөленген жандар. Осы «Майлықұм» колхозынан шыққан өнер, қоғам қайраткерлері Тұрым би, Бисенбай би, Медетбай би, Қаңлы Жүсіп ақын, Ернияз Омаров – дәрігер, Тұрекеев Әскербек – дәрігер, Оразбек Бесбаев – ақын.
Илияс Магзум мешіті – колхоз халқына діни бағытта білім берген мешіт. Онділда өзенінің саға жағында мешіттің орны бар. Баймен Шайх және баласы Мағурпы Ишан қаңлы ауылында пірлік дәрежеде болса, әулиелік кереметімен халық құрметіне бөленген баласы Мүсілім қожа «Майлықұм», Тереңөзек кентінде 30 жыл молда болып, 1966 жылы дүниеден өткен.
«Қарой», «Бидайкөл» серіктестігінен «Бидайкөл» колхозы 1928 жылы ұйымдастырылды. Халқы негізінен Орта жүз «Найман» руының «Балталы» тайпасынан құрылды. Олар Шығыс жағы «Әйтек» каналына дейін, батысы Тереңөзек қыстағына дейін, солтүстігі «Шөгірлі» көлі, оңтүстігі Сырдария бойына дейінгі аумақты алып жатты. Колхоз орталығында бастауыш мектебі болды. Колхоз басшылары болып Сағы Дүйсебаев, Сағындық Құдайбергенов, Баймахан Жақапбаев, Жұмаш, Нұрабай Бисембаев, Тұрғанбай Жангентбаев, Оспан Ермаханов, Төлеген Қарғабековтер қызмет етті.
1929 жылы «Шағырлы» және «Бозарал» серіктестігінен «Қызылорақ» колхозы құрылды. Жер шекарасы шығысы «Бидайкөл» колхозы, батысы «Қызылтамыр» көлі, «Қызылдихан» колхозының жерімен шектеседі. Тереңөзек қыстағы солтүстігі «Онділдаға» дейін. Жер көлемі шағын колхоз. Жергілікті халқы негізінен «Ошақты» руы. Орталығында мектеп болған жоқ. Бұл колхозды алғашқы жылдардан бастап басқарған кісілер Балти Нысанбаева, Тұрғанбай Жангентбаев, Есет Қалыбеков, Шорабай Мәмбетов, Есенбай Байсалбаевтар. Дүрия Нұрпейісова 1940-1941 Тереңөзек аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы, 1943-45 колхоз төрайымы. Досмырза Бақтыбаев 1944-45 колхоз төрағасы, Уәлибек Әбдуов 1954-1962 колхоз төрағасы болған. Осы ауылдан шыққан өнер қоғам қайраткерлері Жақып Ажаров 1894-1937 репрессия құрбаны болған. Ізбас Ажаров – диктор, Хусейін Әмір-Темір – режиссер. Құрманағали Ажаров – журналист.
1939 жылы күз айында «ХVІІІ Партсъезд» атындағы колхоз атанды. Халқы Ұлы жүз «Қарақойлы», аздаған кіші жүз «Жаппастар» болды. Шаруашылықты Емберген Боранбаев, Иманбай Таубаев, Шаймахан Мұнарбаев, Қаратай Төлемісова, Тәңірберген Жаңабергенов, Омар Есімбаев, Сырға Ділдәбекова, Опабек Сақыбеков, Шәкір Туманов, Уалибек Әбдуов, Абдірахман Тоқсанбаев, Бердібек Жылқыбаев, Ермағанбет Қашқынов колхоз төрағасы болып басқарған. Осы колхоздан елге танымал азаматтар Шөңірек батыр, Шерімбет би, Асқар Тоқмағамбетов, Нұрмағанбет Мұратбаев, Бегайдар Жүсіпов, Бекжан Жәутіков, Шәкірбек Сәменов, Гүлжан Нұржауовалар шыққан.
Елде қалған бала-шаға, кемпір-шал, жесір әйелдер уақытпен санаспай күндіз-түні шаруашылықты шайқалту үшін аянбай еңбек ете білді. Бірақ сұрапыл соғыстың зардабы шаруашылықтарды мықтап титықтатты.
Колхозшылар еңбегіне ешнәрсе алған жоқ. Жер өңдеу о баста қолмен, кетпен-күрекпен қазылған арықтардың көміліп қалуына байланысты су ақпай қалды. Егіннен өнім жөнді алынбады. Алынған аз өнім майданға кетіп жатты. Колхозшылар сан түрлі салықтан көз ашпады. Бір сиыры бар жандарға салық есептеліп, ол табанда күшпен өндіріліп алынып отырды. Егер малы бір бастан өсіп кетсе, салық еселене түседі. 1 атқа 1500 сом, 1 арбаға 3000 сомға дейін табыс салығы тиісті болды. Соғыстан кейін елге оралғандары колхоздың түрін көріп шошынып, күнкөріс үшін қалаға өндіріске кетті. Жастар болса еңбек майданына зорлықпен жіберіліп, әрі қарай елге оралмай оларда өндіріс орындарына орта-жоғарғы оқу орындарына түсу үшін елден күдер үзіп отырды. Осылай елде ауыл шаруашылығы күйзелісті күйге ұшырады.
Осылай күйзеліске түскен елде ауылшаруашылығын жолға қоюдың шараларын қарастырудан болған шығар КПСС орталық комитетімен СССР министрлер советінің «Ұсақ колхоздарды ірілендіру» қаулысына сәйкес 1950 жылы 3 сентябрьде құрылтай жиналысы болып, 4 колхоз «Майлықұм», «Партияның 18 съезі», «Бидайкөл», «Қызылорақ» колхоздары біріктіріліп, Партияның ХVІІІ съезі атындағы колхоз болып аталды.
Бұрынғы «Бидайкөл», «Қызылорақ» колхоздары Тереңөзек қыстақтың кеңесі құрамынан шығарылып, Қызылту ауыл советінің құрамына берілді. Колхоз орталығы «Бидайкөл» колхозы – қазіргі «Қопақкөл» учаскесіне қоныстандырылды. Іріленген колхоздың төрағасы болып Болатбаев Пермахан, орынбасары Скаков Садық, фермасына Мәмбетов Шорабай, жылқы фермасына Әбдірахманов Дүйсенбай, қой фермасының меңгерушісі Қашқынов Ермағанбет, тексеру комиссиясының төрағасы Тұрмахаев Мұқан, бас бухгалтер Еспанов Әмір, орынбасары Бесбаев Оразбек болды. Бүгінде бұл кісілерден ешкім қалған жоқ. Ауылдық кеңестің төрғалығында кезең-кезеңмен Ибраев Жақсыбай, Тоқсанбаев Әбдірахман, Майлыбаев Бақтияр, Өтеков Нұрғали, Маңғытбаев Зайд секілді азаматтар еңбек етті.
Колхоз іріленген соң колхоз басшылары жиі-жиі ауысып отырды, оның салдарынан шаруашылық онан сайын күйзелді. Колхозды екі жылдай Сақыбеков Опабек, Тұманов Шәкір, онан кейін 8 жылдай Әбдуов Уалибек басқарды. Бәрібір шаруа оңалмады. Колхоз судан көп зардап шекті. Су жолдары көміліп қалуына байланысты, оны қайта қалпына келтіруге техника жоқ, жыл сайын он жылдан аса егінді дарияның арғы бетінен (Аламесектен) ағайыншылап егін егіп көрді. Одан алған мардымсыз өнім МТС-тың нотураплатын төлеуге де жетпей колхоз мемлекет алдында жылдан-жылға берешек болды. Тұқым қоры құйылмады. Колхозшылардың еңбек ақысына соңғы 20 жылда 1 грамм астық, не көк тиын берілмей, ел қатты күйзеліске түсті. Сол 1960 жылдан кейін елге өзгеріс ене бастады.
1962 жылы қыркүйек айының сегізінде Қазақстан Министрлер кеңесінің №665 қаулысы және Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің қаңтар айының онында шыққан №406-шы қарары бойынша «ХVІІІ партсъезд» колхозының орнына «Партияның ХVІІІ съезі атындағы кеңшар» болып қайта құрылды.\
Кеңшар 1963-1966 жылға дейін Сырдария ауданының құрамында болып, 1962 жылдары қамыс дайындау жұмысымен шұғылданды. Екі жыл кеңшарды Жакупов Сұңғат басқарды. Бас бухгалтері Досжанов Данияр болды.
1963 жылдың аяғында кеңшар күріш егетін кеңшарға айналдырылды, ауыл шаруашылық Министрлігінің қарамағына берілді. Шаруашылық кеңестік шаруашылық болып кешегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына дейін егін мен мал шаруашылық саласында өнім өндіріп келсе, бүгінде сол шаруашылығы заман ағымына ілесе жекелеген шаруашылық болып, тек күріш егісімен ғана айналысуда.
Жәнібек Маханбет,
өлкетанушы,
А.Тоқмағамбетов ауылы