ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ ҚАЙТСЕ АРТАДЫ?
Мамандықтың бәрі маңызды, тек жаңылмай өзіңе сүйіктісін таңдай біл. Дегенмен мұғалім мәртебесі жоғары екенін әсте естен шығармау керек. Себебі мұғалімнің алдынан өтпейтін адам кемде-кем. Сол үшін адамзат баласы оған бас иеді, құрметтейді
Мұғалім өзінің бар саналы ғұмырын білімді, инабатты, қоғамға пайдасын тигізетін шәкірт тәрбиелеуге арнайды. Шәкіртінің жетістігімен марқайып, мақтанады. Оның еңбегінің жетістігі, өз ісінің нәтижесі деп біледі. Мұғалім – сондықтан да қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Алайда, қазіргі қоғамда мұғалімді түсініп, дұрыс бағалау азайып барады. Тіпті, мұғалімге көңіл бөлінбей келеді десек артық айтқандық болмас. Бұл кемшілікті Елбасы өз Жолдауында айтқан мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдау қажет деген жолдарымен жоюға болады.
Бұл Заңды қабылдау өте қажет және уақытты күттірмейтін мәселе дер едім. Себебі, атаатаналар бар жауапкершілікті мектепке, мұғалімге ысыра салғандығын көріп жүрміз. Жұмысбастылықты алға тартып, баласының оқуын, үлгірімін қадағалауды екінші орынға қойды. Олар баласының «киімі көк, тамағы тоқ» болса болды деген міндетті алып, тәрбие жағына аса мән бермей келеді. Жалпы ата-ата мен мектептің байланысы үзіліп қалу үстінде. Олай деп айтуыма мені мына себеп жетелейді. Қазір ата-ана мектепке қай кезде барады? Егер мұғалім балаға ұрысса, тіл тигізсе, бұзақылық істесе мұғалімді кінәлауға асығады. Ал, сол үлкендер баласының сабағын, үлгірімін, сабаққа деген ынтасын, тәртібін бақылауға еш уақытта уақытын бөлмейді, мектеп табалдырығын аттамайды. Осыдан барып, мұғалімнің мәртебесі қайдан өссін.
Мұғалім өзінің бос уақытын тиімді пайдаланудың, шығармашылықпен айналысудың орнына қағазбастылықпен, қоғамдық жұмыспен айналысады. Ал, оларды қайта жан-жақты қолдау, яғни моральдық, материалдық жағы және тұрғын үй мәселесін алдыңғы кезекте шешу, басылым бетінде еңбегін насихаттау, ынталандыру марапаттарына ұсыну міне, нағыз мұғалім мәртебесін арттыратын мәселелер. Сондай-ақ, зейнеткерлікке шығу жасына да өзгеріс енгізу қажет. Жалпы мұғалімді жан-жақты қолдау аталған Заң қабылданғаннан кейін жүзеге асады деген сенімдемін.
Гүлғайша УВАЖАНОВА,
ардагер-ұстаз
ардагер-ұстаз