Ұстаздар марапат төрінде
Аудандық мәдениет үйінде ұстаздардың кәсіби мерекесі аясында салтанатты жиын өткізілді. Оған аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар, мектеп директорлары, ұстаздар мен сала ардагерлері қатысты.
Ізгілікті іс-шараны ашқан аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков ұлағатты ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтады.
– Білім саласы қызметкерлері халық баласын оқытуда қажырлы еңбек етіп келеді. Әріптестеріміздің жоғары дәрежелі жетістіктерге қол жекізуі – ортақ абырой. Біз оларды білім мен ғылымның сан бағытын меңгерген ардақты жандар деп білеміз, санаға нәр құйған, шәкірттерді жан-жақты тәрбиелеп, адами болмысын қалыптастырған ұстаздар қауымына әрқашан құрмет көрсетіле бермек. Бұл ретте, Сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді бөлім басшысы.
Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Съездұлы мұғалімдерді ҚР Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы салалық комитетінің, облыстық білім басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет громатасымен» марапаттады.
Мерекелік кеште білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар әріптестерін төл мерекемен шын жүректен құттықтап, биылғы оқу жылында оқушылары «Алтын белгі» иегері атанған бастауыш сынып мұғалімдері мен ардагерлеріне Түркістан облысында орналасқан «Біркөлік» шипажайына жолдама табыстады. Сонымен бірге, облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасына» ұлағатты жандар ие болды. Ал №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары, ардагер-ұстаз Мирамкүл Әкімжанова «2021 жылы зейнетке шыққан басшы» номинациясының иегері атанды.
Кеш соңында мерейлі мамандық иелеріне арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ