Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өлшеусіз еңбек иесі

Өлшеусіз еңбек иесі

Қазақтың ақыны, педагог, ағартушысы Ахмет Байтұрсын­ұлы «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді педагог, методикалық шеберлігі мықты мұғалім, жақсы оқыта білетін мұғалім» деді.

Ардагер-ұстаз Бейсенкүл Бакирова өз пәнін жақсы білумен қатар, білгенін балаға үйрете білген ұстаздардың қатарынан. Ол өз мамандығын шын сүйетін мұғалім, нағыз ұстаз деген атқа лайық болу үшін өз уақытын аямай, ұзақ жыл білім саласында қызмет етті.

Саналы ғұмырын ұстаздыққа арна­ған Бейсенкүл Ахатайқызы қиын да күрделі мамандықты таңдап, мұғалім болды. Мұғалім болу үшін Қызылорда қаласындағы пегогикалық институты­ның жаратылыстану факультетінде хи­мия-биология пәнінің мұғалімі маман­дығына оқыды. Ұстаз еңбек жолында шәкірттерінің бойына осы пәнге деген қызығушылықты арттырумен қатар, пәнді жетік меңгертуге барын салды. Әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибесімен алмасты. Қо­ғам алдындағы жауапкершілікті терең сезі­нген ұстаз шәкірт алдына келгенде қарапайымдылықты жоғары қойды. Оқушымен тіл табысу, тәрбиемен қатар терең де сапалы білім беру мақсатына жетуге тырысты. Білікті ұстаздың өз­ге мұғалімдерден ерекше еткен қа­с­иеті сыныпқа кіргенде оқушыларды тү­ген­демейтіндігінде. Өткенді қайталау арқылы оқушыларды түгел қамтып, тақырыпты меңгергендерін нақтылап алып, қай оқушының қандай деңгейде ұғынғанын үш сұрақ қою арқылы бағалау педагогтың шеберлігі.

– Әкем Ахатай теміржолшы болды. Анам Шаһарбану үй шаруасында. Бес баланың үлкені ретінде бауырларыма үлгі болуға тырыстым. Ұстаздық мамандықты қалап, химия-биология пәнінің мұғалімі атанғанымда алдымда үлкен мақсат болды. Ол оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру, барынша пәнді үйрету. Оқушылардың жаңа сабақты меңгергеніне көзім жеткенде, төбем көкке жететін. Ештеңеге алаңдамай 45 минуттің ішінде 30 оқу­шымен бірдей жұмыс істеуге тырыс­тым. Мақтау сөздерін үнемі пайдаланып, тәртіпті алдыңғы кезекке қойдым. Оқушыға сенім білдіріп, қанаттандырып отырдым. Себебі, оқушының сеніміне ие болу – нағыз ұстазға тән қасиет. Осындай қасиетім мектепте директордың ісі жөніндегі орынбасары болған кезімде көп көмектесті, – дейді байырғы ұстаз Б.Ахатайқызы.

Ұзақ жылғы қызмет өз жемісін беріп, ұстаз есімі ұлықталды. Ардагер-ұстаз еңбек еткен жылдары мұғалімдердің ең жоғарғы марапаты ҚазССР, ССРО «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген атағын алып, тәжірибесі республика көлеміне таратылды. Педагогикалық оқуда «Химия сабағында оқушыларға саяси патриоттық тәрбие беру» тақы­рыбында қорғалған еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстан мектебі» журналына жарияланды.

1987 жылы аудандық білім бөліміне әдіскер болып келді. Әдіскер ретінде химия-биология пәндерінен аудан мұға­лім­дерінің озық тәжірибесін тарату, тәжірибе алмасу мақсатында №35 орта мектеп мұғалімі С.Шамшадинова­ның об­лыстық, №130 орта мектеп мұғалі­мі Б.Аяпованың аудандық атаулы мек­тептерін ашты. №129 орта мектеп базасында Б.Базарбаеваның «Жаратылыстану негіздері» атты интеграциялық курс­ын ұйымдастыруына жетекшілік етті. Үздік ұстаздар жылына екі мәрте облыстан, ауданнан шақырылған әріп­тестерімен тәжірибе алмасып, са­бақ­тары үлгі ре­­тін­де көр­сетілді. Әріп­тестеріне бас­­­­шылық жа­саған Бейсенкүл Аха­тай­қызы ардагер-ұстаздар Б.Бисен­баева, Б.Алмағанбетова, Р.Бажиева, Ж.Бисен­баев, М.Мәмбетов, Ұ.Бәйім­бе­товалардың кезінде мықты ұстаз болуына себепкер болды, олардың есім­дерін бүгінде құрметпен атайды. Сонымен қатар, осы күні аудандағы білікті ұстаздар Г.Ешмұратова, Ү.Батишева, А.Ер­ғалиеваның әдістемелік шеберлігін арт­тыру жұмыстарына атсалысқанын мақтанышпен айтады.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, қа­зір­­­гі таңда ұстаздың шәкірттері об­лыс­­та абырой­лы қызмет етеді. Олар­дың арасында медицина саласын таң­дап, дәрігер атанған Е.Нұртазаев, Ж.Ер­ға­лиева, Г.Жүнісованың, ұстаздық маман­дықты таңдаған Л.Нұржанованың ұла­ғатты ұстаздарына айтар алғыстары шексіз.

Бүгінде 70 жасқа келіп қалған ақ жаулықты ана, отбасында сүйікті отанасы, аяулы әже. Бейсенкүл апайдың перзенттерінің барлығы ақ халатты абзал жандар. Үлкен қызы Гүлсім облыстық көпбейінді ауруханада кар­дио­логия бөлімінің меңгерушісі, Ғалым­жан санитарлық дәрігер, кенже қызы Салтанат та дәрігер атанды.

– Менің арманым дәрігер болу еді. Сол мақсатыма бүгінде балаларым жет­ті. Шүкір, әрқайсысы дәрігер деген атқа лайық болуы үшін барын салып, қызмет етуде. Білім саласындағы үлкен жетістігім – шәкірттерімнің жетістігі, ал өмірдегі шыққан шыңым балаларымның қуанышы. Қай кезде де оқушының алдына үлкен дайындықпен барып, сабақ­ты үйретуде жалықпадым. Қатал да болдым, бірақ бұл оқушының білсем, үйрен­сем деген талабына қанат бітірген қасиетім болса керек. Қандай марапат алсам да оны құрметпен қабылдадым, – дейді қырық жылға жуық ұстаздық еткен ардақты жан.

Ауданның оқу-білім жолында өшпес­тей із қалдырған ұстаз осы күні жас мұғалімдерге ақыл-кеңес беруден шар­ша­ған емес. Алдымен жинақылыққа, жауапкершілікке, қатаң талап қоя бі­луге, қойған талабының орындалуына бақылау жасауға үйрететін ұстаз бүгінде тың, қимылы ширақ.

– Бейсенкүл Ахатайқызы білім бө­лімі­нің әдіскері ретінде мұғалімдерге көптеген әдістемелік көмек берді. Күн­делікті сабағымызға қатысып, шың­­­­­­дады. Оқушыларға тақырыпты мең­гертудегі тәжірибесімен бөлісті. Же­тістіктерімізді мақтап отырды. Кем­­шіліктерді жетіл­діруге ақыл-кеңе­сін берді. Қазір отыз жылға жуық еңбек өтілімде жақ­сы мұғалім болып қалыптасуыма Бей­сенкүл апайдың үлесі зор десем артық айтқандық болмас. Себебі, ұстаздардың ұстазы атанған ардақты жанның еңбегі біздер үшін ұшан-теңіз. Мамандығын шын сүйген ұстаз ретінде апайды құрметтейміз. Әлде де болса үйренуден жалықпаймыз, апайды төл мерекемен құттықтаймын, зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін, – дейді №36 Ә.Тәжі­баев атындағы мектеп-лицей ди­рек­торының оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Ешмұратова.

Білімін үздіксіз жетілдіріп, жаңа­шыл­дыққа ұмтылып, талай шәкірттің жүрегіне жол тапқан ардақты ұстаз белсенді өмір салтын ұстанады. Ол қол қусырып отыруды жаны қаламайды. Бүгінде шағын кәсіпкерлікті ұршықша иіріп отыр.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
05 қазан 2021 ж. 673 0