САУРАНБАЙДЫҢ КӨЗІ БОЛҒАН КЕБЕЖЕ
Қазақ руханиятының қайнар көзі ұлт мәдениетінің дамуында жатыр. Қашанда өткен мен бүгінді жалғап келе жатқан қазақ халқы құндылықтары маңыздылығын жоғалта қойған жоқ. Дәстүр сабақтастығы жалғасын тауып, асыл бұйымдарымыз өз мәнерін сақтады. Соның бір айғағы ертеде ата-бабамыз азық түлік сақтауға арналған үй жиһазы ретінде кебежені қолданған. Бұл бұйым ескінің сарқыты, көненің көзі ретінде бүгінгі жас ұрпаққа кеңінен насихатталады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының өзегіне тереңдей бойласақ бұрынғы салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді жаңа заманауи үлгіде жаңғырту көзделеді. Ендеше, ата-бабамыздың мол мұрасы ретінде сақтаған көне бұйымдардың қасиетін жоғалтпай, өскелең ұрпаққа жеткізу азаматтық парыз.
Бірде аудандық тарихи-өлкетану музейіне бас сұғып, құнды жәдігерлеріміздің ерекшеліктерін байқап, аудан тарихына қанығып қайткан едім. Осында талай жыл еңбек етіп, көгеріп, көктеген талай майталмандардың тұтынған бұйымдары мен жүріп өткен жолдары талай дүниені еске түсіретіні хақ. Сол кезде алдымен ескі мұралардың бірі саналатын кебежені аңғардым. Музей маманынан тарихын анықтап сұрағанымда сонау 1847 жылы Қараөзек бойында дүниеге келіп, Перовск уезіне қарасты Қараөзек болыстығын жиырма жылдан астам басқарған Сыр бойы алпауыттарының бірі Сауранбай Құлманұлының отбасы тұтынған жәдігер екендігін айтты. Бұл дүниені көре отырып Сауранбай болыстың қайраткерлігі көпшілікке мәлім екендігін аңғартады.
Сауранбай болыс Қараөзекте еңбек етіп, талай бастамаларды көтеріп, сол заманның адуынды бетке ұстарына айналады. Оның еңбегі еленіп, өзі басқарған аумақта Сауранбай көпірі әлі күнге халық игілігіне жарап тұр. Мұндай текті азаматтың әрбір істе жасаған қолтаңбасы болашаққа зор үлгі болары анық. Негізінен болыстың отбасы пайдаланған кебеженің өлшемі: ұзындығы – 70 см, ені – 41,5 см, биіктігі – 50 см құрайды. Бүгінде аталмыш кебеже құнды жәдігер ретінде Сауранбай болыстың, одан қалды Қараөзектің тарихын айшықтап тұр.
Б.АЯБЕКҰЛЫ
Пікір 1