Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «АҚМЕШІТ – ПЕРОВСК – ҚЫЗЫЛОРДА»

«АҚМЕШІТ – ПЕРОВСК – ҚЫЗЫЛОРДА»

Перовск

1852 жылғы маусым айының басында генерал В.Перовский полковник И.Бларамбергке «Арал» бекінісіне барып, сонда отряд жасақтауға және қоқандықтармен ешқандай келісімге келмей, «Ақмешіт» бекінісін талқандауға бұйрық берді. Осы жылдың 19 шілдесінде Бларамберг «Ақмешітке» жақынырақ келіп, оның шығыс жағына орналасты. Ал 20 шілдеде бекіністі алу үшін шешуші шабуыл басталды. Бекіністің сырты алынғанымен негізгі бөлігіне шамасы жетпей Бларамберг 12 тамызда «Арал» бекінісіне қайта оралды. Перовскийдің әскерлері 1853 жылдың мамыр айында Орск арқылы Орынбордан жолға шықты. Апталық демалыстан соң әскерлер «Ақмешітке» қарай бағыт алды.
Бұл жорық туралы Бларамбергтің жазбаларында «Бекініс үстінде түтін мен шаңның әсерінен бұлт пайда болды. Ішкі жақтан әйелдер мен балалардың дауыстары естіліп жатты. Түтін мен шаң тарай бастағанда мина жарылысынан саз балшықтан салынған қалың қабырға іргетасынан ажырап, құлап түсті» делінген.
Қоқандықтардың соңғы адамы қалғанша өжеттікпен күрескенін, тек қарттар, әйелдер мен балалардан басқалардың бәрі өлтірілгенін, бекіністі өртке орағанын жазған.  Ақмешіт үшін болған шайқаста қоқандықтардың 200-ден астам адамы қаза тауып, 217-сі қолға түсті. Қаланың басшысы Мұхаммед Уәли шайқас кезінде қаза тапты. Қоқандықтардың бір тобы дария сыртындағы құмға тығылып, «Жөлек» бекінісімен хабарласуға әрекеттенеді. Ол құмды жергілікті қазақтар «Қоқан қашқан» деп атап кеткен. «Ақмешіт» жорығын сәтті аяқтағаннан кейін, генерал Перовский 5 тамызда Орынборға оралды. Бекіністі алғаны үшін В.Перовскийге 1853 жылдың 31 тамызында жоғары рескрипт (Ресейде патшаның қол астындағыларға алғыс айтып, награда бергенін білдіріп жазған хаты) табыс етілді.
Тағы да Бларамберг жазбаларына зер салайық. «Граф Перовский тұтқындарға бостандық, Түркістанға оралу үшін мүмкіндік берді. «Ақмешіт» бекінісін алу  біздің Орталық Азиядағы ықпалымызды моральдық тұрғыда нығайту үшін өте маңызды рөл атқарды. Қабырғалар мен басқа да құрылыстарды қайта тұрғызып, 1000 адамнан тұратын гарнизон жасақтадық. Бекіністі қайта салып жатқанымызда қоқандықтар шабуыл жасады. Бірақ, «Құмсуат» деген жерде тас талқан боп жеңіліп, Ташкент пен Түркістанға қарай қашты. Қыста олар тағы да «Ақмешітті» қайтармаққа әрекеттенді. 12 мыңдық қолмен, 17 зеңбірекпен 1853 жылдың 14 желтоқсаны күні мұз құрсанған Яксарттың сол жағалауына орналасты. «Перовск» бекінісінің коменданты Огарев түн жамылып лагерьді басып алмақ болды. 18 желтоқсан күні таңғы сағат 4-те капитан Шкуп 450 адаммен 4 зеңбірекпен мұз үстінен өтіп қоқан артиллериясын талқандады. Содан кейін  Ақмешітті қайтару ойларынан айнып қалды».
Тамыздың 31 жұлдызында патша жарлық шығарып, қоқандықтардың «Ақмешіт» бекінісін «Перовский форты» деп атады. Генерал Перовский патша үкіметінің иелігіне көшкен аумақтарды бекіте түсу үшін 1854 жылдың көктемінде Сырдария өзенінің жағасында форттар сала бастады. Инженер Брюноның жобасы бойынша І «Қазалы» форты, «ІІ Қармақшы» форттары салынды және Перовский форты беки түсті. 1854 жылы 5 шілдеде Сырдария әскери шебі құрылды. Осы кезде «Перовский» форты шығыс пен оңтүстікке жылжып, отарлау саясатын жүргізудегі басты бекіністердің бірі болды.
Орыс әскерлерінің 1847 жылдан бастап қазақ далалары мен Орта Азияда бағындырған барлық жерлерінен 1867 жылы Сырдария және Жетісу облыстары құрамына енетін Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. Орталығы Ташкент қаласы болды. Түркістан генерал-губернаторлығына қараған Сырдария облысына 6 уездің жері енді. Олар – Қазалы, Перовск, Түркістан, Шымкент, Әулиеата және Ташкент уездері еді. 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылған кезде «Перовский» форты уезд орталығы болып, қала статусына ие болды. Перовск уезі екі бөлімше 23 болыс, 186 ауылдан қалыптасты.

М.МЕРЕЙ.
23 наурыз 2018 ж. 1 796 0